» » » Тоқсанның төрі немесе түлектен тілек

Тоқсанның төрі немесе түлектен тілек


Аудан айнасына айналған "Қармақшы таңы" газетіне биыл 90 жыл. Өткен ғасырдың отызыншы жылынан бастап қармақшылықтарға жағымды жаңалықты жария етіп, ауданның тыныс-тіршілігін тарқатып келген басылым бүгінгі күні де өз өмірін тоқтатқан жоқ. Тоқсанның төріне шыққан төл басылымның түлегі ретінде мен де редакциядағы естеліктеріммен бөлісуді жөн көрдім.
2019 жылғы күздің алғашқы айы. Мектептегі 11 сыныпты бітіріп, еліміздің сонау батысынан, Орал өңірінен Сыр еліне арман қуып келген кезім. Бірнеше жыл Оралдағы медиахолдингте жауапты қызмет атқарған қармақшылық Нұрсұлтан Мықтыбаймен танысып, ол кезде "шығармашылық ұстазыма" айналған кез... Темірді темірге соққан пойыз жүйіткіп Жосалы деген стансаға да алып келді. Алғашқы ой: "Ақ маржанға байытып отырған аймақ сен бе едің, Қармақшы?".
Журналист болам деген арманмен алыс сапарға шыққан мен Қызылордаға оқуға түсіп, мақсатқа айналған арманыма бір қадам жақындадым. Жазуды жанына серік еткендіктен жатсыну болған жоқ. Қайтсем де газетте жұмыс істеуім керек, арманыма жетуім қажет. Басында сенімнен гөрі күмән басым болғанмен маған үміт артылып, оқуға құжат тапсырып болған соң "Қармақшы таңында" сынақтан өтетін болдым. Үлкен өмірге енді қадам басқаныммен қоймай ең алғаш қызметім де басталып кетуі мүмкін. Мүмкін болғанда қалай... Іспен дәлелдеу қажет. Осылайша облыс орталығынан ат терлетпегенмен, темір тұлпарды зарлатып-зулатып Жосалыға да қайтып келдік. "Таңертең сағат 9-да кешікпей редакцияға бар", ­– деген ұстазымның тапсырмасынан кейін уақыт екі есе жай өткендей болды. Әрлі-берлі аунап, құдды бір құдайдай ертеңгі күнді басынан-аяғына дейін жоспарлап жатып ұйықтап кетіппін.
Жаңа күн басталып, пісмілләмізді айтып аудан айнасының "штаб-пәтеріне" қарай аяңдадық. Редакцияның алдынан-ақ күтіп алған редактор Сәрсенкүл апайға амандасып, Сәрсенкүл апайдан Сәрсенкүл апайды сұрадым. Кім, қайдан екенімді білген соң іште күте тұр деп, редакцияға қарай жол сілтеді. Аз-маз уақыттан кейін Сәрсенкүл Жаудатбекқызы келіп, жөн сұрастық. Бұған дейін не және қайда жазғанымды, журналистиканы таңдау себебімді сұрап, тілдескен соң редакциямен таныстыратынын айтты.
"Мына кісі жауапты хатшы (сол кездегі) тәтең Гүлжанат Дүзенова. Өзі айтыскер ақын. Тілшілер Әлия Төремаханова, Ақнұр Сағынтай, Айнұр Әли мен Ерсін Әбләкиев деген аға-апаларың. Газеттің ішкі тынысымен таныстырып, білген-түйгендерін үйретеді", – деп редактор ұжыммен таныстырды. Менің оралдық екенімді, небәрі 18-де екенімді естігенде болашақ әріптестерім таңдана қараған-ды. Жаңадан келген, «жас бала» деуге де келмейтін, балалық өмірін қимай жүрген Асланды Ерсін ағасы "Қармақшымен өзім таныстырамын, қасымнан қалмай еріп жүр" деп жанына жақын тартты. Айтпақшы редакциядағы алғашқы күнімде-ақ бар ғұмырыма сабақ болатын сәт болды...
Жиналыстан шығып, кезекті газетті дайындауға журналистер қауымы бөлмелеріне кірді. Бір уақытта жұмысқа орналасуға келген Ардақ Сүлейменова тәтем екеуміз өзге ортаға түсіп, лям-лим деместен үнсіз отырмыз. Бір мезетте көзіне очки таққан, иығына кішкентай дорбасын ілген үлкен ағай келді. Батыстық болғаны мен балалығы бар мен танымайтын адам болған соң басымды көтермей, тапсырмасы көп адамша кәмпүтерге жабысып алғам. "Мынау кімнің баласы? Амандаспай ма? Әлде бастық па?" деген сесті сөздерден атып тұрып, ағайдың қолын алуға асықтым. Бұ кім бала деген сұрақтарына жауап алған соң журналистер "Қазбек Тайбағаров деген ағаң. Осы редакцияның потограпі. Газеттегі сәтті шыққан суреттердің авторы осы кісі" деп "қатал ағамен" таныстырды. Кіре сала алқымнан алған ағаны енді ұмытпайтындай танып алдым. Дегенмен редактордың бөлмесіне жиналып, газетті тағы бір пысықтаймыз дегенде Қазекең миына құйып алсын деді ме "Адаммен амандаспайды ғой. Әлде крышасы плотный ма?" деп тағы бір қызартып алды.
Уақыттың бір орында тұрмайтыны бар. Сағат тілі тықылдап алға қарай жылжыған сайын, күн артынан күн келген сайын басылымға үйрене бастадық. Бірді-екілі мақаламыз жарияланып, Қазбек аға жиналыстарға жетектеп жүрді. Өзінің баласындай көретін ол бар білгенін үйретіп, жүрген жерінде аудандағы аға-апалармен таныстырады. Қала берді Жосалыда жаяу жүріп мекемелерді жаттатады. Ерсін Әбләкиев те бала демей жақын тартып, аудиына отырғызып ауылды аралатады. Мақаланы реті шыққанда ауданға қарасты елді мекендерге де апаратын. Әлия, Гүлжанат, Айнұр мен Ақнұр тәтелерден ақыл сұрап, Ардақ Сүлейменова тәтем екеуміз мақаламызды талдатамыз. Батыстық баланың диалектіге толы тіліне ұжымның күліп алатын, Сыр өңірінің сырын үйрететін кездері де көп болды.
Сынақ мерзімінен сүрінбей өтіп, жұмысқа қабылданғанда Ардақ Сүлейменова екеуміз газетке кезекші болуға таласқанбыз. Газеттің соңғы бетіндегі «кезекші редактор» дегенді абырой көрген біз ол кезде түнімен редакцияда жүріп, газет шығаратынымызды қайдан білейік. Басылым жұмысы – уақыт талғамайтын қызмет. Бірі ерте, бірі кеш бітетін газеттің түнімен дайындалатын уақыттары да болады. Шабытың шарықтап я арықтап қалғанына қарамай мақала жазу, көз майыңды тауысып беттен қате іздеу оңай емес-ті. Міне, осы абыройы мен жауаптылығы қатар жүретін қызметке етене араласып, аудан мен облыс, республика мен әлем жаңалықтарын жариялау үшін бар жанымызды саламыз.
Журналиске шабыт сыйлайтын оқырман екені анық дүние. Редакцияға келген ардагер қызметкерлер, егде жастағы аудан азаматтары келіп, өз ойымен бөлісіп, мақалаңды мақтап кеткенде бір марқайып қаласың. Одан бөлек ауыл-ауылды аралап, еңбек адамдарын, ауылдың тыныс-тіршілігін таныстыратын жазба жазарда газетке шығуға құлшынысы жоғары азаматтар басылым абыройын бір көтеріп қоятын.
«Қармақшы таңында» қызмет ету ­– абыройымен қатар жауапкершілігі мол жұмыс. Іргетасы 1932 жылы қаланып, үздіксіз жарық көрген «жарияланымда» ауданның арда азаматтары еңбек еткен. Алғашында «Екпінді» аталған газеттің жарыққа шығуына елдің елеулі азаматтары С.Томанов, Ж.Науанов, Б.Елдосбаев, Е.Көлбаев, С. Өтепов, Ы.Ізбанов атсалысқан. Алғашқы редакторы ретінде қызмет еткен Жұмабай Есетов кездескен қиыншылыққа, қағаз бен қалам тапшылығына қарамастан басылым қызметін бастады. Содан соң әр жылдары Көшен Алматов, Қанапия Тұрғанов, Нұрділда Жәкеев, Жарылқасын Дүйсенов, Омар Қожахметов, Сахи Жарылқасынов, Сейіткамал Үсебаев, Мұрат Нұржанов, Яхия Пірімбетов, Жақсыбай Құлымбетов, Әбдірашид Сатыбалдиев, Қален Әбдешов, Шәкізат Дәрмағамбетов, Әзілхан Аманов, Алтай Үсенов, Шегебай Құндақбаев, Дастанбек Садық секілді азаматтар редактор қызметін абыроймен атқарды.
Қазіргі күні Сәрсенкүл Жаудатбекқызы басқаратын ұжымда шығармашылық үлес қосып жүрген Әлия Төремаханова, Гүлжанат Дүзенова, Ерсін Әбләкиев, Ардақ Сүлейменова мен Айнұр Әли секілді журналистер қауымы бар. Сонымен қатар газеттің әрін ашын, сәнін келтіретін дизайнер Ләйлә Абдуллаева, сандардың сырын түсінетін есепші Құралай Көкеева басылымға беделі мен бедеріне өз үлесін қосып жүр.
Бүгінде аймақтың бас ақпарат алаңына айналған «Сыр медиа» ЖШС қатарына енген «Қармақшы таңы» газеті жаңаша леппен оқырманға жол тартуда. Заманауи баспаханадан шығатын газет сапасы жағынан да, рухани бағасы жағынан да кенде қалған жоқ. Туған жерден шалғайда жүргендер өз топырағының жағымды жаңалықтарын газеттің сайтынан оқи алады. Уақыт талабынан тыс қалмай, оқырманға бар жағдайды жасаған басылым беделі бүгінде биік шыңда екені рас.
Ұжым қашанда шығармашылығын жан-жақты дамытып, оқырман қауымның жүрегінен орын табуға, ашық және ауқымды ақпарат ұсынуға, мазмұнды да маңызды мәлімет жариялауға жұмыс істеп келеді. Аудан айнасына айналған «Қармақшы таңы» талай еңбек ерлерін, абырой ақсауытын арқалаған азаматтарды, қызметте құрметке бөленгендер мен өмірден өз орнын тапқан тұлғаларды назардан тыс қалдырған жоқ. Қармақшыдағы ілкімді істерді, жағымды жаңалықтар мен жасалған жұмысты жариялайтын ауданның жаңалық жаршысы көпшіліктің күнделікті көз тастайтын құралына айналған. Оқырман қауымның басылымға деген құлшынысын газеттің әр санын іздеп жүріп оқитын, оқығанымен бөлісіп отыратынынан-ақ байқауға болады.
Төл басылымда алғашқы қызметін бастаған, газеттің тыныс-тіршілігімен танысып, сол газеттен түлеп ұшқан түлек ретінде мен де алғашқы ұжымымның ақпаратын назардан тыс қалдырмаймын. Тың тақырыпқа толы газетті оқып, аудандағы айшықты оқиғалармен танысып отырамын. Газеттен және оны жазатын ұжымнан алған тәлім-тәрбием бүгінде қызметте де, өмірде де көп септігін тигізетіні жасырын емес. Газетте қызмет еткен бір жылдың ішінде мәңгілік мәнін жоғалтпайтын, өмірлік азық болар ақыл мен парасатты молынан сіңірдім. Бүгінде тоқсан жыл толассыз басылып, үздіксіз жарияланып отырған «Қармақшы таңына» тілерім де – мәңгі ғұмыр. Сарқылмас шабыт пен шығармашылық жетістіктің арқасында аудан айнасы абыройынан арылмай, қоғамның қолынан түспей, оқырманнның ойынан кетпей жүрсе деймін. Басылым қашанда жақсы жаңалықтың жаршысы, аудан тынысының тірегі мен шығармашылық ұжымның жүрегі болсын. Ақпарат ағыны толассыз дамып жатқанда аудан айнасына әр адам асығып тұрсын. Себебі газет – оқырманымен өміршең.
Аслан НҰРАЗҒАЛИ
 
21 маусым 2022 ж. 454 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 040

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031