Топ-баннер
» » » БЕРІК ОТБАСЫ – МЕМЛЕКЕТТІҢ СЕНІМДІ СЕРІГІ

БЕРІК ОТБАСЫ – МЕМЛЕКЕТТІҢ СЕНІМДІ СЕРІГІ

Қазақ халқы үшін ең қастерлі саналатын байлық – отбасы құндылығы. Отбасында бірлік пен береке ұяласа, қоғамда тұрақтылық пен даму болатыны белгілі. Оның ішінде зайырлы мемлекетіміз ерлі-зайыптылар арасындағы некеге аса жауапкершілікпен қараған. Себебі отбасының өркендеуі – қоғамның өркендеуі. Осы тұрғыда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамы Қызылорда облысы бойынша филиалының аудандық АХАТ бөлімінің қызметі қандай, атқарып жатқан жұмыстары жөнінде бөлім басшысы Айгүл Сейтжановаға бірнеше сауал қойған болатынбыз.
– Айгүл Әділханқызы, жас та болса, өз ісін жетік білетін маманның біріненсіз. БАҚ өкілі ретінде одан хабарымыз бар. Дегенмен, оқырмандарымызға түсінікті болу үшін алдымен өзіңізді таныстырып, еңбек жолыңызға тоқтала өтсеңіз?
– Өзімнің және ұжымымның тарапынан сұхбат алаңына шақырғаныңызға ризалығымды білдіремін. Өзім де аудан айнасының тұрақты оқырманымын. Енді сауалыңызға жауап берсем. Мен 1992 жылы Жосалы кентінде дүниеге келгем. Қарапайым еңбекқор отбасында тәрбиеленіп өстім. Әкем Әділхан Мырзақұлов ұзақ жыл аудандық зейнетақы орталығын басқарған азамат, бүгінде зейнет демалысында, ал анам Мира Құшақова медицина саласында, аудандық ауруханада мейірбике болып еңбек етеді. Осындай орта мені жауапкершілікке, ыждағатты болуға, адал еңбекке және халыққа тік тұрып қызмет етуге баулыды. 1999 жылы Т.Көмекбаев атындағы №250 орта мектептің 1-сыныбына қабылданып, 2010 жылы бітіріп шықтым. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің түлегімін. «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алғам.
Еңбек жолымды «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығында бастап, осындағы 10 жыл ішінде маман, бөлім басшысының орынбасары болып жұмыс істедім. 2024 жылдың 15-сәуірінен бастап «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының аудандық Азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы қызметін атқарып келемін. Қазіргі таңда бөлімде 3 қызметкер – басшы, бас маман және жетекші маман тұрғындарға сапалы мемлекеттік қызмет көрсетудеміз. Бөлімнің кәсібилігі мен сапалы қызмет көрсетуіне облыс бойынша филиал директоры Аида Ибрагимқызының көрсеткен қолдауы мен басшылығының үлесі зор. Осы орайда басшымызға шынайы алғысымызды білдіргіміз келеді.
– Бөлімдеріңіз нақты қандай жұмыстармен айналысады?
– Функционалды міндетімізге келер болсақ, бөлімге бірқатар жұмыс жүктелген. Олар – азаматтық хал актілерін тіркеу, атап айтқанда заң талаптарына сәйкес, туу, неке қию, неке бұзу, қайтыс болу, әкелікті анықтау, бала асырап алу, аты-жөнін өзгерту және тағы басқасы. Өтініштер мен құжаттарды қабылдау, тексеру және заң талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету, бастапқы және қайталама куәліктер мен анықтамаларды рәсімдеу және беру, мемлекеттік деректер базасына мәлімет енгізу және олардың сақталуын қамтамасыз ету, азаматтарға заңнамалық түсіндіру жұмыстарын жүргізу жатады. Сонымен қатар мұрағаттық құжаттарды іздеу және ұсыну, көрсетілетін қызмет сапасын бақылау, салтанатты рәсімдерді ұйымдастыру да жұмысымыздың негізгі бөлігіне кіреді.
Азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі елдің әрбір азаматының өміріндегі маңызды сәттерді заңды түрде рәсімдейді. Бұл салада қызмет ету тек құжаттарды рәсімдеу ғана емес, халыққа адал қызмет етіп, әрбір шаңырақтың қуанышына куә болу, мемлекеттің іргесін нығайту жолында аянбай еңбек ету деп білемін.
– Аймақ басшысының қолдауымен ел игілігіне берілген «Руханият орталығына» – жаңа қонысқа орын тептіңіздер. Еңселі ғимарат, заманауи кең де жарық бөлмелер. Жаңа орында жаңаша жұмыстар жүріп жатқан болар...
– Аудандық АХАТ бөлімі 2025 жылдан бастап «Руханият орталығына» көшірілді. Халыққа қызмет көрсету сапасы жаңа деңгейге көтерілді десе болады. Осындай оң бастама үшін облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевқа және аудан әкімі Жандос Еркінбекұлына ерекше ықыласымызды жеткізгіміз келеді. Бұл халыққа жасалған жоғары құрмет және біздің қызметімізге берілген үлкен сенім деп түсінеміз. Дұрыс айтасыз, жаңа қоныстағы жұмыс та, көңілкүй де жаңаша.
Неке қию залында адам өміріндегі жаңа кезеңді бейнелейтін маңызды құжаттарды табыстау рәсімі өткізіледі. Рәсімнің басты мақсаты – ұрпақ сабақтастығын көрсетіп, ұлттық құндылықтарымызды насихаттау, әрбір жүректе патриоттық сезімді ояту.
Жаңа өмірге қадам басқан жас жұбайларға неке қию рәсімдері салтанатты түрде өткізіліп, «Неке қию туралы куәлік» табысталады. Сондайақ жаңа туған нәрестелердің ата-аналарына «Туу туралы куәлік» табыс етіледі. Себебі бала – отбасының берекесі, ұлттың болашағы. Ұлттық құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін – ұрпағымыз.
16 жас – бұл балалық шақтан азаматтыққа қадам басатын кез. Осы жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке куәлік тапсырылады. Бұл да бір бедерлі сәт. Зейнеткерлерге де зейнеткерлік куәлігі арнайы рәсіммен табысталады, өйткені зейнеткерлік жас еңбекпен өткен ғұмырдың бағаланатын жасы. Бұл – ұрпаққа үлгі болатын даналық кезең.
– Адам өмірінде қуанышпен бірге, «әттегенайдың» да жүретіні бар. Еліміздегі отбасы институтын әлсірететін бірден-бір фактор – ажырасу. Көбіне бір-бірін ұнатып қосылған ерлізайыптылардың өздері де екі жаққа кетісіп, құрған шаңырақтарының ойран болуы Отанымыз үшін де ауыр жағдай. Бұл жайында ауданымыздың деректері не дейді?
– Ажырасу – ұлтымыздың иммунитетін әлсірететін жағымсыз жағдай екені анық. Бұдан көбінесе балалар зардап шегіп жатады. Неке бұзылуының негізгі себептері – отбасында тұрақты келіспеушілік, қаржылық қиындықтар, мінез-құлықтың сәйкес келмеуі. Осындай келеңсіз құбылыстардың алдын алу мақсатында бөлім қызметкерлері насихаттық-түсіндірулер жүргізеді. Некені сақтауға бағытталған әңгімелесу, психологиялық қолдаулардың нәтижесі де жұмысымызға оң әсерін тигізуде. Неке қию рәсімдері барысында жас жұбайларға отбасының маңыздылығы, құндылығы түсіндіріліп, тәрбиелік тілектер айтылады.
Ауданымыздың статистикасына тоқталар болсам, 2025 жылы ауданда 94 неке тіркелсе, неке бұзу дерегі 7 пайыз болды. Ал 2024 жылы 134 неке қиылып, неке бұзу 11 пайызды құрады. Салыстырмалы түрде қарағанда, бір жыл ішінде неке саны да, ажырасу көрсеткішінің де азайғаны байқалады.
Отбасы – қоғамның негізгі тірегі. Берік отбасы көп болған сайын мемлекеттің де іргесі нық болмақ. Сол себепті де елге пайдамызды тигізіп, аудан тұрғындарының сенімінен шыға білсек, мемлекеттік қызметкер үшін ең жоғары марапат сол деп есептейміз.
– Отбасы құндылығы дегеніміз, бұл отбасы мүшелерінің бір-біріне деген сүйіспеншілігі, қамқорлығы мен сыйластығы ғой...
– Иә, өмірде түрлі жағдайлар болуы мүмкін. Қиындықтар, кедергілердің кездесуін заңды деп те қабылдап жатамыз. Өмір – түзу сызық немесе тақтайдай тегіс жол емес. Сондай сәттерде адамды қиындықтан алып шығатын тәрбиесі мен өмірден көрген-түйгені. Отбасын құру – жай нәрсе емес. Ол қасиетті істен саналады. Некеге тұрудан бұрын ерлі-зайыптылар бір-бірінің алдындағы міндет-парыздарын білуі керек. Неке құруға дайын болып келген екі жас жолдарындағы кедергілерге төтеп бере алады. Түсінушілікте, сыйластықта, бір толқында болған отбасы әрбір мүшесіне тірек бола алады. Жақсы тәрбиені, мейірімділікті, өмірлік маңызды әдептерді де бойларына сіңіреді. Отбасы – адамға жылулық, қауіпсіздік және өмірлік үлгі беретін ыстық ұя.
Менің де отбасым өмірдегі ең мықты қолдаушым әрі сүйенішім. Жолдасыммен бірге бір қыз бала мен егіз ұлдар өсіріп тәрбиелеп отырмыз. Ана ретіндегі жауапкершілік пен мемлекеттік қызметтегі міндет мені жігерлендіріп, әрдайым алға жетелейді.
– Жылы пейілдегі сұхбатыңызға рақмет, жемісті еңбек тілеймін!
Әңгімелескен Сәрсенкүл АҚКІСІ

24 ақпан 2026 ж. 102 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№15 (10482)

24 ақпан 2026 ж.

№14 (10481)

21 ақпан 2026 ж.

№13 (10480)

17 ақпан 2026 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 487
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 316

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728