Құнды пікірлер ескеріледі
Сейсенбіде аудандық орталықтандырылған кітапханасында облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелерімен кездесу өтті. Оны аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Жұлдызхан Ерқосаев жүргізіп, жиынның мақсатымен таныстырды.
Кездесуде қонақтармен қатар, аудандық комиссияның, ардагерлер, әйелдер, аналар кеңесінің жетекшілері мен мүшелері және белсенді аналар, қыз-келіншектер өзара пікір алмасып, ой бөлісті.
Аудан әкімінің орынбасары Жұлдызхан Байназарұлы арнайы уақыт бөліп, аудандық комиссияның жұмысын жандандыру мақсатында ұйымдастырылған кездесуге қатысып отырған барша қауымға алғысын жеткізіп, басқосудағы гендерлік теңдік және отбасылық саясат жайын талқылаудың пайдалы болатынына тоқталды. Сонымен қоса, ауданда атқарылған жұмыстар мен қазіргі қалыптасқан жағдай бойынша қысқаша баяндап өтті.
– Аудан бойынша отбасы мүддесін қорғау және гендерлік теңдік стратегиясын іске асыру мақсатында аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі аудандық комиссия жұмыс жасайды. Оның осы жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес жыл басынан бері 2 рет комиссия отырысы өткізілді. Халық саны 52 200 болса, оның 48,8 пайызыәйелдер. Ауданда 139 мемлекеттік қызметші болса, оның 39,5 пайызы – әйелдер. Оның ішінде 4 әйел басшылық қызметте. Аудандық мәслихаттың VІІІ шақырылымында сайланған 13 депутаттың 2-еуі нәзік жан. Сондай-ақ, медицина қызметкерлерінің 88,1, педагогтардың 80,6 пайызын әйелдер құрайды. Ауданда 4200 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, оның ішіндегі белсенді субъектілердің саны 3921 бірлікке жетті. Ондағы әйелдердің үлесі 49,2 пайыз. Бүгінде 1291 көпбалалы ана болса, осы жылы 5 ана «Алтын алқа», 5 ана «Күміс алқа» алқаларымен марапатталып отыр. 2023 жылдың өткен мерзімінде кәмелетке толмағандар арасында ерте жүктіліктің алдын алу жұмыстары жүйелі түрде іске асырылды. Биылғы жылдың 5 айында кәмелетке толмағандар арасында ерте жүктілік тіркелмеген. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету өткен жылы «Арнаулы әлеуметтік қызметтерді үйлестіру» мақсатында құрылған комиссия отырысының шешімі негізінде ауданда 7 адам облыстық дағдарыс орталығынан көмек алған. Биылдың 5 айында арнаулы әлеуметтік қызмет алуға тіркелгендер жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алумен аудандық полиция бөлімі айналысады. Осы жылдың 5 айлық көрсеткішінде бөлімнің есебіне 14 қолайсыз отбасы тіркеліп, 20 әйел қорғау нұсқамасына алынған, оның 1-і ерекше талапқа алынған. Облыстык полиция департаментінің нұсқауына сәйкес 6-12 ақпан аралығында «Профилактика апталығы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді, – деді ол.
Жиында әйел-аналардың қоғамдағы орны, құқықтары мен бостандықтары кеңінен сөз етіліп, жан-жақты талқыланды. Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы, қоғам белсенділері Қаламқас Каримова, комиссия мүшелері Ләззат Бақтыбаева, Наталья Мишуковалар адам құқығы, әлеуметтік, кәсіпкерлік, басқа да сала бойынша ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Пікір алмасу алаңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжауһар Раева, Ақжар ауылдық округінің әкімі Нұржамал Тұрсынбаева, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Әмина Кетебаева, аудандық «Қармақшы таңы» газеті редакциясының бас редакторы Сәрсенкүл Райымбаева, тағы басқалары белсенділік танытты.
Кездесуді аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрағасы Жұлдызхан Ерқосаев қорытындылап, жиында айтылған құнды пікірлердің комиссия жұмысын жандандыруда ескерілетінін атады.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК