» » Жемісті жылдар, жеңісті жолдар

Жемісті жылдар, жеңісті жолдар


Бірде бір үлкен кісінің «не нәрсені де бастау қиын»дегенін құлағым шалып қалған еді. Өмір шеберде шынымен де қарап отырсақ, бір нәрсені бас­тау қиын екен. Басталған іс әрмен қарай өз арнасымен жылжып жүре бермек. Бастау демекші, аптасына оқырманымен екі мәрте қауышатын «Қармақшы Таңы» газетінің де ең бір қиын-қыстау, ең бір ел басына күн туған зауалды жылдарда алғашқы нөмірінің шыға бастағаны әлгі қарттың сөзін еске салғандай.
«Балапан басына, тұрымтай тұсына» тап келген сталиндік репрессия, елді жайлаған аштық пен ашаршылықтан тұралатқан сол бір 1932 жылдың 1 сәуірінде ауданның бас басылымының алғашқы саны жарыққа шыққан екен. Міне содан бері тоқсан жылға жуық уақыт толағай тарихқа айналды. Осы жылдар аралығында атауын төрт мәрте ауыстырған ақпарат құралы алғашында «Екпінді», «Қызыл ту» атанса, 1963 жылдан бастап «Коммунизм шамшырағы» болып өзгерген. Ал Тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері аудан тұрғындары  «Қармақшы таңы» газетінің айнымас серігіне айналды.
Заманның қиын да күрделі кезеңінде басылымның жарық көруіне халық белсенділері С.Томанов, Ж.Науанов, Б.Елдосбаев, Е.Көлбаев, С.Өтепов, Ы.Із­банов секілді азаматтар атсалысқан. Ауданның әлеуметтік-экономикалық өсуі мен мәдениетінің дамуына әр жылдарда басылымға басшылық еткен редакторлар Ж.Есетов, К.Алматов, Қ.Тұрғанов, Н.Жәкеев, Я.Пірімбетов, Ж.Дүйсенов, О.Қожахметов, С.Жарылқасынов, С.Үсе­баев, М.Нұржанов, Ж.Құлымбетов, Ә.Са­тыбалдиев, Қ.Әбдешов, Ш.Дәрмағам­бетов, Ә.Аманов, А.Үсенов, Ш.Құндақбаев. Д.Садықтың айтулы қолтаң­басы жатыр.
Газет – қоғамдық пікір қалып­тас­тырушы құрал болумен қатар, оның ұрпаққа берер тәрбиелік және рухани құндылық ретіндегі маңызы да зор. Ата-дәстүр, шежіре тарқату мен келешек өскінге тәлім боларлық дүниелер жазған ақсақалдар Ә.Қайнарбаев, Ә.Жұматаевтар басылымға тұрақты түрде қатынасса, Сыр сүлейі Т.Ізтілеуов, ақын-жазушылар Т.Үркімбаев, Т.Салқын­байұлы, М.Дабылов, Б.Қасқыр­баев, К.Алдоңғаров, М.Жүсіпов, Ә.Егізбаев тағы басқаларының шығармалары газетте жиі жарық көріп тұрды.  Одан бөлек, И.Бекмаханов, Ж.Сәденов, Н.Таубаев, З.Қамбарова, С.Пірманов, З.Дәулетбаев, Б.Дастановтардың мақалалары да оқырманның сұранысына ие болды. Жас буынды еңбекке үндеп, жас­тар тәрбиесіне жауапкершілікпен қара­ған Т.Әбдікешов, О.Қошыманов, Ә.Құланбаев, Қ.Нәметшалар өңір айнасына үзбей қалам тербеді.
Саналы ғұмырының алпыс жылын аудандық газетпен байланыстырған Ізбасар Пірімов Ұлы Отан соғысы жылдарында бет басушы болып қызмет еткен.  «Газет басып шығару ол кезде электр жарығы болмағандықтан кетпенмен егін еккенмен бірдей болатын. Неге дейсіз ғой? Шетелдік баспа құралдың тұтқасын аяғымызбен басып, бір қолымызбен қағазды оның бетіне саламыз да, енді бір қолымызбен оған ілесе келесі бетін аударып, терлеп-тепшіп басып шығаратынбыз. Сондай қарбалас кезде сол қолыммен басылған газетті алып жатқанда үш саусағым бас­па құралының арасында қалып кетті. Осындай қиыншылыққа қарамастан күн-түн демей еңбек етіп, газетті шығарып, оны мезгілінде оқырмандарға жеткізуге асығатын едік. Оқ пен оттың арасында жүрген жауынгер ақындар О.Қошыманов, Б.Қасқырбаев, Ә.Әлиасқаров, Ә.Егізбаев, А.Қожахметов, М.Жүсіповтердің үш бұ­рышты хаттары мен өлеңдері «Қызыл ту» газетінің беттерінде жарық көріп жататын» деп жазды сол кездерде.
Ауыр бейнет, зор мехнат сол уақытта ешкімге де жеңіл тимегені рас. Ізбасар ағамыз: «Менің тілші, Қазақстан Журналистер одағына мүше болуыма «Қызыл ту» газетінің сол кездегі редакторы, туған нағашым Сахи Жарылқасыновтың көп ықпалы болды. Бет басушы газеттің келесі санын шығарғанға дейін бос болады. Редакцияда санаулы ғана адам. Қызметкерлер жетіспейді. Редактор мені аудан орталығындағы мекемелерге мақала ұйымдастыруға жібереді. ҚазТАГ-тан хаттар алуға жұмсайды. Осының барлығы маған үлкен әсер етті» деп айтқан болатын сол жылдар хақында.
Газетке 1963 жылдан 1990 жылға дейін Ә.Аманов басшылық етті. Білікті редактор басылымның жетілуіне, сапасы мен санының өсуіне едәуір үлесін қосты. Қаламы бар жастарды тәрбиелеуде де ол кісінің жанашырлығы көп болды. Солардың бірі – Бақыт Қаналиева: «Ол жылдары баспахана қызметі ауыр, әріптер қолмен терілетін. Бөлшектер жетіспейді. Терім машиналары жиі-жиі істен шығады. Соның салдарынан газет шығару ісін кей күндері таңды атырып, жаңа жұмыс күні басталып жатқанда әрең бітіруші едік. Осы қиындықты бас­пагерлермен бірге кезекші журналист, жауапты хатшы, редактор да бастан өткізеді. Жұмыс беймезгіл уақытқа созылса да әріп теруші, бет жасаушы, газет басушы қызметкерлер Т.Алдажарова, К.Есмамбетова, Н.Сұлтанова, Ш.Мол­дабекова, А.Қожабаев, Т.Сайтов, Д.Жөнейтова, Ә.Әбжалиева, Ш.Битенова, Т.Иманбаева, М.Төлековтер қабақ шытуды білмейтін» деп мамандардың риясыз еңбектерін тілге тиек етеді.
Аудандық газеттің тарихында фототілшілер Б.Дәулетбаев, Қ.Жүсіп­беков, Н.Алданазаров, сондай-ақ алғашқы өлеңдері аудандық газетке жария­ланып, кейіннен республикаға танылған Ә.Ахметов, Қ.Көпішов, Ө.Күмісбаев, М.Сарикова, жазушы Н.Сера­лиев, ақындарымыз Қ.Шыңғысов, Н.Торманова, Ү.Өндібаева, белгілі журналистер Б.Әлменов, Ш.Есмұрзаев, Р.Жарылқасынов, Ш.Құттаяқов, А.Сәдібе­ковтердің орны айрықша.
1991 жылы елімізде тәуелсіздіктің таңы атты. Жаңа леппен шығарыла бастаған басылымның атауы көп­шіліктің шешімімен «Қармақшы таңы» деген атауға өзгертілді. Өтпелі кезеңде газет облыста бірінші болып, аптасына екі рет түрлі-түсті бояумен шыға бас­тады. Елмен бірге жаңарған газеттің де бағыты жасарып, ұмытылып бара жатқан ұлттық құндылықтар, өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен халқымыздың төл тарихы тұрақты насихатталды.
Ширек ғасырдан аса уақыт газетті А.Үсенов басқарды. «Қарлығаш», «Тамшы даусы», Өміршебер» кітаптары мен «Бастау», «Дария жыры», «Жүректегі жауһарлар» атты жинақтарға жырлары енген А.Үсенұлының газет беделін көтеруге, оқырман санын арттыруға сіңірген еңбегі зор.
Еңбек жолын ұстаздықтан бастап әртүрлі ұйымдастырушылық, басшылық қызметтер атқарып, басылымға редакторлық еткен Ш.Құндақбаевтың да газет тарихында өзіндік орыны бар.
Бүгінде аудандық газет Елбасының, Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы Жолдауларын ұдайы назарға алып, материалдар жариялап отырады. Газет шығарумен қатар, «Қармақшы таңы» газетінің сайты тұрақты жұмыс істейді. Ол арқылы оқырмандар газеттің электронды нұсқасымен де қосымша танысып оқи алады. Сайттың апталық қаралымы – 18500-ге жетіп отыр. Ақпараттың жылдамдық әлеуетін арттыруда әлеуметтік желілермен жұмыс істеліп, парақшалар ашылған.
Қазіргі кезде кент, елді мекендерге іссапарлар жиі ұйымдастырылып, ауыл өмірінің тыныс-тіршілігінен репортаж, жолсапар, мақалалар жазылып жүр. Әрбір сала бойынша арнайы беттер беріліп, онда сол саланың жаңалықтары, өзгерістері, игі қадамдары жазылады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын және діни тақырыптарды қаузайтын «Діңгек», білім саласын қамтитын «Білте», мәдениет пен өнерге арналған «Шілтер» және басқа да беттер мен «Сараптама», «Журналистік зерттеу», «Өзек», «Бүгінгі күн тақырыбына», «Мезгіл мәселесі» айдарлары газет мазмұнын байытып, тереңдете түсуге септігін тигізуде.
Қорыта келгенде, аудандық газет – аудан тынысының кешегісі мен бүгіні һәм келешегі. Талай журналистің тәжірибе жинақтап, өмір мектебіне айналған шығармашылық ұстаханасы, халықтың айнасы. «Қармақшы таңы» – Сыр журналистикасында өзіндік орыны бар бірегей басылым!  
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА       
26 маусым 2021 ж. 539 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031