Электронды қызмет – оңтайлы тәсіл
ҚОҒАМДА ӨМІР СҮРІП ЖАТҚАН ӘРБІР АДАМ МІНДЕТТІ ТҮРДЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРМЕН ТЫҒЫЗ БАЙЛАНЫС ЖАСАЙДЫ. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ КӨРСЕТУ – БҰЛ МЕМЛЕКЕТ ПЕН ҚОҒАМНЫҢ ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛЫНЫҢ НЕГІЗГІ ҚҰРАМДАС БӨЛІКТЕРІНІҢ БІРІ. ЗАМАН ІЛГЕРІЛЕГЕЛІ ЖҰРТ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ ТІЛІН МЕҢГЕРУГЕ ӘЛДЕҚАШАН КӨШКЕН. СЕБЕБІ КӨШТЕН ҚАЛМАУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ. БҮГІНДЕ ЕЛІМІЗДЕ ХАЛЫҚҚА КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТІҢ БАСЫМ БӨЛІГІ ЦИФРЛАНДЫРЫЛҒАН. ЯҒНИ ҚЫЗМЕТ АЛУШЫЛАРДЫҢ УАҚЫТЫН ҮНЕМДЕУ, ҚАҒАЗБАСТЫЛЫҚТЫ ЖОЮ МАҚСАТЫНДА ЭЛЕКТРОНДЫ КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕРДІ КӨБЕЙТІП, КЕЙБІР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ БІРІКТІРУ НЕМЕСЕ МҮЛДЕМ АЛЫП ТАСТАУ АРҚЫЛЫ ОЛАРДЫҢ САНЫН АЗАЙТУ БАҒЫТЫНДА ЖҰМЫСТАР ЖҮЗГІЗІЛУДЕ.
Аудандағы Халыққа қызмет көрсету орталығы – тұрғындарға үздіксіз қызмет түрлерін ұсынып отырған еңселі мекемелердің бірі. Бүгінде қоғамның ақпараттық жаһандану кезеңінде талапқа сай жаңашаланып, қызмет алудың жаңа форматын ұсынып отырған Мемлекеттік корпорация қызмет көрсету саласының көшбасшысына айналып отыр. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында мемлекеттік қызмет түрлері жаңашаланып, барынша сұратылатын құжаттар тізімін азайтып, электронды құжаттар негізінде қызмет көрсету бағытын ұстанған. Халыққа қызмет көрсету орталығында жаңғырту жұмыстарын жүргізудің басты көрінісі – мұнда операциялық залдардың аумағы кеңейтілген. Сонымен қатар тосқауылсыз қызмет көрсету үлгісі де енгізілген. Техникалық құрал-жабдықтар, компьютерлер мен жиһаздар заманауи үлгіге жаңартылып, операциялық залдарда дайын құжаттарды беру, күту орындары, e.gov.kz ақпараттық жүйесі, өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы, азаматтарға ыңғайлы сезіну үшін барынша жағдай жасалған.
– Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамын электронды түрде алуға мүмкіндік бар. Тұрғындар бұрынғыдай халыққа қызмет көрсету орталығына барып, уақыт өткізбей-ақ қажетті қызметтерге қол жеткізе алады. Өткен жылдағы пандемия осы қызметтің оңтайлылығын халыққа үйретті. Осы орайда бүгінде электронды цифрлық қолтаңба алуға тапсырыс берушілердің қатары едәуір артты. Мұнан бөлек, TelegramBot, EgovKzbot2.0 қосымшасы арқылы – 33 мемлекеттік қызмет, eGov mobile қосымшасы бойынша – 123 мемлекеттік қызмет, үшінші тұлға арқылы анықтама алу – 21 қызмет, ал бір реттік құпия сөз арқылы – 120-дан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді, – дейді аудандағы халыққа қызмет көрсету орталығы бөлімінің басшысы Ерлан Оспанов.
Аудандағы орталықтың реттеу залында қызмет алушы азаматтарға сапалы әрі жылдам қызмет көрсету үшін «Өзіне-өзі қызмет көрсету секторында» 6 жұмыс орны, мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға қызмет көрсету үшін 1 орын, құжаттарды қабылдау секторында 4 орын, дайын құжаттарды тарату бойынша 1 орын, басқа да қызмет түрлеріне 4 орын қарастырылған.
Қазіргі таңда Халыққа қызмет көрсету орталығының аудандағы бөлімінде өткен жылдан бергі уақытта 15212 азаматқа электрондық сандық қолтаңба берілсе, «Connection point» жүйесі арқылы 96976 қызмет көрсетіліпті. Электрондық сандық қолтаңбаларын пайдалануды үйрете отырып, бірқатар электронды түрде анықтамаларды өздері алуларына жұмыстар тұрақты жүргізіліп, 107367 азаматқа үйреткен. Нәтижесінде есепті мерзімде 80 қызмет түрі бойынша 2394 өтініш қабылданып, 23772 құжат азаматтарға табысталған.
– Халыққа қызмет көрсету орталығы әрбір азаматтың уақытын үнемдеуді көздеп, қызметті жылдам әрі тиімді көрсетуде. Халыққа сапалы, мәдениетті қызмет көрсету біздің басты міндетіміз. Алдағы уақытта әрбір адам өзіне қажетті құжатты үйден шықпай, кезек күтпей-ақ алатын болады. Біз электронды қызмет алуды әр келушіге насихаттап, түсіндірудеміз. Ол жұмыстар нәтижесін беруде. Бұдан кейін де заман талабына сай электронды қызмет түрінің ауқымы кеңейе түспек, – дейді бөлім басшысы.
Ерсін СӘДУҰЛЫ