ҮСЕН ТОМАНОВ КӨШЕСІ
Үсен Томанов 1898 жылы Қармақшы ауданында туған. 8 жасынан байдың қойын бағып, 13 жасқа келгенде жергілікті молдадан ескіше хат таниды. 1917 жылы Ресей қалаларында Кеңестер билігін орнатуға қатысады. 1918 жылдың басында елге оралып, Қазалыда жасақталған қызыл әскер бөлімінің құрамына кіріп, халық батыры М.Чапаевтің №25 атқыштар дивизиясы құрамына кіріп, азамат соғысында көрсеткен ерлігі үшін жеке қару және семсермен марапатталады.
1921 жылы Ү.Томанов Орынборда 4 айлық Түрік ЦИК курсында білімін жетілдірсе, 1921-1924 жылдары Қармақшы аудандық партия комитетінің хатшысы қызметін атқарады. Осы жылдары ауданда Ү.Томановтың басшылығымен сауатсыздықты жою, егіншілікті дамыту шаралары қолға алынып, орыс-қазақ театр группасы ұйымдастырылады.
Сонымен бірге, ол 1924-1925 жылдары Қазалыда /қосшы/ одағының төрағасы болып жұмыс істеп жүрген кезінде VІІІ Сырдария облыстық конференциясына, ІІІ Түркістан өлкелік партия съезіне делегат болып қатысса, содан кейінгі жылдары Қазалы уездік комитетінің ұйымдастыру бөлімінің, Қарақалпақстан өлкелік комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Өзбекстандағы Таң аудандық партия комитетінің және Шиелі аудандық партия комитетінің хатшысы болып тағайындалады.
Сонымен қатар, білікті маман Ү.Томанов Қызылорда /Техбюросвязь/ бөлімінің бастығы, Қармақшы аудандық партия комитетінің жұмысшы шара тексеру инспекциясының төрағасы және Алматы облысында түрлі жауапты қызметтер істейді. 1934-1936 жылдары Шымкент облыстық атқару комитетінің нұсқаушысы қызметі Ү.Томановтың соңғы жұмыс орны болды. Ол 1936 жылы 7 қарашасында Октябрь революциясының ХІХ жылдығына арналған салтанатты мәжілісте баяндама жасап тұрғанда 38 жасында қайтыс болды.
«Ер есімі – ел есінде» дегендей, қоғам қайраткері Үсен Томанов ел алдындағы елеулі еңбегі үшін көптеген мемлекеттік наградаларға ие болды.
Аудандағы іргелі білім ордаларының бірі – №183 орта мектепке облыстық халық депутаттары кеңесінің шешімімен Үсен Томановтың есімі берілді.