» » » Алпыс жылдан бері айнымас ақылшым

Алпыс жылдан бері айнымас ақылшым

Тұлпар мезгілде тоқтау жоқ. Жалпы қайбір кісімен әңгімелесе қалғаныңда немесе үлкен бір ортада кездесе қалғанда «естігенімді айтайын ба, көргенімді айтайын ба, әлде оқығанымды айтайын ба?» дей қойсаң, «естіген жалған болар, көргеніңді, оқығаныңды айт» деген қағида бар. Олай дейтінім бала кезімде үлкендердің қолында, қонышында, қалтасында «Qyzyltý» деген газеттің жүретінін көп көретін едім.Кез келген жерде «ана біздің түгенше, ана біздің пәленше газетке шығыпты» деп үлкен мақтаныш сезіммен қуана айтып, жар салып, сүйінші сұрайтын кезеңдер де менің кәдімгідей есімде. Себебі естігеннен гөрі оқыған нақтырақ болар. Оны әбден сараптап, көріп, тексеріп жазады деп газетке жарияланған материалдарға үлкен сеніммен қарайтын уақыттарды бастан өткіздік. Ленин кеңшары, қазіргі Тұрмағамбет ауылында мектепте 5-6 класс оқитын кездеріміз болу керек. «Ленин жолы» деген газетке марқұм кластасым Бақыт Бүркітбаев екеуміздің «Велосипед бөлшектері табылмайды» деген мақаламыз шықты. Сонан көп уақыт өтпей ауылымыздағы жалғыз дүкенге сол біз жазған мақала сынына сай велосипед бөлшектері келіп, мәз-мәйрам болған да кезімізді ұмыта алмаймын. Менің бала жүрегімде газетке деген үлкен сенім, оның құдіретіне деген шексіз берілгендік қалыптасты. Міне, мен әңгімеге арқау етіп отырған осы өзіміз күнделікті әр нөмірін асыға күтетін «Қармақшы таңы» газетінің аты төрт рет өзгерді. Ең алғаш «Ekpіndі», «Qyzyltý», «Коммунизм шамшырағы» және «Қармақшы таңы» болып тұрақтады. Елі, халқы қадірлеген, өмір бойы аудандық газеттің «штаттан тыс тілшісі» болған ақылгөй, ақсақал Төребек Жанболғанов ағамыздың 1932 жылы 12 сәуір күні Жұмабай Есетовтың редакторлығымен «Ekpіndі» газетінің алғашқы нөмірі жарық көреді. Сол уақыттарда Төребек ақсақал сол газетте әріп теруші болып жұмыс істеп, ең алғашқы «Ekpіndі» сөзін өз қолымен тергенін ол кісінің өз аузынан естіп едім, жарықтық. Сондықтан да «Қармақшы таңы» газетіне мектеп қабырғасында жүрген кезденақ бауыр басқанмын. Бұл газет сонан бері серігіме айналды. Қазіргі уақытта газеттің мазмұны да, көтеретін мәселесі де өзгерді. Көрші-көлем, ауыл-аймақ емес, дүние жүзінің тынысын өлшеп, тірлігін екшеп, елеп отыратын басылымға айналғанына қуанып отырамын. Қазір өзім Қызылорда қаласында 10 жылдан астам уақыт тұрсам да, осы «Қармақшы таңы» газетін жаздырып алып, шыққан күні оқимын. Өзім де осы серігіме айналған газетіме мақалалар жазып тұрамын. Газеттің қызметкерлерімен жиі байланыста болып пікірлесіп, ақылдасып отырамыз. Сөздің шыны керек, қазіргі оқу ағарту саласындағы мұғалімдер, дәрігерлер, мемлекет қызметінде жүргендер газетті көп оқи бермейді. Осы мәселеге байланысты менің өмірлік ұстазым болған білікті басшы Елеу Көшербаев жұмысқа келгенде ең бірінші ол кісінің жұмыс үстелінің үстінде аудандық газеттің сол күні шыққан, жаңа сиясы кеппеген нөмірі жататын еді. «Елу жылда ел жаңа» дегендей, кейбір замандасымыз да газеттің рөлін интернет атқарады деген шолақ түсінік қалыптасқан. Өмірдің, қоғамның шындығы – кітап, газет оқымағанның өресінің өспей, тіл құнарының тоқырап қалғанын байқап та, көріп те жүрміз. Ал газет кітаптың шағын түрі, одан іздегеніңіз табылады. Газет оқудың ең бір құндылығы – туған ауылыңда, жеріңде, еліңде қандай жаңалықтың болып жатқанын өз ойыңмен сараптай алатыныңда деп түсінген дұрыс болар еді. Менің ұстазым болған өте сауатты, әрі білімді азамат Жаңаберген Сәденов ағамыз бір кездері ауданды басқарып отырған бір шәкіртіне одақтық, республикалық, облыстық басылымдарда жарық көрген құнды-құнды материалдарды жиі апарып беріп жүретін. Жәкеңнің қандай бір басылымдарда жарияланған материалдардың астын сызып, талдап, сараптап оқуына қызығушылықпен қарайтын едік. Менің тұстастарым, замандас құрбы-құрдастарым ең әуелі аудандық, облыстық басылымдарды бір көріп шықпай көңілдері көншімейтінін жақсы сезінемін. Бұл мақсатта аудандық, ауылдық ардагерлер ұйымы баспасөздің маңыздылығын жас ұрпаққа насихаттап жүрсе артық емес. Сондықтан да көпшілік бас қосқан орындарда өзімнің айнымас ақылшым болған аудандық «Қармақшы таңы» газетіне жазылуға үндеп отыратынымды да жасыра алмаймын. Нұртілеу САЛЫҚОВ, Қармақшы ауданының құрметті азаматы
28 қараша 2020 ж. 679 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 043

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031