» » » Механизатордан мемлекеттік қызметшіге дейін

Механизатордан мемлекеттік қызметшіге дейін

Қарапайым қызметпен-ақ ел құрметіне бөленіп жүрген жандар жетерлік. Оларды тіпті алыстан іздеудің қажеті шамалы. Жұмысшы-механизаторлықтан мемлекеттік қызметшіге дейін көтерілген еңбек адамының өнегелі өмірі көпке үлгі боларлықтай. «Еңбек деген байлық бар ерінбеген жететін, жоқшылық деген жебірді жермен жексен ететін» деген ұстанымды өміріне серік еткен майталман маманның бірі – аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі, Қазақстан Республикасының құрметті азаматы Сәрсенкүл Есқалиева.
Әңгімеміздің басы «Мен бала күнімнен техникаға әуес болдым. Отбасында 5 ұл, 5 қыз тәрбиеленіп өстік. Алдымдағы ағаларыммен бірге мектеп жасынан техника тізгіндеп, оны жөндеуді де үйреніп алдық. 5 сыныптан бастап ер балалар болмаса қыздардың жүрегі дауалай бермейтін мотоцикл жүргізуді меңгердім. Мектепті бітіре сала өзім туып-өскен ауылдағы шаруашылыққа механизатор болып жұмысқа кірдім» деген бала күнге деген ыстық сағынышпен басталды. Жастайынан техникаға құмартып, өмірін осы саламен байланыстырған бойжеткен, бүгінде бірнеше немеренің әжесі атанса да бұл шешіміне ешқашан өкінген емес. Қайта керісінше, таза ниетпен атқарылған іс қана нәтижеге жетелейтінін айтады ол.
– Мектепте оқып жүрген уақыттан бастап отаққа шығамыз, тракторлардың бұзылған жерін жөндейміз, қолорақ алып та шөп орамыз. Жазда оқушыларды практикалық жұмыс ретінде шаруашылықтарға апарып, оған еңбекақы төлейтін. Бір үйде он бала болса, соның бес-алтауы осылай еңбек етіп, мектеп киімімізді алатынбыз. Механизаторлықты таңдауыма алдымдағы ағаларым мен өзімнің техникаға құмарлығым әсер етті. Ол кезде отбасылық звено деген болады. Осыған байланысты біз отбасымызбен жүгері өсірушілер бригадасын құрып, жүгері өсірдік. Күрішті де ектік. Мәселен, маусымдық уақытта бір тракторшы ауырып қалса, күрішшімін деп қарап отырмай тракторға отырып жерді жыртып, жұмысты жүргізе беретінбіз, – дейді еңбекпен есейген Сәрсенкүл Әлімжанқызы.
Өмірі еңбекпен өрілген кейіпкеріміздің қызмет жолына аз-кем тоқталып кетсек.
Еңбек жолын 1981 жылы Жосалы кеңшарында күрішшілер бригадасында механизатор болып бастаған ол 1987 жылы «Мал азықтық дақылдар өсіру» бағдарламасына сәйкес «Жігер» комсомол жастар бригадасының бригадирі болып сайланады. Еңбек десе етжүрегі елжірей кететін жас қыз сенімнен шығып, дәндік, сүрлемдік жүгеріден жоспарды артығымен орындап, жоғары жетістік көрсетеді. Мұнан кейін де кеңшарда күрішші, бригадир, комсомол комитетінің хатшысы, кадр бөлімінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарады. Осы аралықта отбасын құрып, 3 перзенті өмірге келеді. 2001 жылдан бастап ауданға қоныс аударып, аудандық «Казагрэкс» АҚ-ның зертхана меңгерушісі, аудандық ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу ұйымдары қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрайымы, Т.Көмекбаев ауылдық округінің әкімі, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы, Ақтөбе ауылдық округінің әкімі, елді мекендегі шаруашылықтың директоры, сондай-ақ аудан әкімі аппаратының персональды басқару қызметі (кадр қызметі) бөлімінің басшысы, Жосалы ауылдық округінің әкімі секілді түрлі жауапкершілігі мол қызметтік сатылардан сүрінбей өткен Сәрсенкүл Есқалиева бүгінде аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде сектор меңгерушісі болып қызмет атқарады.
– Менің мұндай қызметтік сатылардан қиналмай өтуіме бірден-бір себепкер – отбасым. Оның ішінде енем мен жолдасымның қолдауы еді. Отбасы, балам бар деп уайымдамай, алаңсыз жұмысқа кірісетінім де осы кісілердің арқасы болатын. Енемнің кең пейілі мен мейірімі маған жұмыс барысында үлкен күш беретін. Осындай асыл анамыздың көмегімен үкіметтің қандай да бір берген тапсырмасы болсын, тиянақты орындап жұмыстан немесе жиналыстан қалып көрген емеспін. Балаларымыз әжесінің тәрбиесін алды. Бүгінде үш қызым отбасылы. 7 немеренің әжесімін. Ал ұлым Қызылордадағы аграрлық колледждің ветеринария факультетінде білім алуда. Өзінің мал шаруашылығына бейімі бар, – дейді көпбалалы ана, білікті маман.
Кейіпкеріміз бүгінде тер төгіп, еңбек етуде қазіргі жастардың бойында әлі де болса енжарлық барын айтады. «Бұрынғы біздің кезіміздегі жұмыс пен қазіргі жұмыстың арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Бұрын қай жұмысқа да жан-тәнімізбен кірісіп, тапсырма аяқталғанша жанымызға тыныштық бермейтінбіз. Үлгере алмай қалсақ демалыс күні де келіп аяқтап кететінбіз» деп те пікірімен бөлісіп қойды.
– Өз басым кабинетте отырғаннан гөрі, сыртта жүрген, сырттың жұмысы ұнайды. Жұмысым мал шаруашылығымен байланысты болғасын сыртпен ұдайы хабарда болып отырамыз. Өңірде мал шаруашылығы дамып келеді. Мал басында өсім байқалады. Бетбұрыс – асыл тұқымды мал басын көбейту болып тұр. Оған мемлекет тарапынан да біршама қолдаулар бар. Бұқашықтар сатып алынса, субсидиялар қарастырылған. Былтырдан бастап жем-шөпке субсидия берілуде. Қазіргі кезде елді мекендерде жылқы малын асырап көбейтуді қолға алып жатыр. Асыл тұқымды мүйізді ірі қараға да осындай қолдаулар жүргізілуде. Өткен жылы ауданымыз ауыл шаруашылығы саласында «Үздік аудан» атанды. Мұның бәрі осы саладағы ерен еңбек пен ұйымшылдықтың, бірліктің арқасы. Егін шаруашылығы болсын, мал шаруашылығы болсын жоспарды 101 пайыздан түсірмей келе жатырмыз. Алдағы уақытта да осы жұмыстар жалғасын табатын болады, – дейді өз ісінің шебері.
Сәрсенкүл апамыздың ауданға сіңірген еңбегі елеусіз қалмады. Ол әр жылдарда түрлі марапаттарға ие болып, алғысқа кенеліп отырды. 2012, 2017 жылдары облыс бойынша көшбасшы әйелдер арасында өткізілген байқауына қатысып, "Мемлекеттік басқару" және 2018 жылы Қазақстан ауыл әйелдерінің І форумында "Ауыл округінің үздік әкімі" номинацияларын жеңіп алған. Оның кеудесінде бүгінде Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу ұйымдары қызметкерлері кәсіподағы орталық комитетінің «Еңбек даңқы», Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20, 25 жылдық, «Цай Ден Хақтың туғанына – 100 жыл», Т.Көмекбаев, Ақжар ауылдарының құрылғанына – 50 жыл, Еңбек Ері «Қасымтай Ізтілеуов» атындағы және басқа да бірқатар мерекелік төсбелгілер еңбегінің көп жылғы жемісіндей жарқырайды.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
31 шілде 2022 ж. 836 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 038

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031