» » » ҰЛЫ ДӘСТҮРДІҢ АЛТЫН ТІНІ ҮЗІЛМЕЙДІ

ҰЛЫ ДӘСТҮРДІҢ АЛТЫН ТІНІ ҮЗІЛМЕЙДІ

Сыр өңірі – сонау ықылым заманнан бері өнер мен өркениеттің өзегі саналған, жыраулық пен жыршылықтың жалауын жықпаған қасиетті топырақ. Әсіресе, Қармақшы өңірі – киелі Қорқыт ата рухымен үндескен, жыр мен саздың талбесігіне айналған аймақ. Бұл өлкенің тұрғындары – негізінен Кете мен Шөмекей ұрпақтары. Халық аузында кең таралған: «Өнер Кетеге қонған, Шөмекейге түстенген» деген қанатты сөз осының айғағы болса керек.
Ата-бабаларымыздың асыл мұрасы – жыраулық өнер ғасырлар қойнауынан бүгінге жетіп отыр. Кеңестік жүйенің темір құрсауына қарамастан, бұл өнердің алтын тіні үзілмеді. Қайта сол заманның өзінде рухани тамырдан қол үзбеуге тырысқан арда азаматтар мен адал өнерпаздар болды. Солардың бірі емес, бірегейлері – ағайынды жыршылар Бекен мен Мақан Берлібекұлдары. Олардың орындауындағы мақамсаздар өзгеше иірімге, сырлы сарынынa толы. Сыр бойына тән құмығыңқы қоңыр үн мен көмейден төгілген көне сарын – жыраулық дәстүрдің шын мәніндегі шынайы көрінісі еді. Бұл – тек өнер ғана емес, ұлттың болмысын танытар асыл қазына.
Алайда, кеңестік идеология жыраулық өнердің өрістеуіне жол ашпады. Ұлттық өнерді тұмшалап, жыршылардың шығармашылығын тасада қалдырды. Сол себепті де ағайынды жыраулардың артында аса мол мұра қалмаған. Бұл – өкінерлік жайт. Сол кезеңде жырды жинап, хатқа түсіруге де көпшіліктің батылы бара бермегені рас.
Дегенмен, асыл тас су түбінде жатса да, жарқырауын қоймайды. Егемендік алғаннан кейін жыраулық өнер қайта түлеп, ұлттық сананың жаңғыруына жол ашты. Бұл – бүгінгі ұрпаққа берілген үлкен мүмкіндік әрі аманат.
Жыраулық – жай ғана өнер емес, ұлттың рухани коды, өмір салты, тәлімтәрбиесінің өзегі. Сыр елінен шыққан жыр жүйріктерінің жолы – тарихтың терең тамырымен өрілген тағылымды мектеп. Бекен мен Мақан жыраулардың еңбегі – сол рухани мектептің алтын арқауы. Олар көне жырдың бояуын бұзбай, саф алтындай мөлдір қалпында жеткізді. Бұл – ерлікпен пара-пар еңбектің үлгісі.
Бүгінгі күнде мәдениет пен руханияттың дамуы – мемлекеттің кемел келешегінің кепілі. Ұлттың өзегінен нәр алған жыраулық өнерді ұлықтау – тарих алдындағы, баба аманаты алдындағы үлкен жауапкершілік. Алдағы уақытта жыраулықтың алтын ғасыры басталатынына сенім мол. Себебі бұл өнер – тәрбиенің көзі, рухтың тірегі, елдік сананың қайнары.
Ағайынды Бекен мен Мақан Берлібекұлдарының рухы ұрпақ жадында жаңғырып, қазақтың алтын өнері – жыраулық дәстүр қайтадан биік тұғырынан орын алары хақ. Осы жолда жарық көріп жатқан әрбір кітап, мақала – сол қасиетті өнерге тағзымның белгісі. Ұлт руханияты жолындағы игі істің үнемі жалғасын табарына сенеміз.
Берік САЙМАҒАНБЕТОВ,
ҚР Мәдениет қайраткері, жыршы
17 сәуір 2025 ж. 244 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№28 (10396)

19 сәуір 2025 ж.

№27 (10395)

15 сәуір 2025 ж.

№26 (10394)

12 сәуір 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 617
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930