Шайырлар өңірінің шамшырағы
Аудандық газет тарихында фото-тілшілер Байрахмет Дәулетбаев, Қалабай Жүсіпбеков, Нарша Алданазаров есімі құрметпен аталады. 1972 жылы Қызылорда қалалық No69 кәсіптік-техникалық училищесін «Фото ісі» мамандығы бойынша бітірген Нарша Алданазаровтың газеттегі 45 жыл еңбек өтілі ең ұзақ жыл жұмыс істеген фототілші болып редакция тарихында жазылды. Фотоқұрылғыдан шыққан өнім жай фото емес, ол газет бетіне шығатындықтан сапасыз болуға қақысы жоқ еді. Міне, осы талап үдесінен шығуда жан аямай тер төккен фототілші 2015 жылы кеудесіне «Ақпарат саласының үздігі» деген төсбелгі тақты.
Аудандық газет 1972 жылы өзінің 40 жылдығын атап өтіп, 1978 жылы 5000 нөмірін шығарды. Қалың оқырманға арналған сол мезгілдің өз сөзін редактор былай деп жазады: «1978 жылы июль айында бүкіл аудан жұртшылығы газеттің 5000 санының шығуын салтанатты түрде атап өтті. Мұның өзі – аудан еңбеккерлерінің өз газетін қаншалықты қадірлейтінінің айқын айғағы.
Редакция ұжымы осы газет түлетіп ұшырған, алғашқы өлеңдері аудандық «Екпінді», «Қызыл ту» газетінің бетінде жарияланған, қазір бүкіл республикамызға аты белгілі ақындарымыз Әбдікерім Ахметовты, Құланбай Көпішовті, Өтеген Күмісбаевты, Мағираш Сарикованы, жазушы Насреддин Сераливті, жергілікті ақындарымыз Әбілахат Жанәділовті, Қали Шыңғысовты, Нағима Торманованы, белгілі журналистер Бөлебай Әлменовті, Шәрібек Есмұрзаевты, Рашид Жарылқасыновты, Шәкизада Құттаяқовты, Мырзамұрат Ілиясовты, Айжарық Сәдібековті лайықты мақтан етеді».
«Бұрынғы журналист болмайды» дегендей, журналист, қалам ұстаған қауым қай кезеңде де өз-өзіне, тіпті өзінің жазғанына да батыл түрде сын көзімен қарай біледі. Мұны газеттің 70-80 жылдардағы мазмұнын суреттейтін мына жазба дәлелдейтіндей: «...Сол бір жылдары ел басындағы биліктің өктем ықпалымен құрғақ сөз бен бос мадақ, әсіре ұран өмірде терең белең алған еді. Оның баспасөз қызметіне тигізген теріс әсері аз болған жоқ. Газеттердің бетін даңғазалық бағыттағы мақалалар жаулап алып, өмірдің көлеңкелі көріністері көрінбей қалды. Ал, елдегі ақиқат мүлдем басқаша болатын. Азық-түлік тапшы. Дүкен сөрелеріндегі нанның өзі кейде болып, кейде болмай қалатын жағдай жиі ұшырасатын. Елдің осындай хал-ахуалына қарамастан «Американы қуып жетіп, басып озамыз», «80-жылдары коммунизм есігін айқара ашып тастаймыз» деген ұрандар шықты. Бас хатшы Н.Хрущевтың бастамасымен жаппай жүгері егу науқаны басталды. Газет беттерінен «Жүгері – құт, жүгері – ет, жүгері – сүт» деген шақырулар түспейтін болды. Осындай ұраншылдық науқанның адамдардың ерік-жігері мен шығармашылық белсенділігіне тежеу салғандығы айқын сезіліп тұрса да, ешкімнің де қарсы пікір айтуға қауқары да, құқы да жоқ болатын.
Сол тұста Сапекеңнің бір айтқан сөзі есімде: «Жүгері егу де саясат па? Жоспар берілсе, елдің өзі де егеді ғой. Несіне дабыра қыламыз».
Онда екінші Сәкең Ақжігітов былай дейді: «Жүгерінің де жүгерісі бар ғой. Бұл жүгерінің аты да, заты да бөлек. Партия оған «дала аруы» деп үкілеп ат қойып, атақ-даңқын асыра мадақтап жатқан жоқ па? Енді оны дәріптеп жазбасыңа амалың жоқ».
Бірде елде мынандай оқиға болыпты. Аудан басшысы жүгері егістігіне келсе, тақырда өскен селеудей, алқаптың әр тұсынан селдіреген жүгері сабақтарын көреді. Ол жүгерішіге сынай қарап: «Мына жерден қаншадан өнім аласың?» дейді. Жүгеріші: «Елуден» дейді. «Оу, мұның артық уәде емес пе?». Сонда әлгі диқан: «Асыра міндеттеме алу партияның саясаты емес пе?» депті. Міне, осындай даңғаза өмір көшіне ілесіп, босқа даурыққан кездеріміздің де болғанын несіне жасырамыз?» деп жазады қарт журналист Рашид Жарылқасынов.
80-жылдары редакция құрамы Алтай Үсенов, Шәкизада Әбдікәрімов, Төребай Кенжебаев, Сәнтөре Пірманов, Толыбай Абылаев есімді журналистермен толықты. Бұл уақытта аудан орталығында көз тартар ақ кірпішті ғимарат бой көтерді. Бұл – аудандық газет редакциясы мен баспахана орналасқан баспасөз үйі. Мұнда редакция мен баспахана ұжымының жемісті еңбек етуі үшін барлық қолайлы жағдай жасалынды.
Бұл жайлы сол уақыттағы баспахана директоры Ж.Аймаханов: «Баспахана коллективінің газеттің уақытылы да сапалы жарық көруіне косар үлесі көп-ақ. Біз мұны күнделікті жұмысымыздан көріп жүрміз. Қазір бұрынғыдай май шамның жарығымен тар үйде әріп теріліп, бет жасалмайды. Партиямыз бен үкіметіміздің қамқорлығы нәтижесінде жылма-жыл баспагерлерге үлкен көмек көрсетіліп келеді. Соның айқын айғағы, аудан орталығындағы Свердлов көшесінің бойындағы екі қабатты баспахананың жаңа үйі. Жылма-жыл баспахана осы заманғы жаңа құралдармен қамтамасыз етіліп отыр. Он бірінші бесжылдықтың алғашқы жылы екі жаңа станок пайдалануға берілді. Өткен жылдың жоспарын 34 мың сом орнына 34500 сом етіп асыра орындап, биыл да жылдық жоспарды 37 мың сом етіп артығымен орындауға көтеріңкі социалистік міндеттеме қабылдадық» деп жазды.
80-жылдары газет бетінде «Мектеп хабарлары», «Социалистік жарыс озаттарына теңелейік», «Қыс – қатал сыншы», «Демократияландыру – қоғам мүддесі», «Халыққа қызмет – мерейлі міндет», «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды», «Тағдыр мен тағылым» деген рубрикалар пайда болды. «Құттықтаймыз» деген айдармен соңғы бетке ауданның туған күн мерейтой иелерін құттықтау, қайтыс болған кісінің туған-туыстарына көңіл айту, көгілдір экран программасын газетке жариялау да осы жылдардан басталды.
1982 жылы аптасына үш рет шығатын газет жиым-терім науқанына орай ауыл шаруашылығының проценттік көрсеткіштерін күнделікті жариялау мақсатында екі бет болып күнделікті шыға бастады. Мұндай газетті күнделікті шығару ісі маусымдық кезеңдерге орай қайталанып тұрды.
Бұл жылдары радиохабарлар да жаңа мазмұндық сипатқа ие болды. Газет жанындағы аудандық радио бөлімін басқарғандардың бірі Төребай Кенжебай өз естелігінде: «Күнделікті дайын материалдар бойынша ақпараттар аудандық радио хабары арқылы жергілікті радио тыңдаушыларға жеткізіліп тұрды. Арасында музыкалық хабарлар, түрлі салтанатты кештерден репортаждар, түрлі мамандардан сұқбаттар ұйымдастырылып, апталық жоспарға енгізілді және жедел ұйымдастырылған материалдар дер кезінде тыңдаушыға жеткізілді» деп жазады.
Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ газетке жақын болған 1970 жылы «Арлан ажалы» мақаласы, «Ақ тон» деген әзіл әңгімесі, 1971 жылы «Құралай» деген балладасы жарық көрген, 1974 жылы газеттің штаттан тыс тілшісі атанған, сөйтіп сексенінші жылдардың ортасында әдеби қызметкер болып қабылданған Сәнтөре Пірманов өз естелігінде: «Аудан жұртшылығы «Коммунизм шамшырағы» газетін ауызша «Шамшырақ» деп атайтын. Коммунизм деген сөзді қоспай сөйлейтін. Аудандық газет 1980 жылдан бастап ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, қайта орала бастаған айтыс, терме, жыршылық өнер, тарихи ескерткіштер туралы жаңаша жаза бастады. Кейбіреулер «ауыл шаруашылығы газеті» деп сынай салатын аудандық газет бәйгеге қосылған тұлпар аттай Қарақұм мен Қызылқұмды дүбірлете бастады.
(«Сыр журналистикасының тарихы» кітабынан
Басы өткен сандарда: https://qarmaqshy-tany.kz/kogam/22720-shayyrlar-rn-shamshyray.html
https://qarmaqshy-tany.kz/kogam/22720-shayyrlar-rn-shamshyray.html
https://qarmaqshy-tany.kz/zanalyk/ruhaniyt/22887-shayyrlar-rn-shamshyray.html
Басы өткен сандарда: https://qarmaqshy-tany.kz/kogam/22720-shayyrlar-rn-shamshyray.html
https://qarmaqshy-tany.kz/kogam/22720-shayyrlar-rn-shamshyray.html
https://qarmaqshy-tany.kz/zanalyk/ruhaniyt/22887-shayyrlar-rn-shamshyray.html
Жалғасы бар)