» » Шайырлар өңірінің шамшырағы

Шайырлар өңірінің шамшырағы

«Қармақшы таңы» газеті «Екпінді» деген атпен 1932 жылы 12 сәуірде жарыққа шыққан. Газеттің жарық көруіне ел ішіндегі белсенді С.Томанов. Ж.Науанов, Б.Елдосбаев, Е.Көлбаев, С.Өтепов, Ы.Ізбанов сынды азаматтар атсалысқан. «Екпінді» деген газет атауы да осы аты аталған кісілердің ұйғаруымен болған. Газеттің атауы төрт рет өзгерді: 1932 жылы «Екпінді», 1938 жылдың сәуірінен 1962 жылдың 27 сәуіріне дейін «Қызыл ту», 1963 жылдың 1 мамырынан «Коммунизм шамшырағы», 1991 жылдан бастап «Қармақшы таңы» деп шығарылды.
Газеттің уақыт талабына сай шығуына, кадрларды тәрбиелеуге, ауданның экономикасы мен мәдениетін насихаттауға үлес қосқан әр жылдардағы редакторларының қатарында Жұмабай Есетов (1932-1933), Көшен Алматов (1933-1937), Қанапия Тұрғанов (мерзімі белгісіз), Нұрділда Жәкеев (1937 жылдың қаңтарынан бастап қарашасына дейін), Жарылқасын Дүйсенов (1938-1939), Омар Қожахметов (1939 жылдың мамырынан 1942 жылдың сәуіріне дейін), Сахи Жарылқасынов (1942-1946), Сейіткамал Үсебаев (жылы белгісіз), Мұрат Нұржанов (1949 жылдың қаңтарынан 1950 жылдың қыркүйегіне дейін), Мұрат Нұржанов (1951 жылдың шілдесінен 1953 жылдың қыркүйегіне дейін), Яхия Пірімбетов (жылы белгісіз), Жақсыбай Құлымбетов (1956-1957), Әбдірашид Сатыбалдиев (1957-1959), Қален Әбдешов (1961 жылдың шілдесінен 1962 жылдың мамырына дейін), Шәкізат Дәрмағамбетов (1959-1963), Әзілхан Аманов (1963-1990), Алтай Үсенов (1990-2002), Шегебай Құндақбаев (2002-2004), Алтай Үсенов (2004-2017), Дастанбек Садық (2017-2020), Сәрсенкүл Райымбаева (2020 жылдан бері) бар.
Жоғарыда көрсетілген редакторлардың аты-жөні белгілі болғанымен, кейбірінің қызмет еткен жылдарын анықтау мүмкін болмады. Біз аталған азаматтардың Қызылорда облыстық мемлекеттік архивіндегі жеке ісіндегі мәлімет негізінде жазып отырмыз.
Аудандық газет өз тарихында заман, уақыт ерекшеліктеріне қарай жүктелген міндеттерді атқарды. Газет тарихына көз жүгірткенде, алғашқы жылдары елді ұжымдастыру, сауаттандыру шараларының қалай жүргізілгеніне куә боламыз. Социалистік шаруашылықтың алғашқы карлығаштары, оның тұрмыс-тіршілігін кеңінен көрсетіп, насихаттау, халыққа түсіндіру, түсінгісі келмейтіндерді сын тезіне салу, бұқара халықты ұйымдастыруға шақыру, колхоз шаруашылығына зиян келтірушілерге қарсы күрес жүргізу газеттің негізгі тақырыптары болды [1]. Мұнымен қоса мәдениет, өнерге бастау мақсатын ұстанғаны анық. Газеттің алғашқы редакторы Жұмабай Есетов «Екпіндінің» қалыптасуына көп еңбек сіңірді. Архив деректеріне сүйенсек, ол газетке 1932 жылдың ақпан айынан 1933 жылдың сәуір айына дейін редакторлық етті [2].
Газеттің алғашқы жылдары жайында еңбек ардагері Төребек Жанболғанов былай деп жазады: «Осы газеттің бас әрпін өзім теріп жазғанмын. «Осы елдің түлегісің, «Екпінді» деп жаз» деп ағалық жасаған Жұмабай Есетов еді. Газет 12 сәуір 1932 жылы шыға бастады. Редактор болып сол заманның оқыған, білімді азаматы Жұмабай Есетов жұмыс істеді. Алғашқы басылымда бір заты табылса, екіншісі қалам, қағазға дейін табылмайтын-ды. Ең маңыздысы, газет шыққанда оны оқитын сауатты адам табу қиындық туғызды. Міне, осы жұмыстарға күні-түні жан сала редакцияда бар болғаны 5 адам жұмыс істеді. Олар редактор Есетовтің орынбасары және хатшы болып Нұрсұлу Сұлтанова, машинка басушы Қасбай Кенбаев, әріп теруші Бәйдешова, жабдықтаушы Әлібек Тәжиев.
«Өткен күннің бәрі ыстық. Ол кезде қазіргідей газет редакциясы» демейтін, «газет басқармасы» дейтін. Міне, «Екпіндінің» бірінші саны… Қармақшы қаласы, Т.Рысқұлов көшесіндегі 22 үйден басылып шығыпты. Тұңғыш редакторы Жұмабай Есетовтің телефон нөміріне дейін жазулы екен. Жалғыз-ақ телефоны болыпты газет басқармасының. Ол кездегі жағдай да белгілі – газет шығару оңай болған жоқ. Инемен құдық қазғандай, барлық жұмыс қолмен атқарылатын» [3] деп жазады көзкөргендер.
Газет әуелгі кездері айына бір рет, бір бет болып шықты. Кейін айына 2-3 рет шығарылып, жұмыс жүре бастады. Газеттің таратылуы да оңай болған жоқ. Үй үйге кіріп, мекемелерге апарып беріп, үгіт жұмыстарын жүргізетінбіз. Осындай жұмыстардың арқасында газет өзінің қалпына түсе бастады. Маркұм Жұмабай Есетов ағамыз еңбекқор жан болатын. Мен де сол кездері осы газетте әріп теруші болып қызмет істегенмін. Газеттің қалыпты шығуына қамқорлық танытып, халық арасында оның беделінің көтерілуіне атсалысқан Сахи Жарылқасынов, Жақсыбай Құлымбетов, Бөлебай Әлменов, Мырқы Исаев, Әбдірашид Сатыбалдиев т.б» [3]. Одан кейін газет тізгінін ұстаған Көшен Алматов зобалаң жылдарда жазықсыз жазаға тартылып, «халық жауы» атанып, ұсталып кетті. 1937 жылдарда қуғын-сүргінге ұшырап, 1942 жылы Сібір лагерінде қаза тапты. Содан туған жерге қайтып оралмаған азамат тек кейінгі жылымық жылдары ақталды. Қызылорда облыстық мемлекеттік архивіндегі газеттің К.Алматов қол қойған 1937 жылғы 21 ақпанда шыққан 11 нөмірі (бұл газеттің шыға бастаған кезінен бергі 327-інші саны – ред) латын әрпім басылып, онда әр бес күн сайын шығады делінген. Осы жылдары газете ақын Өтеген Ерқожаұлы да жұмыс істеген.
Көшен Алматов аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығынан «Екпінді» газетінің редакторы болып келген. 1933 жылдар Қармақшы Жалағаш, Тереңөзекаудандарыныңтүгелімен, яғни 80 мыңнан астам халкы біртұтас Қармақшы ауданы болып тұрған кез еді. Жалынды жас аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, республикалық газеттің аймақтық тілшісі қызметтерін қоса атқарған. Ал, «Екпінді» газеті Қармақшы аудандық партия, совет комитетінің тілі ретінде «Жер жүзі пролетариаты, бірігіндер!» деген ұранмен басылған. Бұл газет шыға бастағаннан халықты сауаттандыруға тікелей ықпал еткен. Мәселен, осы аталған нөмірдегі «Слетке зор дайындықпен келейік!», «Егіске дайын емес», «Қитарбектің қылығы» деген материалдармен қоса «Редакцияға хат» деген айдармен берілген «Жақыйып, Байсалбайып, Байғабылыптардікі не?» және «Мен сауатты болдым» деген мақала назар аудартады.
Осы «Жақыйып, Байсалбайып, Байғабылыптардікі не?» деген мақалада былай дейді: «Ауданымызда сауатсыз және шала сауаттылар мектебінің жұмысы нашар екенін газетіміздің өткен санында ашып көрсеткен едік. Мұның негізгі себептеріне келсек, аудандық ағарту бөлімінің жанды басшылығы кем болуынан көрсек, екінші жағында кейбір ауыл совет председательдерінің жұмысқа ат үстінен қарауынан көруге болады.
«Қара өзек» ауыл советінің председателі Жақыйып ауыл бойынша 1936 жылы 31 адам сауатты болды деп қолды қойып, мөрді басып ақпар береді. Жосалы ауыл советінің председателі Байсалбайып бұдан 60 адам сауатты болды деп «кұнсыз» қолын, «пұлсыз» мөрін басады. Майкөл ауыл советінің председателі Байғабылып та 58 адам сауатты болды деп ақпар бере салған. Шынында, бұл көрсетілген адамдардың бәрі де тек 29 әріпті ғана айырады. Жаза білу, оқу дегендерден аман-есен қарап отырады.
Қолын «құнсыз», мөрін пұлсыз бере салғандық болып тұрған жауапкерсіздік. Ауыл совет председательдері көзімен көріп, тексеріп, анығына жауапты болу керек. Партия мен үкіметтің айрықша көңіл бөліп отырған жұмысы сауатсыздар мен шала сауаттылар мектебі жөніндегі қаулыларын іс жүзіне асыру біздің бүгінгі таңдағы ұлы міндет. Бұл жұмыс басшылықты күтеді. Тәжиіп» [4].
Сауатсыздықты жоюда кемшіліктерге жол берген басшыларды сынға алған бұл мақаламен қоса «Мен сауатты болдым» деген Ақанай деген кісінің мақаласы да бар. Ол кісі өзінің сауаттанып, басқа баспасөздермен қатар аудандык «Екпінді» газетін оқитын болғанына қуанады.
(«Сыр журналистикасының тарихы» кітабынан жалғасы бар)
12 шілде 2022 ж. 681 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 017

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031