» » » Парасат мектебі

Парасат мектебі

Біз 11 жыл бойы тәлім алған Ү.Томанов атындағы №183 орта мектептің бұрынғы ғимараты орналасқан Т. Әбдікешұлы көшесінің бойымен өткен сайын осы білім ордасының қабырғасында қалған балдәурен балалық шағымыз еске түсіп, сол бір қайта оралмас қимас сәттерге жетелейді де тұрады. Осындайда сағынышпен жиі еске алатын жандардың бірі де бірегейі – кітапханашы Бақтай Асқарова апайымыз.
Бастауыш сыныпта оқып жүрген кезіміз. Бірде сынып жетекшіміз Жұмагүл Әлиева біздің оқулықтарды одан әрі жүргізіп оқуымыз үшін мектеп кітапханасына жазылып, өзімізге ұнаған кітаптарды алып, оқуымыз керектігін жеткізді.
Осылайша, біз «кітапхана» деген ұғыммен жақынырақ танысып, оған апарар жолдың алғашқы баспалдағы да қаланды.
Мектеп кітапханасынан кітапты тұңғыш рет қашан және қалай алғаным есімде жоқ, бірақ, оны қайта өткізетін кезім күні кешегідей есімде әбден сақталып қалыпты. Тіпті, сол бастауыш сыныптағы бірінші алған кітабым «Қаңбақ шал» ертегісін Бақтай апайдың қабылдамай, үш рет кері қайтарғаны әлі күнге дейін көз алдымда.
Біздің кезімізде кітапханадан алған кітабыңды қайта өткізер уақытта «түсінік айту» деген қағида болатын. Ол – мектеп кітапханасының жазылмаған заңы, міндетті ережесі. Оқуға алған кітабың бойынша «Не түсіндің?», «Ол не туралы?», «Кейіпкерлері кім?» деген кітапханашы апайдың қаптаған сауалдарына мүдірмей жауап беруің қажет. Бір сұрақтың жауабынан қателессең, кітапты қолыңа қайта ұстатады да, кері қайтарады.
Мен де мектеп кітапханасының осындай «жазылмаған заңынан» алға аса алмай, бірнеше рет кері қайттым. Баламыз ғой, үшінші рет «жолымыз болмағаннан» кейін кітапханашы Бақтай апайды «жек көре» бастағанымыз жасырын емес. Бақтай апайымыз да қайтпайды. Алғашқы сұрағынан-ақ мүдіріп, жауап бере алмай қипақтаған маған қатулы қабағымен бір қарады да:
– Қайтадан оқып кел! – деп кітапты қолыма ұстатты.
– Оқыдым ғой, апай... Осымен үшінші рет әкеліп тұрмын.
– Алған кітабың бойынша түсінік айта алмасаң, осылай келе бересің.
Осылайша, мектеп кітапханасынан алған алғашқы кітабым «Қаңбақ шал» мені «қаңбақша» ұшырды. «Әліппені» кештеу, дәлірек айтқанда, екінші сыныптың ортасына келгенде бір-ақ меңгерген өзімнен де бар. Оның үстіне, ұяңдықты қосыңыз.
Бақтай апай – өте салмақты, біртоға, қашан да бір қалпынан өзгермейтін жан болатын. Содан да болар, үнемі бізге қатал болып көрінетін. Кейде қабағын түйе қарағанда айтайын деп тұрған сөзімізден жаңылып қалатынбыз.
Кітапханашы апай туралы ойымыз ортаңғы сыныптарға көшкенде мүлдем өзгеріп сала берді. Біз «қабағы қатулы» апайдың орнына мейірбан, ақкөңіл, жайдары жанға тап болдық. Қандай кітап, газет-журнал сұрап барсақ та үнемі күліп қарсы алатын, іздегенімізді тауып беретін Бақтай апайдың, шын мәнінде, өмірден түйгені мол ғибратты жан екенін кеш ұқтық. Ол кісінің қаталдығының астарында бізге деген үлкен жанашырлық пен қамқорлық жатқандығын кейін түсіндік. Кім білсін, егер Бақтай апайдың қаталдығы болмаса, «кітап» атты парасатты әлеммен дос бола алмай кетер ме едік?!
Асқарова апай тек өз ісінің шебері ғана емес, талапты да талантты оқушылардың тілекшісі де еді. Түрлі бағыттағы байқауларға дайындық кезінде бізге керекті мәліметтер мен оқулықтарды дер кезінде тауып беріп қана қоймай, ақ жол тілеп, ақ батасын беріп шығарып салатын. Шын жүрегімен тілектестік танытатын. Газет-журналдарда жарық көрген шимай-шатпағымызды көрсе, бірінші болып «сүйінші» сұрайтын. Мектеп кітапханасының ұйымдастыруымен өтетін әдеби шаралардан қалдырмайтын.
Әдеби шаралар демекші, тұңғыш рет көпшілік алдына шығарып, томағамды сыпырған да осы Бақтай апай болатын. Ортаңғы сыныпқа қадам басқан тұста мектебімізде кітапхана ұйымдастырған ақын Нағима Тормановамен кездесу кешінде алғашқы рет оған арнау өлең оқытып, үлкен ортаға үкілеп қосқаны ешқашан ұмытылмақ емес.
Бақтай апаймен жақынырақ араласуымызға себепші болған мына оқиғаны айтпай кетуге болмас. Тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде мектебімізде кітапханашылардың аудандық конференциясы өтетін болды. Осы конференция аясында ақын, сол кездегі аудандық білім бөлімінің басшысы Дастан Нәзікбаевпен кездесу кеші жоспарланған екен. Әрине, кітапханашылардың жиыны болғаннан кейін оны ұйымдастыру, өткізу мәселесі шара өтетін мектептегі кітапханашылардың мойнында екені белгілі. Кітапханашылар Бақтай Асқарова мен Қанымкүл Нұртаева апай Дастан Мырзабекұлымен болатын кездесудің бағдарламасы мен сценарийін, оны жүргізуді маған сеніп тапсырды. Оқушы бола тұра, мұндай үлкен жауапкершілікті алуға жүрексінсем де, маған артылған сенім үдесінен шығуға барымды салдым. Көптің көңілінен шыққан «Бір жыр жазсам деп едім жалыны бар...» атты әдеби кештен кейін Бақтай апайдың арқамнан қағып, ерекше қуанғаны жадымда жатталып қалыпты.
Кітапхана – барлық білімнің, іздеген мәліметің мен керек дерегіңнің сақталған алтын қоры, ілімнің ұясы екендігі сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда, Бақтай апайдың кітапханашы ретіндегі көмегі бізге жоғары сыныптарда да көп пайдасын тигізді. Түрлі олимпиадаларға дайындық кезінде кітапханашы апайымыз әрқашан керекті оқулықтармен қамтамасыз етіп, талапкерлердің сынақтан сүрінбеуіне себепші бола білді. Мемлекеттік емтихандарды еңсергенше де Бақтай апай қолдан келген көмегін аяған емес.
Тоғызыншы сыныптың жазғы демалысы аяқталып, мектепке келсек, жаңа оқу жылы біз үшін жайсыз хабармен басталды. Тура 29 күн бұрын ардақты апайымыз Бақтай Асқарқызы өмірден өтіпті...
«Өзіммен үзеңгілесе қызмет еткен Бақтай Асқарова өз ісінің үздігі болды. Қай салада, қандай сұрақпен келсек те, іздегенімізді тауып беретін Бақтай апайды «ең үздік кітапханашы» дер едім», депті ұлағатты ұстаз Смағұл Қауысов ағайымыз әріптесі туралы өзінің естелігінде.
Иә, Бақтай апайымыз тек оқушылар ғана емес, ұстаздар қауымы үшін де ең үздік кітапханашы болды. Шәкірттік шағымызда біздің ең жақын досымызға, аяулы анамызға, қымбатты ұстазымызға, қадірлі ақылшымызға айналған, бір ғана мектептің ұжымы емес, бүкіл аудан халқы ардақ тұтқан асыл жанның бүгінде арамызда жоқтығы өкінішті.
Шын мәнінде, Бақтай Асқарованың өмірі тек кітапханашылық қызметтен ғана тұрмайды. Оның ғұмыр жолы – әр балаға жүрегінің бір бөлшегіндей қараған, жанашырлық пен қамқорлықтан өрілген, адалдық пен адамдықты әркез биік қойған парасат мектебі болатын.
Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ
18 қаңтар 2022 ж. 3 379 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 193

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 146

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 309

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930