ОТБАСЫ – ТӘРБИЕ БЕСІГІ
Жуырда «Руханият» орталығында аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы мен аудандық әйелдер кеңесінің бірлесе ұйымдастыруымен «Отбасы – тәрбие бесігі» тақырыбында отырыс өтті. Оған аудандық қоғамдық даму бөлімінің мамандары, аудандық әйелдер, аналар, әжелер кеңесінің және аталған комиссияның мүшелері, түрлі салада қызмет етіп жүрген белсенді әйел-аналар, қыз-келіншектер қатысып, өзара пікір алмасты.
Басқосуды комиссия төрағасының орынбасары, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжауһар Раева жүргізіп, іс-шараның мақсатымен таныстырды. Келелі отырыста аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Нұржан Шәпи сөз сөйлеп, қоғамдағы әйел-аналардың орны бөлек, олар қашан да құрмет-қошеметке лайық екенін жеткізді.
– Ана – отбасының ұйытқысы, шаңырақтың берекесі. Оның мейірімі әлемді тербеткен. Ананың парасаты мен ақылы алдында кім де болса басын иеді. Қазақ атамыз «Жұмақ ананың табанының астында» дегенді бекер ге айтпаған. Аналарымызға қандай құрмет көрсетсек те, жарасымды. Нәзікжандыларымыз тек отбасында ғана емес, еңбек, білім, ғылым, кәсіп, техникада да озық екендерін дәлелдеп келеді, – деді бөлім басшысы.
Сондай-ақ іс-шарада белгілі кәсіпкер Рабиға Балғабаева, БАҚ өкілі Сәрсенкүл Райымбаева, аудандық Жастар денсаулық орталығының психологі Әмина Кетебаева, «Қармақшы аудандық архиві» филиалының басшысы Гүлжамал Іздібаева, Жосалы кенті әкімі аппаратының ұйымдастыру және мемлекеттік құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Нұргүл Сарыбаева, К.Рүстембеков атындағы аудандық жыраулар үйінің директоры, жыршы-термеші Айгерім Ешбаева, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалы Қармақшы аудандық АХАТ бөлімінің басшысы Айгүл Сейтжанова, аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы, полиция майоры Ғалымжан Мұхамедияров, осы топтың инспекторы, полиция лейтенанты Гүлнұр Махамбетовалар тақырып аясында ұсыныс-пікірлерімен бөлісіп, ойларын ортаға салды.
Жиынға қатысушылар қоғамдағы отбасы тәр бие сімен қатар, орын алып жатқан келеңсіздіктер жайында сөз етті. Әсіресе – салтымызға да, заңға да қайшы келетін – қыз алып қашу, тұрмыстық зорлық-зомбылық, сталкинг мәселелері назарға алынды.
Басқосуды аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Г.Төлегенқызы қорытындылап, отбасы құндылығы жөнінде құнды пікірлерімен бөліскен барша қатысушы нәзікжандыларға алғысын айтты.
Сәрсенкүл АҚКІСІ

















