Аудан әкімі төл басылымды 90 жылдық мерекесімен құттықтады
Құрметті журналистер
қауымы!
Қадірлі газет ұжымы!
«Қармақшы таңы» газеті – ауданымыздағы өзіндік өрелі тарихы бар, бағыт-бағдары айқындалған, қалың оқырманы қалыптасқан беделді басылым.
Өткен ғасырда «Екпінді» атты шағын газеттен бастау алған басылым осынау жылдар ішінде қызығы мен қиындығы мол үлкен жолдан өтті. Газет «Екпінді», «Қызыл ту», «Коммунизм шамшырағы» болып шыққан әр жылдары қармақшылықтардың ел ырысын молайту жолындағы ерен еңбегін насихаттап, көпшілік оқырманға жеткізіп отырды.
Сондай-ақ, қасиетті Қармақшы өңірінің жасампаз істерге толы шежіресін жазуға «Қармақшы таңы» газеті зор еңбек сіңірді. Қай кезеңде қызмет етсе де уақыттың өз талабына сай өңірдің толымды өзгерістерін паш етіп, өлкенің жылнамасын жасауға сүбелі үлес қосты.
Аудандық «Қармақшы таңы» газетінің ұжымын және ұзақ жылдар осы басылымда қызмет етіп, қазір құрметті демалыста жүрген ардагерлерді газеттің 90 жылдық мерекесімен құттықтай отырып, баршаңызға амандық, шығармашылық табыс тілеймін!
Киелі Қармақшы елінің өркендеуі жолында қаламдарыңыз мұқалмай қызмет ете беріңіздер.
Құрметпен,
Қармақшы ауданының әкімі
Әділбек Ерсұлтанов