» » Жеңіс жылдары: жемісті істердің басында

Жеңіс жылдары: жемісті істердің басында



«Қызыл ту» газетіндегі 1945 жылдарда жарық көрген мақалалардан және Еңбекшілер депутаттары аудандық советі атқару комитетінің қаулылары мен шешімдеріне қойылған қолдардан аудандық совет атқару комитетінің председателі болып О.Салмурзин, жауапты хатшысы болып Қ.Көздібаевтар қызмет атқарғандығын көреміз. Атқару комитеті төрағасының орынбасары ­Сексенбаев болғандығы айтылады.
1945 жылғы 2 февральда өткен аудандық комсомол конференциясында сайланған аудандық комсомол комитетінің бірінші секретары Әділев, екінші секретары Ережепова, секретары Азиевтер аудандағы жастар ұйымдарының жұмысына басшылық еткен.
Аудандық атқару комитетінің бө­лімдерінен аудандық жер бөлімі, ау­дан­дық су бөлімі, аудандық ақша бөлімі, аудандық оқу бөлімі, аудандық сауда бөлімнің жұмыстары жайлы мақалалар бар. Кейде бөлім басшылары да газетке материал беріп, өз жұмыстарынан халықты хабардар етіп отырады.
Негізінен мал, егін шаруашылығымен айналысып, несібесін жерден айырғаннан кейін аудандағы тіршіліктің тегершігін ұстаған аудандық жер бөлімі болғандығы байқалады. Егіншіліктегі жер жырту, зябь айдау, дән себу, егін ору, астық тапсыру, тұқым тазалау сияқты қайнаған қызу еңбек пен мал шаруашылығындағы көшу, қону, күйек алу, мал қыстату, мал төлдету, жүн қырқу, шөп дайындау сияқты шаруаның сан салалы жұмыстарына басшылық жасаған. Сонымен бірге бұл бөлім аудандағы шаруашылық құрылымдарына басшы кадрларды да іріктеп, мамандармен де қамтамасыз етіп отырған. Халық арасында сол кездегі: «Колхоздан қыз алсаң РайЗО-ға күйеусің» деген мәтелге айналып кеткен сөздің астары да осында жатса керек.
1945 жылдары аудандық жер бөлімінің бастығы Жарасов деген кісі болды. Мекемедегі аға зоотехник Нұрман Рысмамбетов аудандық газетке өзінің маман ретіндегі кеңестері мен түрлі науқандарға орай атқарылатын жұмыстардың жай-күйін жүйелі жазып отырды. Тиісті тапсырмалар беріп, олардың орындалу барысынан да жұртшылықты хабардар етті. Мекеменің белсенді қызметкерінің бірі ретінде ­Рахат Базарәлиев деген кісінің де аты айтылады.
Аудандық су бөлімінде – Чегай, ақша бөлімінде Ш.Тәжібаев, сауда бөлімінде Ш.Құлманов, оқу бөлімінде Б.Қосназаров деген кісілер басқарушы болып қызмет атқарған.
Сауда бөлімі аудандағы үш үлкен сау­да мекемелерінің жұмысына бақылау жасады. Олар аудандық тұтынушылар қоғамы (бастығы Жүсіпбай Қараев), механикалық завод жанындағы медпросснаб мекемесі (бастығы Колесников Харитон Лукьянович), теміржолдағы жұмысшыларды жабдықтайтын сауда мекемелері еді.
Аудандық тұтынушылар қоғамына қарасты сельпо (бастығы Рүстембаев), сондай-ақ ауылдардағы «Қармақшы» сельпосы (Сақтаған Қыдырбаев), «1 Май» сельпосы (Төрәлі Алдабергенов), «Ленин» сельпосы (Айнабай Жүргенов) аудан халқын тұтыну заттарымен қамтамасыз етті.
Оқу бөлімінің саяси ағарту инспекторы болып қызмет атқарған О.Бөрібаев аудандағы сауаттандыру жұмыстарымен бірге саяси-ағарту істерін, мекемелер мен шаруашылықтарды жоспарлы өтіп тұруға тиіс саяси сабақтарды да қадағалап отырды.
Бөлім меңгерушісі Б.Қосназаров өзі­нің «Мектептерде оқу-тәрбие жұмысын жақсарта түсейік» деген 1945 жылғы қыркүйек айында жазған мақаласында алдағы оқу жылына әзірлік барысына тоқтала келіп: «Оқытушыларымыздың міндеті – мектеп жұмысын жақсартып, жас жеткіншектерді мектепке келу бо­йынан тәрбиелеу, мәдениеттілікке үйрету жұмыстарын күшейту» деп ағарту қызметкерлерінің алдына партия мен үкімет қойған бірнеше тұжырымды мәселелерді алға тартты.
Бұл кезеңдерде поселкеде Молотов, Фрунзе атындағы орта мектептер мен №70 орталау теміржол мектебі және №4, №18 балалар үйі болған.
Ауылдарда 40-қа жуық мектептің аты айтылады. Олардың біреуі ғана орта мектеп – Ақжар ауылындағы «Бестам» орта мектебі. Мектептер негізінен өздері орналасқан колхоздарының атауымен белгіленген. Тек ІІІ Интернацио­нал колхозындағы мектеп ВЛКСМ-20 жылдығы атауымен, «Утренняя заря» колхозындағы мектеп Коминерн атындағы жетіжылдық мектеп деп аталған. Орталау мектептердің жалпы саны 15-ке жуық, қалғаны бастауыш мектептер.
Аудан орталығында сонымен бірге Мемлекеттік банк (бастығы Кәрім Көбеев), аудандық комхоз (бастығы Есетов), көмір склады (басқарушысы Жетібаев), Эмальштам заводы (Логвин Зотов Павлович), Уполнаркомзаг (Оспанов) сияқты ірі мекемелер жұмыс жасады.
Астық дайындау (заготзерно) мекемесіне Бокаев, аудандық май дайындау мекемесіне Қ.Елесбаев деген кісілер басшылық еткендігі жөнінде мәліметтер бар.
«Артық май мемлекетке сатылсын» деп аталатын аудандық май дайындау мекемесінің бастығы Қ.Елесбаевтың мақаласынан сол кезде мемлекетке мін­детті салық ретінде сары май өткізудің арнайы жоспары болғандығы байқалады. Ал жоспардан артық өндірілген сары майды мемлекет сатып алатынын айта келіп:
«Мемлекет тарапынан сары май сатып алу саудасына 140 мыңнан астам соманың әртүрлі заттары жіберілді. Бұл заттар сельпо дүкендері арқылы ауыл, колхоздар ортасында сары май өткізушілерге сатылады. Мысалы, саудаға арнап сары май сатқандардың сомасына қарай: ендей товардан – 150 процент, қайыстан істелген бұйымдардан – 400 процент, иіс майдан – 600 процент, темекіден 350 процент, ал кәмпит, қант, керосин, тұз, сабын, шай, шырпы сияқтылардан – 100-ден 200 процентке дейін (қант 75 процент) керегіне қарай сауда етеді» деп халықты күнделікті қажетті тұтыну товарларымен қызықтырып, артық өнімін мемлекетке сатуға шақырады. Және бұның мемлекеттік, халықтық мүддені орындау жолында саяси мәні бар екенін, ауданда мемлекеттік тапсырмаларды орындау жоспарына көп көмегі тиетінін атап көрсетеді.
Халыққа тұрмыстық қызмет көрсететін үлкенді-кішілі бірнеше мекеменің жұмыстары туралы материалдар бар.
Промкомбинат (бастауыш партия ұйымының секретары – Михлина), пром­артель (бастауыш партия ұйымының секретары – Коломыцева) деген үлкен өнеркәсіп орындары болғандығы бай­қалады. «Перед» артелі (кейде «Алға» деген атаумен де кездеседі (басшысы – Феодор Кан Александрович), «Сталиндік Конституция» артелі, «Паром» артелі қолынан іс келетін азаматтарды топтастырып, киім пішу, тігу, аяқ киімдер, сағат жөндеу, фотосуреттер түсіру, шаштараз, сандық, кебеже, ас үйлік мебельдер жасау, басқа да түрлі тұрмыстық заттарды халық игілігіне қолдануға жарамды етіп беруге бағытталған жұмыстарды атқарды.
Бұларды халық жалпы атаумен «Артель» деп атады сол кезде.
Айтпақшы, тамыз айында шыққан газеттің бір санында: «Хабарландыру. Артель Инвалидтің жанынан сағат, түрлі машинкалар жөндейтін шеберхана ашылды. Сағ 8-ден кешкі сағат 4,5-ке дейін ашық болады. Правление.» деген хабарлама жүр. Демек «Инвалид» деген атау­мен артель болып сол кезде құрылған өнеркәсіп орнының күні бүгінге дейін түрлі формада жалғасын тауып келе жатқаны ой салуы керек. Жауапкершілігі шектеулі жандарға қамқорлық, оларға қолынан келген кәсібіне қарай жұмыс орындарын ашып беру, оларды қоғамдық жұмыстарға тарту қай уақытта да күн тәртібінен түспейтін абыройлы жұмыс болмақ.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЕВ,
«Қармақшы таңы» газетінің бұрынғы редакторы,
ардагер журналист
19 сәуір 2022 ж. 696 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 041

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031