» » Қызмет пен Құрмет

Қызмет пен Құрмет

Маусым айы қарбаласқа толы болғанымен, бізге қуанышын сыйлап, мерейімізді үстем еткен ай болды. 28 маусым – БАҚ қызметкерлері күнімен бірге аудандық «Қармақшы таңы» газетінің 90 жылдығы қатар тойланды. Қос мереке Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде аталып өтті.
Салтанатты жиынға сала қыз­меткерлері мен бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысты. Қатар келген қос тойда аудан әкімінің орынбасары Жұлдызхан Ерқосаев құттықтау сөз сөйлеп, саланың маңыздылығына тоқталды.
– Ұлт ұстазы Ахмет Байтұр­сынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп айтып кеткендей, халықты нақты әрі жылдам ақпаратпен қамтамасыз етуде қоғамдағы сіздердің рөлдеріңіз орасан зор. Ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге шығармашылық шабыт, қызметтеріңізде толағай табыс, отбасыларыңызға береке-бірлік тілеймін! – деді ол.
Одан соң салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Жұлдызхан Байназарұлы редакция ұжымына сертификат тарту етсе, бірқатар авторлар мен газет таратушыларына аудан әкімінің алғыс хатын табыстап, сый-сияпат көрсетті.
Іс-шара барысында бүгінде 90 жылдығын атап өтіп отырған басылым ұжымына игі тілегін жеткізген «Сыр медиа» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Марат Аралбаев ұжымға серіктестік атынан компьютер табыс етсе, ұзақ жыл редакцияда басшылық қызметтер атқарған ардагер журналистер Алтай Үсенов, Бақыт Қаналиеваға және мекемеде табысты еңбек етіп келе жатқан Алма Елеусінова мен Хамит Тиыновқа алғыс хат табыстады.
Одан соң «Қармақшы таңы» газетін ширек ғасыр басқарған белгілі журналист, ақын Алтай­ Үсенұлы сөз сөйлеп, әріп­тес­теріне ізгі лебізін білдірді. Мерекеде ақын, ардагер ұстаз Талайлы Досымова Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне қабылданып, төсбелгісін тағынды.
Салтанатты шара мерекелік кешке ұласты. Ауданның көркем­өнерпаздары мың бұрала билеп, әуелете ән айтса, газет журналистері де сахнаның төрінен көрінді. Олар «Журналист монологі» қойылымын қойып, әсем әннен шашу шашты.
Оқырманына көтеріңкі көңіл күй мен шығармашылық дема­лыс сыйлаған концерттік бағдар­ламадан соң газет ардагерлеріне арналып дастарқан жайылды.­ Осы орайда қаржымен демеу­шілік жасаған «Жаңажол» ЖШС директоры Орынбасар Төлепов, «Ораз ахун ЛТД» ЖШС директоры Жомарт Жалғасбаев, «Тұрмағамбет» ЖШС директоры Нұржан Пірмантаев, «Оңталап» ШҚ директоры Хамит Аралбаев пен «Достық Жер МК» ЖШС директоры Бакир Набиевке алғы­сымызды білдіреміз.
Келесі күні аудан әкімінің орынбасары Жұлдызхан Ерқо­саев бұ­қаралық ақпарат құрал­дары қыз­меткерлері күніне орай журналистика саласының ардагерлері мен жергілікті басылымда қызмет жасап жүрген тілшілерді қабылдап, кәсіби мерекелерімен құттықтады. Жиында аудандық мәслихат хатшысы Әділ Үсенұлы жылы лебізі мен мерекелік құттықтауын білдірсе, ардагер журналистер мерекеде құрмет көрсеткен аудан әкімдігіне алғысын айтып, өз ұсыныстарын жеткізді. Іс-шара соңында ақпарат саласында өзіндік орны бар, еңбегі сіңген қарымды қалам иегерлері марапатталды.
Иә, аудан айнасы 1932 жылы 12 сәуірден бастап «Екпінді» деген атпен жарық көрді. 1938 жылдан бастап газет «Қызыл ту» деп аталды. Қызыл ту – социалистік құрылыстың авангарды, еңбекші халықты серпінді іске бастайтын ұлы дүбірлі күрестің символы. Газет өзінің осы жарқын атына сай аудандағы шаруашылық жұмыстарының алдыңғы сапында алаудай желбіреп, еңбекшілердің инициативасы мен өршіл еңбегін социалистік құрылыс міндеттерін шешу күресіне жұмылдыра білді. «Қызыл ту» ел басына түскен қиын-қыстау кезең – соғыс жылдарында да мол ізденіспен, үлкен творчестволықпен жұмыс жүргізіп, халық бұқарасының күш-жігерін қайрады, сенімін арттырды. 
1957 жылы аудандық газеттердің өмірінде елеулі кезең болды. Ол – газеттің төрт беттік болып, штат көлемінің ұлғайтылуы еді. Аудандық газет 1963 жылдың мамыр айынан «Коммунизм шамшырағы» деген атпен шықты. 1991 жылы аудандық газет атына байланысты арнаулы комиссия құрылды. Оның құрамына түрлі қоғамдық ұйымдар өкілдері, газеттің белсенді штаттан тыс тілшілері мен авторлары енді. Комиссия бір ай жұмыс істеп, көпшілік пікірін зерттеді. Комиссия атына, редакцияға келіп түскен хаттардың көпшілігі газет бетінде жарияланды. Осы пікірлерді жинақтап, әрбір атауды таразылай келе комиссия «Қармақшы таңы» деген атауға тоқтады.
90 жылдық тарихы бар төл басылымның редакциясында­ қан­шама адам еңбек етті. Әр жыл­дардағы редакторлар газеттің сапасы мен мәніне ерекше көңіл аударып, талай түлектерді тәрбиеледі. Жұлдызы жарық, қаламы қарымды қаламгерлердің қарашаңырағы – рухани байлыққа толы. Олардың салып кеткен сара жолы мен басқан ізі артынан ерген жас қаламгерлерге өшпес үлгі болып қалды.
2014 жылы «Сыр медиа» ЖШС құрамына кіру – газет өміріндегі елеулі жаңалық деп қабылданды. Баспасөздің екінші тынысы ашылғандай мүмкіндіктер молайды. Газет форматы өзгеріп, көлемі ұлғайды. Электронды газет арнайы газет сайтында жарияланады. Оның үстіне күнделікті ақпараттар жылдам хабар беріп отыр. Бұл аудан өмірінің түрлі жаңалықтарын кеңірек қамтуға жақсы жағдай жасады. Аймақтағы әріптестерімізбен байланысымыз жаңа деңгейге көтерілді. Журналистеріміз респу­бликалық жиындарға қатыса бас­тады. Редакцияның материалдық-техникалық жарақтандырылуы заманауи сипат алды.
Аудан тарихында «Қармақшы таңының» ізгілікті ізі бар. Әр жылдары басылымның аты өзгергенмен заты сақталып, ол қашанда аудан өмірінің айнасына айналып келеді.

Айнұр ӘЛИ
02 шілде 2022 ж. 394 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031