» » Зұлмат жылдар зобалаңы

Зұлмат жылдар зобалаңы

Мың өліп, мың тірілген қазақ халқының басынан небір қиыншылық пен зұлматты жылдар өткендігі тарихтан белгілі. Бұл жылдардағы тарихтың әлі де толық ашылмаған тұстары жеткілікті. Патшалық Ресейдің отарлау саясаты, 1928 жылдардағы тұмау-сүзек, 1932-33 жылдарғы ашаршылық, 1937-38 жылдарғы қуғын-сүргін, 1941-45 жылдарғы Отан соғысы қазақ халқына келген зор нәубет кез болып, халық санының өсуін тежеп, есесіне оның саны бірнеше есе кемітті.
Деректерге сүйенсек, XX ғасырдың 20 - жылдарының соңы, 30 - жылдардың басындағы Голошекиндік «кіші Қазан» науқаны, 1927 жылғы ЦК БКП (б)– ның желтоқсанындағы пленумнан бастау алған 1932-33 жылдарғы күштеп ұжымдастыру,отырықшыландыру, 1928 жылғы бай мен орта дәулеттіні конфескілеу, меншігінен айыру, жер аудару, тап ретінде жою арқылы қолдан жасалған ашаршылық пен түрлі қысымнан 3 млн-ның үстінде қазақ аштан қырылған. 1931 жылы Қазақстанның 1миллионан астам адам жер аударылса, 100 мыңдаған қазақ Қытай, Ауғанстан, Иран мемлекеттеріне шекара асып кетті. Соның салдарынан 1926 жылғы Бүкілодақтық халық санағында Кеңес Одағы құрамындағы қазақ ұлты саны 12 млн. болса, 1939 жылы 3 млн. 100 мың 949 ғана қазақ болып, осы аралықтағы уақытта елдегі қазақтардың саны 70 процентке азайған. 1927-39 жылдарғы сталиндік қуғын-сүргін нәубеті кезінде 25 мың адам атылып, ГУЛАГ түрмелерінде 75 мың адам ұзақ мерзімге сотталған 100 мың жазықсыз адам түрме қабырғасында атылған, ауырып өлген. Олардың 7000 мыңы Сыр бойынан болса, оның 669-ы қармақшылықтар еді.
Елге келген ірі нәубеттің бірі Кеңес өкіметі жүргізген 1930-1940 және 1950 жылдардың басындағы «халық жауларын», «сатқындар мен шетел жансыздарын», «ұлтшылдар», «әлеуметтік қауіпті элементтерді» жазалау болды. Бұл Кеңес Одағының осы жала арқылы ел зиялыларын, бас көтерер азаматын құртып, елді тізгіндеп ұстап отыруға арналған саясаты еді. Науқан кезінде ағайын мен ауылдас арасында аяқтан шалу, жала жабу сияқты жағымсыз әрәкет етек алып, соңы жаппай тұтқындауға ұласты.
Бұл жағдай қазіргі Даулыкөл, бұрынғы №10 және №12 ауылдарда да етек алып, көптеген ауыл азаматы тұтқындалды. Оның ішінде, ел басқарған 15 адам, яғни Қожамжар Жүсіпов, Үбісұлтан Аяпов, Мырзатай Байсақалов, Мәдір Дайрабаев, Тілеу Ерекешов, Әбзәли Егізбаев, Бұхарбай Есбаев, Тілеу Жұбаев, Тебеген Қожаназаров, Назар Тұрабаев, Байділда Найзабаев, Жылқыбай Өтегенов сынды азаматтар жазаға тартылды және олардың әрқайсысына 15-20 жылға жазаға кесіліп, 2 жылдан 5 жылға дейін сайлау-сайлану құқығынан айрылды.
Сол ауыл тұрғындары арасында Ақбала Күнтуарова Қызылорда қаласындағы түрмеде қайтыс болса, Тілеу Ерекешов, Нұржан Құтышов, Өмірбай Қаражанов, Мырзатай Байсақалов, Мәдір Дайрабаевтың Магадан, Нагаев қаласы маңындағы лагерьде қайтыс болғаны туралы дерек бар, ал Тебеген Қожаназаров пен Бұхарбай Есбаевтың Сібір жерінде қайтыс болғаны белгісіз күйде қалды.
Зұлматты жылдардағы жазықсыз жапа шеккендердің әрқайсысы жеке-жеке тарих. Оларды зерттеуді, зәрделеуді тарихшылар мен бүгінгі ұрпақ үлесіне қалдыра отырып, даулыкөлдік Қожамжар Жүсіпов пен Тілеу Ерекешовтердің өмір жолдары мен олардың қуғын-сүргінде көрген азаптарын оқырман білсе деймін. Қожамжар Жүсіпов.
1907 жылы Қармақшы ауданының № 10 ауылдық кеңесінде туған. Негізі кедей – шаруа. Бірақ, озық ойлы сауатты еді. 1934-1937 жылдары ұжымшар төрағасы, ауылдық кеңестің хатшысы, төрағасы, 1938 жылдың мамыр айынан «халық жауы» деп қамауға алынған қазан айына дейін аудандық атқару комитетінің кадр даярлау бөлімінің бастығы қызметіне дейін көтерілген.
Оған тағылған кінә Қармақшыда Кеңес өкіметін жоймақшы болған, Кеңес өкіметіне қарсы ұлтшыл ұйым құрып, соған жетекшілік еткен. 1937 жылы ұжымшарда су жүйесінен алыс жерге 80 гектар бидай егіп, оның 70 гектары сусыз құрғап қалған, ауылда төрт түлікті аяусыз союды ұйымдастырып, соның салдырынан сол жылы ауыл бойынша 40 бас мал құртылған. Сонымен бірге ру тартысын ұйымдастырып, ауыл шаруашылық жұмыстарының уақытылы орындамаған деген айып тағылды. Қожамжар Жүсіпов өзіне тағылған айыптарды мойындамағаны үшін тергеуші оны 7 күн бойы тамақ бермей аш ұстау арқылы азаптап, тағылған кінәні еріксіз мойындауға мәжбүрлеген. Осы қылмыстары үшін де ол 20 жыл бас бостандығынан айрылған еді.1940 жылғы 18- қарашада НКВД тергеушілерінің істі қысқартуымен 1941 жылы 22- сәуірде бостандыққа шықты. Елге оралған соң ол аудандық тұтынушылар одағында қызмет етсе, соғыс басталған жылы ел адамдары оны өз ұжымшарына төраға етіп сайлады.
Қ.Жүсіпов барлық азаматтың майданда от кешіп жүргенде елде бой тасалап жүруіне ары шыдамай 1942 жылы өзі сұранып майданға аттанып бөлімшенің саяси жетекшісі, кейін бөлімше командирі шенінде соғысқа кіріп, 194 3жылы 10 қазанда Витебск қаласы маңында қаза тапты. Мүрдесі сол өңірде, яғни Дубровенск ауданы, Рилсхи деревниясы, Пухин станциясында бауырластар зиратында.
Сондай-ақ, 1897 жылы кедей шаруа отбасында дүниеге келген шала сауатты, №10 -ауылдық кеңесі, Ақжар ұжымшарының төрағасы Тілеу Ерекешов те осы зұлмат жылдарда жазықсыз жапа шеккендердің бірі. Ол Кеңес өкіметіне елдің наразылығын туғызу мақсатында Қ.Жүсіповтың тапсырмасы мен 1937 жылы зиянкестік мақсатта егістік жерді соқамен таяз жыртқанынан жерді арам шөп басып, егін дұрыс шықпады, 12 бас малды өлтіріп, 1938 жылы жерге егілуі тиіс жоспарланған 7 гектар тарыны екпегені үшін, 13 гектар бидайға, 10 гектар күрішке уақытылы су бермеген соң егін шықпады деген айып тағылып, сот шешімімен К.Жүсіповпен бірге Магаданға айдалған. НКВД-ның 1940 жылғы 15- қаңтардағы қатынасы бойынша Т.Ерекешов 1939 жылы 31- қазанда НКВД лагерінде қайтыс болды десе, 1941 жылы 14- қаңтардағы қатынасында оны бірнеше адамдармен Магадан лагерінен облыс орталығына жіберілді деп көрсетілген. Бірақ, оның мүрдесі Сібір орманының қай жерінде қалғаны белгісіз.
Біз барлық уақытта жазықсыз жапа шегіп, тоталитаризмнің құрбандарын үнемі есте сақтап, олардың өмір жолын кейінгі ұрпаққа таныстыруды мақсат етеміз және парызымыз деп білеміз. Ол заманның екінші қайтып қайталанбауын тілейміз. Дегенмен, осы аталған және басқа да сталиндік геноцид құрбандарын тек осы күні ғана еске аламыз. Ал, басқа уақыттарда оларды ұрпақтар есінде сақтау, ең болмағанда туған ауылында ешқандай шаралардың, ескерткіш белгілердің не көше атауының берілмеуі көңілге қаяу түсіреді.
Сұлтанбек МЫРЗАБАЕВ,
білім саласының ардагері.
30 мамыр 2018 ж. 2 872 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031