» » » Қуатты ой, шуақты сезім иесі еді

Қуатты ой, шуақты сезім иесі еді


Ақын да бір – періште, ақ ұлпадай пәктігі,
Бір басының жетеді қайғы-шері,
шаттығы.
Өлең – оның перзенті,
Әлпештеген ұл-қызы,
Жүрегінің мәңгілік үзілмейтін ақ гүлі, – деп ақын жанының тереңінен сыр шерте жырлаған Ибрагим Бекмаханұлының өмірден өткеніне де аттай бір жыл зулап өте шығыпты-ау. Тұлпардың тұяғындай, асылдың сынығындай болып, Сыр өңіріне «Бала жырау» атымен мәлім болған атасы Тұрымбет Салқынбайұлының жыраулық дәстүрін ақындық қуатымен, қарымды қаламгерлік, журналистік қызметімен жалғастырған ақын ағамен өмірінің соңғы жылдары ғана жақын араласып үлгердім.
Бала шақта есімін естіп, ауылымыздың мақтанышы ретінде айтып, «Қасиетті мекен», «Сыр мен Арқа саздары» атты поэзиялық кітаптарымен танысып өскен едім. Атасы Тұрымбет Салқынбайұлының жыр-толғауларын топтастырып, «Талайды таңырқатқан жырау едім» деген атпен шағын жинақ шығарғанын да еміс-еміс білемін. Алғашқы еңбек жолын туған жеріндегі аудандық газеттен («Қармақшы таңы») бастап, кейіннен Жезқазған қаласында тұрып, түрлі қызметтер атқарған ақын ағаның атын ауылдастары ерекше мақтанышпен айтып жүретін, ауыл төріне шақырып, кездесулер де ұйымдастырып отыратын.
Ғұмырының соңғы жылдарын Алатаудың баурайында өткізген ағамен 1937 жылғы саяси қуғын-сүргін құрбаны, Сыр өңіріндегі діни-исламдық-ағартушылық қызметінің көрнекті өкілі Ыспан қари Сүлейменұлына арналған кітап шығару барысында танысып, жақсы араласып кеттік. Аға мені қызындай бауырына тарта қабылдады. Ауыл жақтың жаңалығын айтып, менің пікірімді, көзқарасымды да ықыластана тыңдайтын. Туған жерінің белгілі адамдары жайлы ақпараттарды жинастырып, кітап етіп шығаруға барын салды. Қазір ойлап отырсам, кіндік қаны тамған жерін, туған ауылын сағынған жанның сол елінің, ауылдастарының алдында перзенттік, азаматтық борышын орындауға асыққан екен ғой.
Ибрагим Бекмаханұлының журналистік қызметпен бірге ақындықты қатар алып жүруі – үлкен шеберлік. Ақын өлеңдеріндегі қуатты ой, шуақты сезім өрнектері оқырман жанын баурамай қоймайды. Жыр жолдарынан ақынның туған жерге, атажұртқа деген сағынышын, бабалары жайлы ой-толғанысын, тұрмыстық тіршіліктегі әр алуан мәселелерге ерекше мән бере бағдарлағанын көңіл түйсігімен айқын сезіне оқимыз. Ел ішіне атағы жайылған жыраулардың өнегелі ғұмыры жайлы жырларының өзі бір төбе. Балқы Базар, Тұрымбет жырау, Ешнияз сал, Кете Жүсіп, Мұзарап ақын, Омар шайыр, Жиенбай жырау, Рүстембек жырау, күміс көмей Көшеней, Кенжалы би, Жәнібек батыр, Дүр Оңғар, Ер Тоғанасқа арнаған жыр-дастандары ақынның келелі сөз айтып, кестелі жыр төккен халықтық өнер иелеріне деген сезім-құрметінің ерекше екендігін айғақтай түсетіндей.
Ақын жаны қуатты, сонымен бірге нәзік. Ибрагим ағаның әрбір өлеңінен сағыныштың лебі, артта қалған балалық шақты, қарапайым ауыл тірлігін аңсау сезімі есіп тұратындай көрінеді маған. Әсіресе, тілімнің ұшына орала беретін өлеңі «Күбі даусы» деп аталады.
Тамылжыған тамыздың таң нұрындай,
Уылжыған анамның ән-жырындай,
Күбі даусы...
Күмбірлеп кетуші еді,
Біздің үйдің тіршілік тамырындай.
Қоңыр саз бар күбінің күмбірінде,
Оянушы ек ғажайып сол бір үнге.
Күбі піскен анамның
нұрлы жүзі,
Қалды ұялап көңілімнің мөлдірінде.
Өмір күйін күн сайын төгілдірген,
Күбі даусы сыйлайды көңілді рең.
Бал-бұл ұшты көзден сол
қайран күндер,
Анамды ойлап толқиды көңіл-күрең...
... Өтті жылдар...
Біз кеттік жырақ, алыс,
Өмір деген – толассыз бір арпалыс.
Ауыл жаққа елеңдеп,
құлақ түрсем,
Күбі даусы күмбірлеп тұрар таныс, – деген жолдар көз алдымызға жазғы табиғаттың әсем бір мезгілін, балалық кезеңнің тыныс-тіршілігін, күйбең тіршіліктегі Ананың рөлін, елден жырақ кеткен сәттегі сол бір кезеңді, асыл ананы сағынған адам жанының аласұрып, болашаққа қол сермеуімен бірге өткенді толқыныспен еске алудың әсем бір үлгісін әкелетіні ақиқат.
Ақынның өзі өлеңінде айтқандай:
Ақын жаны – бір тылсым жұмбағы
көп дүние,
Бойлау қиын тереңіне, оның көңіл-күйіне.
Сыршыл ақын жүрегі –
Желге құлақ түреді,
Даланы аңсап жүреді, сыймай кейде үйіне.
Сыр өңірінде туып, Арқа өңірінің де абыройлы азаматы атанып, Алатаудың баура­йында мәңгілік мекеніне аттанған ақын жүрегі еш уақытта еліне қызмет етуден айныған жоқ. Жүрегінен шуақ төгілдіре жырлаған ырғақтары ұрпақ есіне кең даланың төсінде Ибрагим Бекмаханұлы секілді ақын ұлдың өмір сүргенін еске салып, жыр бесігінде тербей берері сөзсіз.

Лаура ҒАЛЫМҚЫЗЫ,
Ақтөбе ауылының тумасы
08 ақпан 2022 ж. 821 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 042

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031