» » » Шайырлар өңірінің шамшырағы

Шайырлар өңірінің шамшырағы

Редакция мен баспахана ардагерлерінің қатарында Баян Әлиасқарова, Шолпан Аққайырова, Тыныштық Шыңғысова, Мариямкүл Әбдіраманова, Галя Есетова, Жұмагүл Жайшылықова, Жадыра Сүйеубаева, Ақсұлу Ршауова, Бақыт Қаналиева, Нарша Алданазаров, Алтын Убайдуллаева, Баян Ұзақбаевалардың есімі бүгінде газет тарихында құрметпен аталады.
Бұл газет әрбір қармақшылыққа етене жақын. Себебі алғашқы санынан бастап күні бүгінге дейін күллі аудан көлеміне қармақшылықтардың ақ көңілден өрілген сырын, пәк жүректен төгілген жырын, теңіздей тебіренген тілін, еміренген үнін жеткізіп келеді. Аудандық газет 1991 жылдан бастап жаңа атаумен тарады. Бұл атау редакция ұжымының ғана емес, аудан еңбеккерлерінің қалауы болды. 1990 жылдың аяғына қарай аудандық газет атына байланысты арнаулы комиссия құрылып, оның құрамына түрлі қоғамдық ұйымдар өкілдері, газеттің белсенді штаттан тыс тілшілері мен авторлары енді. Комиссия бір ай жұмыс істеп, көпшілік пікірін тыңдады. Осы комиссия атына, редакцияға келіп түскен хаттардың көпшілігі газет бетінде жарияланды. Ш.Шоқпаров деген оқырман «Аудандық газет аты ең бірінші Сыр бойындағы Қармақшы деген атажұрт екенін тура сездіріп, айғақтап тұруы тиіс. Осы себепті «Сыр бұлағы» немесе «Қармақшы таңы» деген атаудың бірін қоюға қосыламын» деп жазды. Соғыс және еңбек ардагері Ж.Есіркепов «Аудандық газеттің алғашқы аты «Екпінді» еді. Қазіргі қайта кұру кезеңінде осы атауды қайта әкелсек деген ойым бар. Өйткені сөз бар жерде іс болу керек, онда да бір екпін болуы тиіс қой» деді газет бетінде. «Жыр елі», «Жыр күмбезі», «Жосалы жұлдызы», «Сыр өңірі», «Сыр таңы», «Сәуір лебі», т.б. ұсыныс білдіргендер де болды, бірақ пікір айтушы оқырмандардың дені «Қармақшы таңы» жарасымды, «Қармақшы таңы» деген дұрыс деп есептеймін» деп жазды. Осы пікірлерді жинақтап, әрбір атауды таразылай келе комиссия «Қармақшы таңы» деген атауға тоқтады.
Өтпелі кезеңде аудандық газеттер аптасына бір-ақ рет шығарылды. Осы ретте «Қармақшы таңы» облыста бірінші болып, аптасына екі рет түрлі-түсті бояумен шыға бастағанын айта кету керек. Газет ұлттың ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрі мен жас ұрпақты тәрбиелеуде халықтық педагогика мәселелеріне назар аударды. «...бірқатар қазақ жастары өзінің ана тілін, ұлттық дәстүрлерін ұмытуда. Демек аудандық газет редакциясы бұл бағыттағы жұмысын жаңа сатыға көтеру қажет. Қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алғанымен ауданымызда ана тілінде іс-қағаздарын жүргізу, мекемелердегі орыс тіліндегі сөздер жанына қазақша атау жазылу жүйелі қолға алынған жоқ. Бұл үшін аудандық газет рейд жасағаны дұрыс. ...аудандық газетке жергілікті батырлар өмірі мен асарлар тарихы жайлы материалдар мен естеліктер жазылса... Газетте сын материалдар әсіресе фельетондар өте аз. Ол жоспарлы түрде уытты жазылмайды. Сондықтан сын материалдар жазуға штаттан тыс авторлар тартуды ұйымдастырған жөн. «Коммунизм шамшырағы» газетінің көшпелі редакциясы ұйымдастырылғаны жөн. Көшпелі редакция шаруашылықта кемі бір рет болса, ауыл адамдарының тұрмыс жағдайын егжей-тегжейлі жазған болар еді. Қазіргі уақытта қамқорлықты қажет етіп отырған тұрмысы ауыр семьялар әлі бар екені жасырын емес. Олар әр ауылдан табылады. Сондықтан журналистердің халық арасында жиі болып, еңбекшілер арасында түрлі тақырыптарда кездесулер өткізу қажет...» деп дабыл қақты.
Аудандық газет 1991 жылдан тәуелсіздік тағылымын қалың оқырманына насихаттаумен келеді. Оның осы жылдардағы сандарынан мемлекеттік тіл, дін, жастар тәрбиесі жайлы толғақты мәселелерге қатысты ойлы мақалаларды кездестіруге болады. Тәуелсіздік жылдарындағы аудан өмірі газет беттерінде нөмір сайын айшықталып көрінді. «Қазір жұмыс істеу әрі жауапты әрі қызық» дейді редакция ұжымы. Саяси, әлеуметтік, экономикалық реформалар туралы жазу, оны әрбір адамға жеткізу жөніндегі кәсіби міндет қалам ұстаған қауымды уақыт көшімен бірге болуға, оның алдында болуға жігерлендіреді. Бұл кездері газетте «Дөңгелек үстел үстінде кездесу» деген рубрикамен мақаланы үйымдастырудың жаңа формасы қалыптасты. «Қақпан» сын-сықақ бұрышы, «Аудандық ішкі істер бөлімі хабарлайды» деген беттер оқырман көңілінен шықты.
1990-2002 жыл аралығында «Қармақшы таңы» газетінің редакциясын Алтай Үсенов басқарды, 2002-2004 жылдары аудандық газеттің редакторы Шегебай Құндақбаев болды. 2004-2017 жылдары Алтай Үсенов қайтадан редактор болып тағайындалды.
Мектеп қабырғасынан бастап шығармашылыкпен айналысып, өлеңдері аудандық, облыстық, республикалық баспасөз бет терінде жарияланған, «Қарлығаш» (1980), «Тамшы дауысы» (1982), «Өмір шебер» (2017) кітаптары жарық көрген, сондай-ақ әр жылдары басылған «Бастау», «Дария жыры», «Жүректегі жауһарлар», т.б. жинақтарға жырлары енген Алтай Үсенұлы газеттің беделін арттыруға, оқырман санын көбейтуге үлкен еңбек сіңірді.
Еңбек жолын мұғалім болып бастаған, сосын аудандық білім бөлімінде бас маман, мектеп директорының шаруашылық партия ұйымының хатшысы, аудандық мәслихаттың тексеру комиссиясының төрағасы, аудан әкімі аппараты ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, аудандық газет редакторының орынбасары, редакторы деген қызмет сатысынан өткен Шегебай Құндақбаевтың да газет тарихында өзіндік орны бар.
«Қармақшы таңы» газеті 2006 жылы «Президент Жолдауының талабы – бәсекеге қабілетті бұқаралық ақпарат құралдарын құру» атты облыстық медиа форумда ең үздік аудандық басылым ретінде танылды.
«Туған жерім – тұғырым, туған елім – қыдырым» деген ұрансөзбен аптасына екі рет оқырманмен қауышып келеді. Нөмір сайын аудан тынысы, ауылшаруашылығы, мәдениет, спорт, дін, құқық мәселелері жиі көтеріледі. Мәселен, «Қармақшы таңы» газетінің 2009 жылғы 24 қаңтардағы санында жарық көрген «Тіл – тәуелсіздігіміздің тірегі» атты мақалада аудандық «Қазақ тілі» қоғамының атқарып жатқан іс-шаралары, оның нәтижелері жайлы сөз ете келіп, аудан мекемелеріндегі мемлекеттік тіл мәселесінің жай-күйіне де тоқталған. Сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлерді қазақ тілін меңгеруге, оның мәртебесін көтеруге атсалысуға шақырады. Осы жылдың 7 ақпанында газет қызметкері Ж.Сыдықованың «Дін – ұлттың құндылығы» атты проблемалық мақаласында жастар арасындағы жаңсақ түсініктер жайын сөз етеді. «Әлемде қанша дін болса, әрқилы сенімдер де болады. Пендешілікке салынып, қазіргі күні жастар жағы «жалған көріпкелдікпен» айналысатын құмалақшыларға барады. Оларға болашағын болжатып, қисық болжам айтса, алдағы өміріне налып, көп уақытын өксікпен өткізетіндер де бар. Мұның бәрі қазіргі адамдардың діни сауатсыздықтың әсерінен. Сол себепті мұның алдын алу үшін мектептен бастап діни білім беруді бастау керек» деп жазады автор. Қазіргі қоғамда түрлі көзқарастар мен пікірлердің көпшілігі осы дін мәселесінің айналасында екенін жасыра алмаймыз. Елбасы Н.Назарбаевтың «Еңбек қоғамына 20 қадам» атты стратегиялық мақаласында да бұл мәселеге арнайы тоқталған. Демек автор Ж.Сыдықова келелі мәселені орынды көтеріп, оған өзіндік ұсынысын білдіріп отыр. Аудандық газетті таралымы жағынан ауқымы шектеулі дегенімізбен, онда көтеріліп жатқан осындай өзекті мәселелер жайлы орнықты ойлардың айтылуы, шынында да, көңіл қуантады.
19 қыркүйек 2022 ж. 470 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 021

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031