ЖЫР ЖАМПОЗЫ
Қазақ халқының рухани болмысы мен тарихи жады жыраулық өнермен тығыз сабақтас. Жыраулар елдің өткені мен бүгінін жалғаған, халықтың мұңмұқтажын, арман-тілегін жыр арқылы жеткізген рухани көшбасшы бейнесімен танылды. Жыраулық өнер – орындаушылық шеберлікпен қатар терең ой, көркем сөз, философиялық пайым мен азаматтық ұстанымның тұтастығы. Бұл өнер арқылы ұлттың дүниетанымы, салт-санасы, елдік мұраты ұрпақ жадында сақталып келеді.
Жыраулық дәстүрдің аса ірі орталықтарының бірі – Сыр бойы. Сыр өңірі ежелден-ақ жыр мен терменің, толғау мен дастанның алтын ұясы саналады. Бұл аймақтан шыққан жыраулар ел бірлігі мен ерлік рухын, адамгершілік пен имандылықты жырлап, қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосты. Сыр бойы жыраулық мектебі өзіндік мақамымен, кең тынысты сазымен, ойлы да отты сөз өрнегімен ерекшеленеді. Қасиетті мектептің дәстүрі бүгінгі күнге дейін үзілмей, заманауи сипатта жаңғырып келеді.
Осындай бай рухани ортадан түлеп ұшқан, Сыр бойы жыраулық мектебінің көрнекті өкілі – Алмас Алматов. Ол 1956 жылы Қармақшы ауданы, Қорқыт станциясында дүниеге келген. Бұл өңір – қазақтың жыраулық дәстүрінің алтын бесігі, Ұлы дала жыршыларының киелі туып-өскен мекені. Қармақшы – Сыр бойының кең тарихы мен құнарлы мәдениеті, жыраулар мектебінің қалыптасуына ықпал еткен жер. Ол жерде ұлы тұлға Қорқыт атаның аруағы, киесі, жыртермелер мен эпостық әңгімелердің рухани ортасы сақталған. Осы орта Алматовтың өнеріне тұнық рухани негіз, тарихи таным мен ұлттық сана дәнін сіңірген орта болды.
ар: орындаушылар әуенге кең тыныс, сөзге терең астар сыйлайды, тарих пен халық тағдырын тереңінен түсінеді. Бұл аймақтың табиғаты, Сырдария мен құмды даласы жырау шығармашылығында бейнеленетін кең тыныс пен философиялық ойдың қайнар көзі іспетті.
А.Алматовтың әуендік және рухани ортасы – ұлы Қорқыт пен оның ізбасарлары Рүстембек, Көшеней, Бидас секілді жыраулардың дәстүрі. Бұл дәстүрде терме, толғау, дастан секілді жанрлар кең орын алады. Ол өнерді тек орындаушы ғана емес, оның философиялық астарын ашатын ұстаз ретінде игерген.
Ерте жасынан халық ауыз әдебиеті шығармалары мен ел аузындағы тәлімді-тәрбиелі әңгімелерді құлағына құйып өскен жырау әнімен әлемді аралап, қазақ өнерінің кеңінен танылуына айрықша ықпал етті. Жырау-ұстаз айтты деген тарихи тағылымға толы әңгімелер ой әлеміне сүңгітіп, ерекше әсерге бөлейді, санаңның саңылауын ашып, өткен күндерге шолу жасатады. Қиынқыстау кезеңде халықтың басынан кешкен оқиғаларын майын тамызып тұрып жеткізетіні тағы бар. Тыңдаушыны елітіп, оқыған адамның құлағының құрышын қандыратын мұндай шығармалары мазмұнымен де, тіл байлығымен, жеткізу шеберлігімен де ерекшеленеді.
Алмас Алматов – Сыр бойы жыраулық мектебінің заңды жалғастырушысы, дәстүрлі жыршылық өнерді кәсіби деңгейде дамытқан саңлақ жырау. Оның орындауындағы терме, толғаулар мен эпостық жырлар кең тынысты үнімен, мазмұн тереңдігімен, өзіндік мақам-сазымен ерекшеленеді. Жырау әрбір шығарманы орындау барысында жырдың ішкі философиялық мәнін ашып, тыңдаушыны ойға жетелейді.
«Талабы таудай болғанмен,
Ағаның сәні – інімен.
Бірлігі болсын туыстың,
Ұйыған майдай күбіден...», «Қыран құс алар аңын жанарымен іздейді, қанатымен көздейді» сынды нақыл сөздерді оның өз бойына шешендік өнерді де тоғыстыра білген тұлғасын айқындай түседі.
Өнер жолында Алмас Алматов халық ауыз әдебиетінің асыл мұраларын жинақтап, ұмыт бола бастаған жыр-дастандарды қайта жаңғыртуға ерекше еңбек сіңірді. Ол жыраулық өнерді тек сахна төрінде ғана емес, ғылыми-зерттеу, оқу-ағарту саласында да кеңінен насихаттап келеді. Ұстаз ретінде көптеген шәкірт тәрбиелеп, Сыр бойы жыраулық мектебінің сабақтастығын жалғастыру ісіне орасан еңбек сіңірді.
А.Нұрмаханұлының орындаушылық өнері – түрлі дәстүрлі жанрларды қамтиды, эпостық жырлар (дастандар) – тарихи тұлғалар мен оқиғаларды эпикалық формада баяндайды. Терме мен толғау – адамгершілік, махаббат, ой-толғау сияқты рухани мәні мол жырлар, заманауи поэзияны да жырлау – ол тек классиканы ғана емес, қазіргі заманғы ақындарды да орындап, дәстүр мен қазіргі заман байланысын көрсетеді.
Жыраудың шығармашылығында елдік пен ерлік, адамгершілік пен адалдық, имандылық пен парасат секілді ұлттық құндылықтар айқын көрініс табады. Оның толғауларынан қазақ халқының өмірге деген философиялық көзқарасы, тарихи санасы мен ұлттық болмысы терең сезіледі. Сондықтан жырау жырлары бүгінгі жас ұрпақ үшін рухани тәрбие көзі, ұлттық сананы жаңғыртатын маңызды құрал болып табылады.
Ол жыраулық өнерді Қазақстаннан тыс елдерде танытып, қазақ дәстүрін әлемдік сахнаға шығарды. Мәскеу, Париж, Италия, Швейцария, Моңғолия, Өзбекстан, тағы басқа елдерде өнер көрсетті және ұлттық музыкалық мәдениетті танытты.
Дарын иесінің шығармашылық өмірінде халықаралық жыр кештері мен фестивальдар өткізу, жыршы-термешілердің ұлт мәдениетін насихаттауы маңызды орын алады. Оның «Шыңғыснама» тарихи дастаны және «Жыр керуені» секілді шығармалары халықтық жыр дәстүрін жаңғыртқан ірі жобалар қатарында. Жыраудың 60 және 65 жылдық мерейтойлары қарсаңында ұйымдастырылған халықаралық шаралар мен кездесулер – оның шығармашылық жолының кең танылғандығының дәлелі. Ғалым, фольклортанушы Мардан Байділдаев жырау туралы: «Алмас Алматов – Асан қайғыдан бастап бүгінге дейінгі ұзақ дәуірлер арасын қосып отырған дәнекерші, топты жарған термеші, жыр теңізін сапырған жырау», – деген баға жетпес пікір айтқан еді.
Жырау Алмас Алматов – ата-бабадан жеткен жыр қазынасын бойына сіңіріп, дәстүр мен жаңашылдықты ұштастыра отырып, жыраулық өнерді жаңа деңгейге көтерген дара тұлға. Биыл – ұлттық өнердің дамуына сүбелі үлес қосқан жырау Алмас Алматовтың 70 жылдық мерейтойы. Мұны бір өнер иесінің ғана емес, тұтас жыраулық дәстүрдің мерекесі деуге толық негіз бар.
Ағамыздың 70 жылдық мерейтойы – оның өнер жолындағы қажырлы еңбегіне берілген халықтық баға. Ол жыраулық өнерді бүгінгі заманмен үндестіре отырып, ұлттық руханияттың биігінен көріне білді. Жырдың жүгін арқалаған жырау ел рухын асқақтатып, ұлттық өнердің шамшырағы болып қала бермек. Ұлт өнерінің абызына айналған Алмас Алматовқа ұзақ ғұмыр, шығармашылық шабыт, шәкірттерінің игілігін көру бақытын тілейміз!
Лаура БАҚТЫБАЙ
















