» » БАСЫЛЫМ БАҒЫНДЫРҒАН БЕЛЕС

БАСЫЛЫМ БАҒЫНДЫРҒАН БЕЛЕС

Қоғам күнде өзгеріп, жаңаруда. Осындай жаңалығы мен жаңаруы көп қоғамның ақпарат айдыны көз ілеспес жылдамдықпен дамуда. Қозғаушы күш һәм қоғамдық пікір қалыптастыруда мерзімді баспасөздің алар орыны айрықша. Оның ішінде 87 жылдық тарихы бар «Қармақшы таңы» газетінің осынау уақыт аралығында бағындырған белесі аз емес.
Ізгілікті ізі сонау 1932 жылдан бастау алған аудандық басылым аты – заман ағымына қарай 4 мәрте өзгергенімен, оқырман алдындағы жауапкершілігін ұмытқан емес. Әр кезеңде білікті де білімді тілшілермен толығып, халықтың сұранысына орай тұшымды ақпаратпен қамтамасыз ете білді. Ата-баба армандаған тәуелсіздік жылдарында да тыңнан түлеп, халықтың жүрегінен шығатындай шынайы басылымға айнала білді.
Басылым бетінде оқырманның талғам-таразысына сай мемлекетіміздегі болып жатқан ақжолтай жаңалықтар, рухани жаңғыруға байланысты ел мен жер тарихы, еңбек адамы мен көптеген көкейтесті мәселелер үнқағазда жарияланып, уақытында шешімін тауып отырды.
Аудан айнасы бүгінде айтары бар, өзіндік бет-бейнесі қалыптасқан басылым. Облыс көлемінде бұқаралық ақпарат құралдары ортасынан ойып орын алып, бірнеше мәрте үздік басылым қатарынан көрінді. Мысалы, 2006 жылы «Президент Жолдауының талабы – бәсекеге қабілетті бұқаралық ақпарат құралдарын құру» атты ІІ облыстық медиафорумында «Аудан айнасы» номинациясымен марапатталса, 2018 жылы байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған «Қанатты қалам – 2018» облыстық байқауында «Үздік аудандық басылым» номинациясын жеңіп алды.
Ғасырға жуық баянды ғұмыр кешіп отырған ата басылымда бірнеше ұрпақ өкілі қызмет етіп, елдің алғысына бөленіп келеді. Ұрпақ сабақтастығын жалғаған тілшілер қауымының бірнеше өкілі тәрбиеленіп шығып, ол дәстүр бүгінде өз сабақтастығын жалғастыруда. Газеттің татымды тарихында аға буынның есімі ерекше аталады. Атап айтқанда, қарымды қаламгерлер: Жарас Ахметов, Әбілахат Жанәділов, Мырқы Исаев, Айжарық Сәдібеков, Ақкөл Отарбаев, Қосылған Әбжанов, Оқас Тәженов, Кенже Күмісбаев, сондай-ақ Күлпариза Ахметова, Шәкизада Құттаяқов, Рашид Жарылқасынов, Қанибек Молдахметов, Мағираш Сарикова, Ибрагим Бекмаханов, Шәкизада Әбдікәрімов, Мәди Қайыңбаев, Мырзамұрат Ілиясов, тағы басқасының есімі оқыман жадында жаттаулы. Айтулы басылымнан түлеп ұшқан Жайна Сламбек, Гүлжазира Жалғасова, Мөлдір Қалымбетова қанатты қаламды жанына серік еткен білікті мамандар.
Газет тарихына – 87 жыл. Бұл – өнегелі жолдың өшпес ізін қалдырған талай аға-апаның маңдай тері сіңген, қаламы ширыққан қала берді үрімдей жас болып келіп, ата, әже атанып, зейнетке шыққанға дейін абыройлы жолды бағындырған құтты мекені. Редакцияның шығармашылық және баспахана ардагерлері Мариямкүл Әбдіраманова, Баян Әлиасқарова, Галия Есетова, Жұмагүл Жайшылықова, Ақсұлу Ршауова, Бақыт Қаналиева, Нарша Алданазаров, Алтын Убайдуллаева, Баян Ұзақбаевалардың есімі елге елеулі.
Басылым – қай кезеңде де халықтың жүгін көтеріп, ойындағысын дөп басумен ерекшеленді. Қоғамға өзіндік үн қосып, оның дамуы мен нығаюына сүбелі үлесін қосты. Рухани жағынан демеп, ауызбірлікке, ынтымаққа бағыттады. Алғаш рет «Екпінді» болып басылып шыққанда еліміздегі ұжымдастыру, сауаттандыру саясатының жүзеге асуына басылымның қалайша үн қосып, халықты соған қалайша бейімдегенін байқаған болсақ, мұндай көріністі «Қызыл ту», «Коммунизм шамшырағы» кезінде де аңғарар едік.
Газеттің ұзақ жылғы шежірелі жолына көз тігер болсақ, ұжым басқаруда бас редакторлардың да салмақты да салиқалы қолтаңбасын көреміз. Алғашқының аты – алғашқы. Бұрын із түспеген соқпаққа жаңадан із салып, оны әрі қарай сүрлеуге айналдыру – қиынның қиыны екені рас. Бұл ретте, алғашқы редактор Жұмабай Есетов ағамыздың басылымның аяғынан қаз тұрып, ел өміріне еркін енуіне сіңірген еңбегі өлшеусіз. Зобалаң жылдардың зардабы бірінші кезекте қазақтың қаймағы – қаламгерлерге тигені белгілі. Екінші редактор Көшен Алматов та көптеген зиялы қауым өкілі секілді «Халық жауы» атанып, жазаға тартылғанның бірі. Оның аяулы есімі кейінгі жылдары ғана ақталып, есімі ел есіне қайта оралды. Басылымның «Қызыл ту» болып тұрған кезінде Қанапия Тұрғанов, Нұрділда Жәкеев, Яхия Пірімбетов, Омар Қожахметов, Сахи Жарылқасынов, Сейіткамал Усабаев, Мұрат Нұржанов, Жақсыбай Құлымбетов, Әбдірашит Сатыбалдиев, Қален Әбдешов, Шәкізат Дәрмағанбетовтер басылымға басшылық жасап, қоғам айнасы деңгейінің өсуіне септігін тигізді.
Уақыт – бір орында тұрған ба? Соған сәйкес басылым беті де түрленіп, жаңа белеске көтеріліп отырды. «Түйенің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деп жазушы публицист Шерхан Мұртаза айтқандай, мәселе көтеру, қоғамның жүктеген міндетін абыроймен атқару жауапкершілігі – жазарман қауымды әркез қамшылап, алға ұмтылдырды. Жетіле қоймаған баспахана мүлігі, қолмен істелетін тірлік ешкімге оңай болмады. Дегенмен, осындай тар тұстан жол тауып, даңғылға түсу – басылым қызметкерінің намысын жанып, нағыз маман атануына ықпал етті.
Аудан айнасының шығармашылық және таралымының өсуіне септігін тигізген бас редактор Әзілхан Аманов, Алтай Үсеновтер газетті ширек ғасырдан астам уақыт басқарып, көптеген талантты жастардың қанатын қомдауға жемісті еңбек етті.
Редакция ұжымының бір ерекшелігі және басқа мамандықтан айырмасы – уақытпен санаспайтыны. Ана тіліміздің қасиет-қалпын сақтап, шырайын кіргізуде Сапабек Махмутов, Қанибек Молдахметов, Бақыт Қаналиева аға-апаларымыз көз майын тауысып, аянбай жұмыс істеді. Осынша уақыт өтсе де, басылым – оқырманымен бірге тыныстап, оқырманымен бірге алға өрлеп келеді. Штаттан тыс тілшілер мен авторларымыз да жетерлік. Тәуелсіз еліміздің тұғырын биіктетуде Нұрлыбай Таубаев, Үрліхан Өндібаева, Дастан Нәзікбаев, Достық Тілеубергенов, Гауһар Раева, Зарипа Тасымова секілді қанатты қалам иелері сүйікті басылыммен етене араласуда.
2014 жылдан бастап аудандық газет «Сыр медиа» ЖШС қосылып, жанынан шығып келеді. Ел өмірінде елеулі жаңалыққа айналған айтулы оқиға бірқатар мүмкіндікке жол ашты. Соның бірі – газеттің көлемі үлкейіп, облыстағы өзге де әріптеспен байланыстың нығаюына үлкен мүмкіндік берді. Аймақтағы редакциялар арасында әріптестік жылы қатынас орнап, еліміздің түкпір-түкпірінде өтетін ауқымды жиындарға қатысуға мол мүмкіндік туды. Сонымен қатар, редакцияның материалдық-техникалық базасы күшейтіліп, басылымның 85 жылдық мерейтойында гезетіміздің шығармашылық ұжымына заманауи үлгідегі жиһазбен жабдықталған жаңа нысан тарту етілді. Бұл өз кезегінде ұжымның шығармашылықпен жұмыс істеуіне серпіліс беруде. Өңір айнасы жыл санап жас журналистермен толыға түсуде. Жастар қашан да – қоғамның қозғаушы күші. Газеттің мазмұнын арттырып, оқырман жүрегіне жол табуда әркез шығармашылықпен іздене бермек. Міне, жақын күнде аталып өтілетін еліміздегі Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің төл мерекесіне аудан айнасы осындай жарқын іс, жағымды жаңалықпен жетіп отыр.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
«Қармақшы таңы».
28 маусым 2019 ж. 1 137 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031