» » » АТАНҒАН ЖАС КЕЗІНЕН «БАЛА ЖЫРАУ»

АТАНҒАН ЖАС КЕЗІНЕН «БАЛА ЖЫРАУ»



Ақын Қуаныш Баймағамбетовтың
«Сымбатты Сырдың сүлейлері» атты толғауында:
... Кетеде Шораяқтың Омары өтті,
Өлгенше өлең-жырды жорға етті.
Даңмұрын, Ешнияз бен Оңғар жырау,
Тұрымбет бес Бозғұлдан бұлар да өтті, – деген қадірлі сөзінен Тұрымбет бабамыздың Сыр сүлейлерінің ірі тұлғаларымен қатар есімі аталатынЫ ақын-жыраудың биіктігін көрсетеді
Бүгінгі күні жасы 150-ге келіп отырған әрі жырау, әрі ақын, сазгер Тұрымбет жырауды көзі көрген, бірге өскен аға-інілерінің, замандастарының естелік-әңгімелеріне сүйенер болсақ, оның Сыр сүлейлерінің тұлғалары Балқы Базар мен Дүр Оңғармен бірге болып, ақындық, жыраулық өнердің қыр-сырын танығанын, оларды ұстаз тұтқаны белгілі. Оны Жиенбай жыраудың Тұрымбет айтысынан біле­міз.
Т.Салқынбайұлы бала жасынан ойын-сауықтың ортасында жүріп, домбыра тартып, ән айтып, ел ішінде «бала жырау» атанған.
Терме, тақпақ, тойбастардан бастап ірі толғаулар мен дастандар жазған оның қолжазбаларының бірсыпырасы М.Әуезов атын­­дағы әдебиет, өнер институты мен «Ғылым Ордасы» кітапханасының сирек қорында сақ­талған.
Тұрымбет шығармаларын жарыққа әкелуді зерттеуші Мардан Байділдаевтың еңбегі зор. 1965 жылдан бастап бірсыпыра әдеби жинақтарға өлеңдері еніп, өмір жолдары жазылды. Бұл істе әрі қарай зерттеген бүгінгі күні арамызда жүрген республикамызға танымал ақын, жырау ұрпағы Ибрагим Бекмаханұлы.
Тұрымбет жырау өз кезеңінде Ырғыз бен Сыр бойына белгілі атақты Алмат Сардардың ұлдары Самырат пен Төремұратқа айтқаны, билер Ағытай мен Төребай алдында жыр айтып қана қоймай, өкпелескен ағайындарды бірлікке, татулыққа шақырған бітімгер ақын.
Бірде Төребай Пішанұлының алдында үш жырау өлең айтады.
... Сөйле, тілім, шалықтап,
Қолға алып сөзден алмасты.
Кесе бір сөз болмасын,
Қадамына алғашқы.
Әруақты тербесем,
Оятармын жан-жақты,
Сөзім жерде қалмас-ты.
Туысқандар бірлессе,
Демейді ешкім алжасты.
Бауырлары Тұрымбет,
Біршілік тілеп өмірлік,
Қолдарыңа жармасты, – дегенді араздалушы екі жақ бір-бірімен қалай құшақтасып кеткенін де білмей қалыпты. Өлең-жыр құдіреті деген осындай болар.
Тұрекең Сыр сүлейлердің дәстүрін жал­ғас­тырып қана қоймай, өзінше мақам, әуезінде жырлаған. Осы тұста оның ақын-жырау ғана емес, сазгерлік, сыншылдық, айтыскер ақындық қыры танылады. Ол сонымен қатар саятшы, атбегі, тазы ұстап, ат баптап, құс жүгірткен «сегіз қырлы, бір сырлы» болған деседі көнекөз қарттар.
Ол елу жылға жуық кеңестік кезеңді, жаңа заманды жырға қосқан ақын. Сол тұстағы асыра сілтеу, колхоз басшыларының әрекеттерін сынау, кеңестік кезеңді мадақтау сияқты өлеңдер жазған. 1930-1931 жылдарда Өзбекстанның Тамды ауылында (Тауелібай) тұрған. Оның елді сағынған өлеңдері, ақынды туған жеріне шақырған Ыспан қаридың өлеңдері бір-бірімен хат алмасу арқылы орындалған. Ақынның өлеңдері Қыр мен Сырға ғана емес, көршілес Өзбекстан, Қарақалпақ халқына белгілі болған. Ол жыр жазумен ғана емес, өзіне дейін өткен жыраулардың сөздерін, жыр-термелерін, өлең­дерін ауыз-әдебиет мұраларын жинаушы, таратушы да болған. Кете Жүсіп, Жиенбай жыраулармен айтысқа түссе, кеңестік кезеңде аудандық, облыстық айтыстарды бастап беруші де болған. Бұл тұрысында көрнекті ақын Әбдікәрім Оңалбаев бір жылдары ақындар айтысын өлеңмен қорытындылағанда:
...Тұрекең тоқсандағы отыр төрде,
Арынымен ағызған өлеңді өрге, – десе, замандас інісі Балқашбай Жүсіпов:
... Тұрымбет ән атасы Кіші жүзде,
Тоғытқан әннің кесте көп өрнегін, – деп жыраудың ерекше өнерін атап өткен.
Тұрымбеттен туған Бекмахан Шымкент қаласында оқып, білім алған. Көп жылдар бойы ауылшаруашылығы саласында еңбек етті. Оның еңбек жолдары Тереңөзек, Жалағаш, Қармақшы аудандарында сайрап жатыр. Облыс еңбеккерлері оны нағыз агроном деп білген. Майдангер-жауынгер Бекмахан соғыс кезінде де, бейбіт еңбек тұсында да өлеңдер жазып, оны домбырамен айтып отырады екен. Мүмкін ақын-жыраулардың өнерін мақсат тұтса, белгілі ақын болар ма еді. Дегенмен оның баласы Ибрагимге атасы Тұрымбеттің өнері қонды.
... Атандым жас күнімнен бала жырау,
Жиында талай топты, талайсын жан.
Талайды таңырқатқан жырауыңның,
Қарт болып отырғаны енді міне, – деп бала кезінен өмірінің соңына дейін жырлап өткен ақын-жырау жүрегі 1946 жылы тоқтап, туған ауылында жамбасы жерге тиді.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
зерттеуші, жазушы, «Құрмет» орденінің иегері, Қармақшы ауданының «Құрметті» азаматы.

21 қыркүйек 2018 ж. 2 343 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 049

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031