» » Бастауыш сыныптағы ағай

Бастауыш сыныптағы ағай

Бірде әпкемнің үйіне қонаққа бардым. Немересі – мектепалды даярлық сыныбының оқушысы. Білім ошағының қабырғасында жүргеніне көп болмаса да, оқуға деген ынтасы зор. Сабақ дайындауға арналған үстелінде қағаз-қаламын реттеп отыр екен.
– Мектепте оқыған қалай екен? – деп әңгімеге тарттым.
– Мектеп күшті. Ағай бізге көп нәрсе үйретеді. Міне, мынадай етіп жазуды үйрендім, – деп алдындағы дәптерді парақтай бастады.
– Ағай? – дедім таңданысымды жасырмай. Себебі өзімнің бала кезімде, тіпті қазіргі уақытта да бастауыш саласындағы ер адамды кездестірмеген едім.
– Иә, сынып жетекшілері ер адам. Өте білікті жас маман, – деді жеңгем әңгімеге араласып. Таңданыс тудырған ұстаз туралы сұрастырып, мақалаға арқау болар тақырып екен деп қойдым. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, бұл ойым мерейлі мерекемен тұспа-тұс келді.
Ұстаз деген ұлы мамандықтың арқалар жүгі тым ауыр. Алайда осы мамандықты игеріп, саналы ғұмырын өзгенің перзентіне білім берумен өткізетін асыл жанның дені нәзікжандылар. Қай білім ордасына бас сұқсақ та, ұстаз қауымының басым бөлігі әйел адам екенін байқаймыз. Ал бала тәрбиесінде ер адамның да орны ерек. Жоғары сыныпқа сабақ беретін ұстаздардың арасында ер азаматтардың бары рас. Ал бастауыш сыныптағы мұғалімдер ортасынан оларды кездестіру қиын. Бірақ, жас өскінге қалам ұстатып, партаға қалай отырудан бастап үйрететін ер ұстаздар да бар екен. Аудан көлемінде бастауыш сыныпқа жетекшілік ететін екі ер адам болса, соның бірі – Нұржан Оңдашов.
Ол – аудандағы іргелі мектептің бірі, құтты білім ордасы О.Шораяқұлы атындағы №30 мектептің бастауыш сынып мұғалімі. Ауданға қарасты Дүр Оңғар ауылының тумасы №107 мектепте тәлім алған. Жастайынан білімге, өнерге құштар болған ол, тоғызыншы сыныпты үздік куәлікпен аяқтаған. 11 сыныпта ҰБТ-ға жоғары деңгейде дайындалу мақсатында Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеплицейіне емтихан арқылы қабылданып, дарынды балаларға арналған сыныпта білім алған.
– Бала күнімнен мұғалім болуды армандадым. Ұстаздың сөз сөйлеу мәнері, жүріс-тұрысы, өзін ұстау әдебі, көп нәрсе білетіндігі ұнайтын. Қызығушылық мақсатқа айналып, биология пәнінің мұғалімі болуды қаладым. Алайда жоғарғы оқу орнына грантқа түсе алмадым. Содан кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университеті жанынан ашылған колледжге «бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша оқуға қабылдандым. Осылайша 31 қыздың ортасында білімімді жетілдірдім. Бұл мамандық иесі атанғаныма қуанбасам, өкінген емеспін. Пәк көңілді бүлдіршіндермен өткізген әрбір сәтім көңілді, – дейді Нұржан Оразалыұлы.
Белсенді жас колледж қабырғасында оқып жүріп, «Жайдарман» ойындарына, түрлі мүшәйраға қатысып, бақ сынаған. 2012 жылы Қызылорда қалалық «Жас ақындар» мүшәйрасынан бас жүлде жеңіп те алған. Колледжді жоғары дәрежеде, қызыл дипломмен аяқтап, туған өлкеге оралады.
Сол жылдары аудандық «Жас ақындар мен өнерпаздар» байқауына қатысып, І орын иемденсе, «Жігіт сұлтаны» сайысында бас жүлдеге лайық деп танылған. Ал алғашқы еңбек жолын 2015 жылдың қаңтар айында О.Шораяқұлы атындағы №30 орта мектепте бастаған. Мектепалды даярлық тобына сынып жетекші болып, сол сыныппен 4 сыныпты жақсы жетістікпен аяқтаған. Мұғалімнің алғашқы қарлығаштары қазір 5 сыныпта тәлім алуда. Бүгінде Н.Оңдашов мектепке енді қадам басқан даярлық тобына жетекшілік етеді.
– Қазіргі жағдайға орай, кезекші топта 15 бүлдіршін білім алуда. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін ұстаздық қызметте бала жанын түсіне алу өте маңызды. Себебі, олар жас шыбық тәрізді. Қалай икемдесек, солай бұрылады. Әр сабақты бар ынтажігеріммен түсіндіруге, балаға ұғындыруға тырысамын. Тәуелсіз мемлекетімізде ұстаздық еңбек етіп, шәкірт бойына білім мен өнерді, рухани байлық пен ұлттық құндылықты сіңіріп, тұлғалы азамат етіп қалыптастыруға өз үлесімді қосамын, – дейді жас ұстаз.
Иә, қазір заманның ағымына қарай бүлдіршіннің тілін тауып, көңіліндегісін ұға алу оңай емес. Десе де, осы міндеттің үдесінен шығып, перзенттеріне азаматтық, патриоттық тәрбие беріп жүрген ұстазға ата-аналар дән риза.
– Алғашында сынып жетекші ер адам дегенде, «қалай болар екен?» деп тосырқағанымыз рас. Бір жағынан, перзентім ұл бала болғандықтан қуандым. Не дегенмен ер адамның тәрбиесі бөлек қой. Нұржан ағайдың баламен тіл табысуы, ата-анамен тығыз байланыс орнатуы ұнады. Өз ісін сүйетін, балаға оң бағыт бере алатын осындай ер азаматтардың бастауыш сыныптарда көбірек болғанын қалар едім, – дейді ата-ана Балжан Құрманбекова.
Жас маман мемлекет берген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, «Дипломмен – ауылға» жобасы бойынша баспаналы болған. Ұстаздық еткеніне көп болмаса да, шәкірттерінің жеткен жетістіктері жетерлік. Оқушылары Балнұр Ертазаева мен Еркеназ Қанатқызы қашықтық олимпиадасынан І орын иемденсе, Е.Қанатқызы Шымкент қаласында өткен ментальды арифметика жобасынан сертификат алып келген. Қоғам өміріне белсене араласатын жас ұстаз да марапаттан кенде емес. «Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы» атты аудандық байқауда, мектепішілік «Жас маман – 2016», «Жас маман – 2017» сайыстарында ІІІ орын иеленсе, аудан бойынша «Үздік жас маман – 2018» номинациясына лайық деп танылған. Одан бөлек, аудандық білім бөлімінің, білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің құрмет грамоталарымен марапатталған. Биыл облыстық білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен өткен жас ұстаздар лагерінде «Лагерь жұлдызы» атанған.
Бойында ақындық қасиеті бар маманның ара-тұра айтысқа қатысатын да өнері бар. Осы жылы шығармашыл мұғалімдердің облыстық тәжірибе алаңы аясында «Мұғалім мәртебесі» тақырыбында өткізілген ақындар айтысында аудан намысын қорғап, жүлделі ІІІ орын алған. Білімі мен білігі сай жас маманның алар асуы мен бағындырар белесі көп. Болашақ ұрпақтың бойына азаматтық рух қалыптастырып, тәлімді тәрбие берер ер азаматтан өнеге алған перзенттің ел тұтқасын ұстар ерге айналарына сенім мол. Ұлағатты ұстаздар қатарында ел болашағына алаң қылатын, өз мамандығын сүйетін Нұржандай азаматтар болғаны қандай жақсы.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
03 қазан 2020 ж. 1 062 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 079

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031