Биыл «Egemen Qazaqstan» басылымына 100 жыл толады
Биыл «Egemen Qazaqstan» басылымының жарық көргеніне 100 жыл толады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Egemen Qazaqstan» тарихы 1919 жылы 17 желтоқсанда Орынбор алғашқы саны жарық көрген «Ұшқын» газетінен басталады. Одан кейін газеттің аты бірнеше рет өзгерді. Басылым 1920 жылы «Еңбек туы», 1921 жылы «Еңбекші қазақ», келесі жылы «Еңбекшіл қазақ», 1932 жылы «Социалды Қазақстан» деген атаумен шықты. Ал 1937 жылы «Социалистік Қазақстан» болып өзгерілді де, осы атпен ол 54 жыл бойы жарық көріп тұрды.
1991 жылдың маусымында Қазақстан тәуелсіздігін алуға санаулы айлар қалғанда басылымның аты «Егеменді Қазақстан» болып өзгертілді. Бұл кезде оның бас редакторы белгілі жазушы, публицист Шерхан Мұртаза еді. «Егеменді» - жаңа дәуірмен бірге қолданысқа жаңа ене бастаған сөз болатын. 1993 жылдың 1 қаңтарынан лингвистердің пікірлерінен туған талқылаудан кейін газеттің бас редакторы Әбіш Кекілбаевтың ұсынысымен басылым атауындағы «-ді» жұрнағы алынып, «Егемен Қазақстан» болып өзгерді.
2016 жылдың қыркүйегінен басылым жаңа дизаин, жаңа форматта және барлық беттері түрлі-түсті болып шыға бастады. Ал Елбасының латын әліпбиіне қатысты Жарлығы шыққаннан кейін, 2018 жылдың наурызынан бастап, басылым атауын латын әліпбиінде жазып, жарық көруде. Алғаш жарыққа шыққан кезден бастап Қазақстанның астаналары ауысуымен бірге басылымның редакциясы да бірнеше рет қоныс аударып, әр кезеңде Қызылордада, Алматыда орналасты. 1999 жылы редакция Қазақстанның жаңа елордасы Астанаға қоныс аударды.
Газеттің бас ғимараты Астана қаласында, «Егемен Қазақстан» газеті көшесі, 5/13-үй мекенжайында орналасқан. Ғимарат газет редакциясы үшін арнайы салынған. Басылым бүгінгі таңда 200 мыңнан астам таралыммен шығып жатыр. Алғашқы тарихынан бастап басылымда қазақ ұлтының ірі мемлекет қайраткерлері мен көрнекті қаламгерлері қызмет етті, газетке басшылық етті, өздерінің шығармаларын жариялады. Олардың қатарында Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов сияқты тұлғаларды атауға болады. Жаңа дәуірде «Егемен Қазақстанды» Сапар Байжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин, Сауытбек Әбдірахманов сияқты қаламгерлер басқарды. Айта кетейік, алдағы жылы "ҚазАқпарат" Халықаралық ақпарат агенттігі мен "Казправда" басылымы да 100 жылдық мерейтойын атап өтеді.