» » ЖАҢҒЫРЫҚ

ЖАҢҒЫРЫҚ

Биыл өткен ғасырдың 30-шы жылдарының басында орын алған зұлмат ашаршылық оқиғасына 879 жыл және сталиндік жаппай қуғын-сүргін қасіретіне 82 жыл толып отыр. Орны толмас бұл қасірет бұрынғы ТМД мемлекеттері бойынша 7 млн. адамның құрбан болуына әкеп соқтырса, олардың 1,5 млн-нан астамы Қазақстанға тиесілі еді.
Деректерге көз жүгіртсек, нәу­бет жылдарында, дәлірек айтқанда, 1927-1939 жылдар арасында Қазақстанда 100 мыңнан астам адамның қуғын көріп, 25 мыңнан астам адамның атылғаны туралы айтылады. Ал біздің облыс бо­йынша қуғын-сүргінге ұшыраған 7 мыңнан астам адамның 69-ы қармақшылық, яғни өз ата-аналарымыз, олардың бауырлары болып шықты. «Сталиндік репрессия», «Голощекиндік геноцид» деген атаумен тарихта қалған бұл жылдардың зобалаңы жекелеген адамдардың ғана емес, тұтас бір ұлттың, тұтас бір халықтың жойылып кетуіне әкеп соққанын тарих біледі. Еңкейген кәрісі мен еңбектеген жасына дейін бір ауылдың, бір ауданның халқын жер аудару көрінісін біздің ІІІ Интернационал ауылының байырғы тұрғындары басынан кешірді. Аудан жеріне сонау 1936-1937 жылдары сталиндік қуғын-сүргін әсерінен депортацияға ұшырап, өңірге қоныс тепкен кәріс, түрік халқы өкілдері қазір өз туысымыздай. Грузияның таулы өңірлерінен жер аударылған түрік ағайындардың да бұл күнде Қашқансу жерін өз жеріндей, жергілікті тұрғынын туған бауырындай көріп, құда-жекжат болып мидай араласып кетті. Қиын-қыстау жылдарда жалғыз шабадан мен бірді-екілі түйіншек ұстап келген ата-аналары мен туған-туыстарын қазақ халқының зор мейіріммен, аса қамқор пейілмен қарсы алғанын айтып, ұлтқа алғысын жаудырады. Ұлты мен діні, тілі мен діліне қарамастан, мыңдаған адамдар  тоталитарлық жүйенің диірменіне түсіп, күнәсіз сотталды. Туған жерінен аяусыз айдалып, түрмеде жазықсыз көз жұмды. Бүгінгі жас ұрпақ азат, тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматы үшін оларды еске алу және есімдерін есте сақтау қасиетті парыз.
– Ауылда жыл сайын 31-мамыр – Саяси-қуғын сүргін құрбандарын еске алу күні атаусыз өтпейді. «Тағзым кешін» ұйымдастырып, өткенді бір сәт еске аламыз сол күні. Менің бала күнім әлі есімде. Осы ауылға құндақтаулы  келіппін. Жастық шағымыз тым ауыр болды. Қазақ ағайындар ешқашан жатсынған емес бізді. Бір үзім нанды бөліп жеп, әке-шешеміздің қиындықпен күрескені көз алдымда. Кеңес одағы тұсында коммунистердің солақай саясаты салдарынан миллиондаған адам жазықсыз жапа шекті. Содан бері бір ғасырға жуық уақыт өтсе де, халық ол қасіретті ұмытар емес, – дейді нәубет жылдардың тірі куәгері, ІІІ интернационалдық түрік ағайын Мураддин Мардиев. Иә, 1937 жылдары осы ауылға бірнеше өзге ұлт отбасылары келіп тұрақтады. Олар біздің елге өз ұлтының артықшылықтарын ала келді. Жерді баптау, күріш шаруашылығымен айналысуда кәрістер асқан шеберлік көрсетті.
Сол жылдары өксіп жылап қалған ұрпақ бабалар аңсаған бүгінгіні көріп, бақыт бесігінде тербеліп отыр. Әйтсе де зар заманның зұлымдығы жүректе, тарихтың таңбасындай сақтаулы.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылдан бастап атап өтілетін бұл дата Қазақстан үшін айрықша мағынаға ие. «Халық жауларын» анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті. Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Олардың арасында қазақ зиялылары: ғалымдар, мәдениет қызметкерлері мен саяси қайраткерлер болды.
«Мың өліп мың тірілген» қазақ шынында да талай нәубетті, талай тозақты бастан өткерді. «Елім-айлап» жат елге жер ауып, босқындықты да, жетімдікті де, азапты да көрді. Шүкір, қазір тәуелсіздік таңы атқанына да 30 жылға жуықтады. Қазақстанды төрткүл әлем таныды. Қандай биікті бағындырса да ата-бабаның арманы, тәуелсіздік үшін қасық қаны қалғанша күрескен еңбегі барын ұмытпайды.
Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ,
«Қармақшы таңы».
31 мамыр 2019 ж. 1 478 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 032

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031