» » ҚАРМАҚШЫДА ТОЙ ӨТТІ ДҮБІРЛЕГЕН

ҚАРМАҚШЫДА ТОЙ ӨТТІ ДҮБІРЛЕГЕН

Көргеніжақсыкөшбастайды
Сыр сүлейі, даңғайыр жырау Тұрымбет Салқынбайұлының туғанына 150 жыл толуына орай екі күн қатарынан мерекелік шара өтті. Дүбірлі тойдың бірінші күнінде Ақтөбе ауылының тұрғындары мен той қонақтары ауылдық мәдениет үйінде Т.Салқынбайұлы атындағы аудандық әуез мектебі ұжымының арнайы концерттік бағдарламасын тамашаласа, екінші күні – «Көргені жақсы – көш бастайды», – демекші мерекеге қатысушылар аудан әкімінің қолға алуымен қайта жаңғырып, күмбезделген жырау кесенесіне ат басын тіреп, баба рухына Құран бағыштады. Мұнан кейін көпшілік үстіміздегі жылы ғимараты 40 миллион теңгеге жөндеуден өткен Т.Салқынбайұлы атындағы аудандық әуез мектебінде болып, аталған өнер ұясының халықаралық, республикалық байқаудан жеңімпаз атанған жас шәкірттерінің өнеріне қошемет көрсетті. Ұжым басшысы мектеп қабырғасы 1972 жылы қаланғанын және ол 5 мұғаліммен құрылғанын тілге тиек етті. Бүгінде әуез мектебінде 383 оқушы өнер нәрімен сусындаса, оларға өз ісінің білікті маманы атанған 43 педагог дәріс береді. Мектеп директоры Талғат Қуаңбаев биыл өнер ордасына жырау есімі берілгеніне 25 жыл толғанын, сондай-ақ, педагогикалық ұжымның қол жеткізген табысы мен мектеп тарихына тоқталды.
ТаутұлғаТұрымбетжырау
Сәрсенбіде Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде «Тау тұлға – Тұрымбет жырау» тақырыбында республикалық ғылыми-танымдық конференция өтті. Алқа мәжілісін аудандық мәслихат хатшысы Марат Наятұлы жүргізді.
Шарада аудан әкімі Сұлтан Мақашов жылы лебізін білдірді.
– Жыраулық, ақындық, әншілік өнердің басын қосып, солардың үшеуіне де тән жоғары қасиетті өзіне серік еткен адамды Сыр сүлейі деп атайды. Осы сүлейлердің арасында өзіндік орны, атақ-абыройы бар тұлғаның бірі – Тұрымбет Салқынбайұлы. Бүгінгідей шарада Сыр елінің біртуар азаматтарын ардақтау, елдік, өрлік істерін насихаттаумен бағалы, – деді аудан басшысы.
Тағылымды жиында облыс әкімі атынан «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілес жүрекжарды құттықтауын, жыр сүйер қауымға алғысын жеткізді. Сондай-ақ, конференцияда Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Темірхан Тебегенов «Тұрымбет – қазақ тарихындағы көрнекті жырау-ақын», Қазақстан Республи­касы Жазушылар және Журналистер ода­ғының мүшесі Тынышбек Дайрабаев «Тұ­рым­бет жыраудың ата тек шежіресі және жыраулық өнері», Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі, ақын, жырау ұрпағы Ибрагим Бекмаханов «Тұрымбет Салқынбайұлының өскен ортасы, өмір жолы және ақындық қырлары», К.Рүстембеков атындағы аудандық жыраулар үйінің директоры, жыршы-жырау Серік Жақсығұлов «Жыраулық дәстүрдің бүгінгі таңдағы өзекті мәселелері» тақырыбында баяндамалары тыңдалып, мол мағлұматтар паш етті.
Танымдық жиында еліміздің рухани-мәдени дамуына сүбелі үлес қосқан бір топ ғалымдар мен аудан азаматтары Т.Салқынбайұлының 150 жылдығына арнал­ған мерекелік төсбелгісіне ие болды.
Талайдытаңырқатқанжырауедім...
Ғылыми-танымдық конференция түстен кейін «Талайды таңырқатқан жырау едім...» тақырыбындағы республикалық жыршы-жыраулар байқауына ұласты. Онда Сырдың сазын өзіндік ерекше мақам-сазбенСыр өңірінде ғана емес, күллі қазақ жұрты мен сонымен бірге, көршілес жатқан Қарақалпақстан, Өзбекстан, Түркменстан халқына да әйгілі болған Тұрымбет Салқынбайұлының өмірі мен шығармашылығы кеңінен насихатталып, ел жадында қайта жаңғырды.
Жыраулар фестивалін облыстық мәде­ниет, архивтер және құжаттама басқар­масының басшысы Мира Рақымжанқызы ашып, байқау үміткерлеріне сәттілік тіледі. Мерейтой шеңберінде басқарма қолдауымен Тұрымбет жыраудың өмірі, шығармашылығы және өлең-жырлары мен терме-толғау, айтыс-дастандары жинақталған «Жүйрігі едім халықтың» атты жыр жинағы қалың оқырманға жол тартты.
Байқауға еліміздің әр түкпірінен 18-45 жас аралығындағы 17 өнерпаз қатысып, өзара бақ сынады. Жыр бәйгесіне топқа түскен хас тұлпарлардың бағасын беріп, бағытын білуде белгілі жырау, Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Жұмабек Аққұлов, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегенов, журналист-этнограф Тынышбек Дайрабай, эпик-жырау Берік Саймағанбетов, «Жиенбай жырау» мектебінің көрнекті өкілі Серік Жақсығұловтар қазылық етті. Дода шартына сәйкес, жыршы-жыраулар Тұрымбет жыраудың терме-толғауы мен өз еркіне қарай тарихи жыр-дастаннан үзінді орындау керек еді. Қазылар алқасының шешімімен І орынды қызылордалық Бисенбек Төлеутай жеңіп алса, ІІ орынды Күнсұлу Түрікпен, ал ІІІ орынды аралдық Айбек Тәңірбергенов пен қармақшылық Тоғжан Бақытова қанжығасына байлады. Сондай-ақ, байқаудың арнайы жүлдесі Марат Сүгірбай мен алматылық Мақпал Тоқтағановаға бұйырды. Сонымен қатар, Батыс Қа­зақстан облысынан келген Тілек Базаров, астаналық Қо­ныс Жүсіпов, қызылордалық Нұрайым Ерталапқызы мен қармақшылық Болат Баймұратовқа «Тұрымбет жырау» қорының, өзге де қатысушыларға арнайы диплом мен сый-сияпаты табыс етілді.
Т.Салқынбайұлы – ерекше қолтаңбасы бар даң­ғайыр жырау. Оның «Мәжит пен патша қыз» атты дастаны бүгінгі ұрпақтың қазыналы байлығына айналды. Өз заманында ол Кете Жүсіп, Жиенбай жырау­лармен айтысқа түседі. Дүйім елді аузына қаратқан жырау шығыстық нақыштағы «Көроғлы», «Жүсіп-Зылиқа», «Ақтам» дастандарын таңды таңға ұрып айтады. Шығармалары «Айтыс», «Пернедегі термелер» жинақтарына енсе, «Талайды таңырқатқан жырау едім» атты жеке кітабы оқырманның жүрегінен ойып орын алды.
Дана халқымыз: «Әке көрген оқ жонар» дейді. Таудай тұлғаның ұрпағы Ибрагим Бекмаханов атасының 150 жылдық мерейлі тойына өзінің «Сырдария – Ұлытау» атты сиясы кеппеген жыр кітабын тарту етті.
Иә, «Қарақтарым-ау, мына үйдің ішінде өлең өріп жүр ғой» деген сөзі жыраудың соңғы аманаты. Ал, аманатқа адал болу – ұрпақ парызы.

СәрсенкүлЖАУДАТБЕК
24 қыркүйек 2018 ж. 1 674 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031