» » » Еліне елеулі тұлға

Еліне елеулі тұлға

СОҒЫСТАН КЕЙІНГІ ЖЫЛДАРЫ АУДАННЫҢ ӨНЕРКӘСІП САЛАСЫ ТАРИХЫНДА ХАЛЫҚҚА ТҰРМЫСТЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ МЕКЕМЕЛЕРІНІҢ ЖҰМЫСЫ ЕЛЕУЛІ ОРЫН АЛДЫ.
Егін егіп, мал өсіріп отырған ауыл тіршілігінен бөлек, аудан орталығындағы тұрғындардың үлкен бөлігі өнеркәсіппен айналысатын. Бұл уақытта промкомбинат, промартель деген үлкен кәсіпорындармен бірге «Перед» артелі, «Сталиндік Конституция» артелі сияқты майда ұжымдар жұмыс жасады. Қолынан іс келетін азаматтарды ұйымдастырып, сұранысқа қарай түрлі киімдерді қолдан пішу, оны тігу, аяқ киімдер тігіп, тозғанын жөндеп беру, сағат оңдау, фотосуреттер түсіру, шаштараз сияқты халыққа тұрмыстық қызмет түрлері дамыды. Мұндай жұмыстарды атқаратын кәсіпорындар жалпы атаумен «артель» деп аталды.
Өнеркәсіп дүкендерінде дайын киім түрлері аз болды. Жақсы костюмдер мен аяқ киімдер кездескенімен тұтынушының талғамына сай таңдау болмады. Осы кездерде өнеркәсіп тауарларын жергілікті жерде өндіру ісінде артельдердің жұмысы халыққа аса қажет те еді.
Үстіндегі киімі өзіне қонымды, түр-түсі уақытқа сай келетін костюм киіп жүрген адамға қызыға қарап, қай дүкеннен алғанын білгісі келетін сұраушыларға «Артельге тіктіріп алдым» деген жауап берілетін. «Аяғыңдағы туфли өзіңе шап-шақ жақсы екен, қай дүкеннен? ...» дей бергенде есітетін жауабың «Артельдікі» болатын.
Уақыт өзгерді. Алып өндіріс орындарымен бірге өнеркәсіп саласы да қарыштап дами бастады. Еліміздегі түрлі фабрикаларда жасалған өнімдер, киімдер, бас киім мен аяқ киімдер дүкен сөрелерінен жаппай орын алып, не ішем, не киемнің заманы біртіндеп артта қала берді. Оны да қойшы, түрлі шетелдік киімдер де келіп, «импортный тауарлар» қарапайым көзге көрінбейтін, халық «подприлавка» деп атап кеткен жерден орын алатыны да байқалып қалып жүрді.
Әрине, осындай жағдайдан кейін жергілікті өнім өндірушілердің жұмысына қажеттілік азайып, қолдан жасалған өнім түрлерінің бәсекеге қабілеті төмендей беретіні түсінікті.
Біз әңгіме еткелі отырған соғыс және еңбек ардагері, белгілі ел ағасы Талғат Ниязов тап осы кезеңде, яғни 1969 жылы «Халыққа қызмет көрсету орталығына» басшы қызметке келіп еді. Бұл жылы майда кәсіпорындардың бұрынғы «артель» атауы қалып, мекеме тұрмыстық қызметтің түрлерін көрсетуге байланысты осындай жаңа атауға ие болған.
«Тап осы кезде ауданда өнеркәсіп саласы, оның ішінде халыққа тұрмыстық қызмет көрсету жайы артта қалған саланың бірі еді», «Тәкең келгелі бұл саладағы барлық жұмыстар алға баса жөнелді» деген сияқты жаттанды сөздерді айтпай-ақ қояйық, бірақ мекемедегі көп жылдардан бері жабылып қалған цехтар іске қайта қосылды.
Жаңадан балық өңдеу, күріш ақтау, ағаш өңдеу, мебель жасау сияқты цехтардың жұмысы жандануы арқасында қосымша жұмыс орындары пайда болды. Қыстақ сыртынан жер алынып, қосалқы шаруашылықтар ашылды. Бірнеше бақша дақылдары түрлерімен бірге сыпырғы егілді. Осыған орай жаңадан сыпырғы баулау цехы ашылып, халыққа күнделікті қажетті сыпырғы түрлері жергілікті жерден даярлана бастады.
Ұқыпты басшы өзінің тазалығымен, талап қойғыштығымен мекемені қарыздарынан арылтып, таза пайдаға шығара бастады. Мемлекеттік жоспар артығымен орындалып, мамандар мен жұмысшылардың тұрмыс жағдайы жақсарды, көңіл күйі көтерілді.
1972 жылдары аудан басшыларының қолдауымен, облыстық сала басшыларының тікелей көмегімен екі қабатты ғимарат жұмысы басталып, 1975 жылы жаңа ғимаратқа көшкен мекеме «Тұрмыс қажетін өтеу комбинаты» атауын алды.
Ғимараттың тезірек бітуіне комбинат жұмысшылары түгел қатысты. Тігіншілер, етікшілер, фотографтар, шаштараздар бұл жұмысқа ынты-шынтысымен кірісіп, жұмыстан тыс уақыттарда сенбілік жасаумен көгалдандыру, абаттандыру ісіне белсене атсалысты. Сөйтіп 1975 жылы 5 желтоқсан күні облыс, аудан басшыларының қатысуымен үлкен салтанатты ашылу шарасын өткізді. Шарада комбинат директоры Талғат Ниязов мекеменің бүгіні мен болашағы туралы кеңінен ой қозғаған мазмұнды баяндама жасады.
Ұлы Отан соғысының ардагерлері – мекеменің инженері Әлихан Өтегенов, аяқ киім цехының меңгерушісі Жалғасбай Төрежанов, аға қойма меңгерушісі Жәмке Әбжәлиев, тағы басқа танымал ел ағалары сөз сөйлеп, өздерінің ұзақ жылдар бойғы еңбегінің жанғанын, ауданның халыққа қызмет көрсету саласында ел игілігіне айналар жаңа бастамалардың көбейгенін айтып, ыстық ықыласпен жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Комбинаттағы киім пішуші, тігінші, химиялық жолмен киім тазартушы мамандықтарымен Ли Надежда, Райхан Садықова, Феня Горбачева, Ақкеніш Досжанова сияқты өз ісінің шеберлері халыққа қызмет көрсетуде күн-түн демей еңбек етті. Темір, ағаш ұсталары, фотограф, шаштараздар аға буын өкілдерінің тәжірибесін қағып алып озық істерін жалғастырудан жалықпады.
Осы күні зейнет жасына келіп, немере-шөберелерінің ортасында атқарған жұмыстарының рақатын көріп отырған Фазила, Сафура Ниязовалар, Роза Оспанова, Сәбираш Ембергенова, Шолпан Байтерекова, Нағашыбек Бүркітбаев, Қазбек Тайбағаровтар сол кезде қылқан кескендей жастар еді. Олар білікті басшының жұмыстағы принципшілдігі мен талапшылдығын, жайсаң мінезін, бүгінгі жұмысты ертеңге қалдырмайтын ұқыптылығын әлі күнге қимастықпен еске алады.
1980 жылдарға қарай комбинаттың қызмет көрсету ауқымы кеңейе түсті. Аудандағы барлық ауылдарда қабылдау мекемелері ашылып кешенді жұмыстар атқарыла бастады. Колхоз, совхоз басшыларымен тығыз байланыс жасай отырып, әр ауылда халыққа тұрмыстық қызмет көрсетуге лайықталған жаңа ғимараттар салынды. Олар орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылып, айналасы қоршалды, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.
Комбинат тарапынан олардың бәріне электрлендірілген тігін машиналары, шаштараз орындықтары мен машинкалар алынып берілді. Киім тазартатын химиялық ұнтақтар жеткізіліп тұрды.
Ауылдардағы кешенді қабылдау пункттеріне Дараш Камаладинова, Аманкүл Төлегенова, Роза Избанова, Мирамкүл Смағұлова, Ақбәтіш Үбісұлтанова, Жұбатқан Жұбанышев сияқты ісмер азаматтар меңгеруші болып, қарамағындағы шеберлермен бірге комбинат жоспарын артығымен орындап отырды. Тіпті Жаңақаладағы Байын Сұлтанов ақсақал мал терілері мен түрлі аң терілерін Қаратаудағы тері өңдейтін фабрикаға жіберіп өңдетіп әкеп, тон, ішік, тымақ, құлақшын тігіп сатты. Қара, көк, сұр қаракөлдерден папаха тіктіріп кию сол уақыттың сәніне айналды.
Сәл шегініс жасасақ, осындай халық көңілінен шыққан игі жұмыстардың ұйымдастырушысы, комбинат басшысы Талғат Ниязов ақсақал 1921 жылы Қармақшы ауданында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Сол кездегі ел басына төнген нәубетті жылдарда жоқшылық пен қиыншылықтарға төзе жүріп, ауыл мектебін бітіріп алған жас жігіт әрі қарай білім қуып, мамандық алуға талпынды.
Алғашында педагогикалық курс бітіріп, еңбек жолын аудандағы Молотов атындағы орта мектепте мұғалім болудан бастаған жас маман Қызылорда педагогикалық институтында сырттай білім алады.
Тәрбие жұмысында өзін жан-жақты жауапкершілігімен, ізденімпаздығымен көрсеткен оқуға алғыр, іске қабілетті маман 1940 жылы міндетті әскери қызметін өтеуге шақырылады.
Бұдан кейінгі жылдар сұрапыл соғысқа ұласып, неміс-фашист басқыншыларымен болған қанды майдандағы шайқастардың басынан аяғына дейін қатысты. Өзінің білімі мен іскерлігінің, әр нәрсені байыппен орындайтын салқын қандылығының арқасында Отан қорғау ісінде ерекше ерлік көрсетеді.
No117 Қызыл Тулы атқыштар дивизиясының 222 батареясында взвод командирі болып, Одер өзенінің батыс жағалауынан Фюрстервальд қаласына дейінгі аралықта жаяу әскер жауынгерлерімен өзара әрекеттесе жүріп, жау шебіне дәл бағытталған артиллериялық соққылар беруге басшылық етті. Қарсыласының отты қаруларын қапысыз көздеп, жан-жақты ойластырылған жойқын әрекеттерімен өздеріне қауіп төндірген жауларының көзін жойып жіберіп отырды.
Осындай жауынгерлік батыл істерімен ерекше көзге түсіп, екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Александр Невский» орденімен және «Варшаваны азат еткені үшін», «Ұлы Отан соғысында Германияны алған Жеңісі үшін» медальдарын иеленді.
1946 жылы туған елге жеңіспен оралған ол алғашқы жылдары өзінің педагогикалық қызметін жалғастырып, Жосалы қыстағындағы No4 балалар үйінің директоры болып қызмет атқарады. Соғыстан кейінгі елдің ауыр жағдайын көріп, тұрмысы нашар, асыраушысынан айрылған балаларды тауып, балалар үйіне орналастырды. Өз жағдайын көтере алмай отырған ұжшар басшыларымен тіл табысып, әрқайсысынан бірер қаптан болса да бидай алып, аш балаларды аталамен тамақтандырды. Бірай деген кісіге тамақ істетіп, аштықтан есінен танған, сабақ оқуға шамасы келмейтін талай баланың өзегін жалғап, қатарға қосты. Оларды кәмелетке толғанша оқытты, тәрбие берді.
Осы балалар үйінде тәрбиеленген Қанибек Ысқақұлының жазбасында Ақша Көшеков, Төребек Асқаров, Толыбек Асқаров, Қажымұқан Әлишәріпов, Айтан Әлишәріпова деген балалардың үлкен азамат болып, еліне адал қызмет еткендігі жөнінде айтылады. Тәкеңнің шарапатымен аштықтан аман қалып, балалар үйінен тәрбие алған біз білмейтін басқа да бірқанша азаматтар ел арасында жүрген болар.
1962-1964 жылдары кооперативтік техникумда сырттай оқып, товаровед мамандығын алған Тәкең 1965 жылы Қазақстан Коммунистік партиясы қатарына қабылданып, кейінгі тіршілігін халыққа тұрмыстық қызмет көрсету саласына арнайды. Жоғарыда айтқанымыздай, осы салада ұзақ жылдар бойы абыройлы қызмет атқарып, 1982 жылдары зейнеткерлікке шығады.
Ұрпақтар сабақтастығының өнегесін ту еткен отбасында жұбайы Дәмеш апай екеуі 6 қыз, 1 ұл тәрбиелеп, олардан 19 немере, 3 шөбере көріп кетті.
Осы жолдардың авторының бірі – Тәкеңнің туыс інісі Ерболат Ұзақбаев сонау жылдары Қырым курорттарының бірінде аңызға айналған киноларда тек бас кейіпкердің рөлін сомдайтын әйгілі актер Высячлав Тихоновпен бір бөлмеде жатып, сыйлас жолдас болғаны туралы әңгімелеп бергені бар. Кино-актер сол кезде өзінің актер ретіндегі даңқын көтерген «Көктемнің он жеті сәті» деген киноға түсіп жүрген кезі екен.
1976 жылы күзде танымал актер Байқоңыр космодромының бастығы мен облыстық әскери комиссариаттың бастығын ертіп, ескі достың қонақжай дастарқаны арқылы қазақ жұртының құрметін көріп, сый-сыяпатпен риза боп аттанған болса керек.
Иә, қасиетті Қармақшы топырағынан шығып, еліне елеулі еңбек еткен белгілі тұлғалардың бірі – Талғат Ниязов ағамыз қандай құрметке де лайық тұлға. Осындай ұлағаты мол жандарды ұлықтап, есімін есте ұстап жүру ұрпақ үшін де зор мәртебе. Сондықтан Жосалы кенті көшелерінің бірі бұл кісінің атымен аталса тағылымды да тәрбиелі жұмыстардың бірі болар еді деген ойдамыз. Ол кісінің көзін көргендер мен бірге қызмет атқарғандар бұл пікірімізді құптайды деп сенеміз.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЕВ
Ерболат ҰЗАҚБАЕВ
12 тамыз 2022 ж. 707 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 037

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031