» » Балалар кітапханасы – ұрпақ мұрасы

Балалар кітапханасы – ұрпақ мұрасы


Кітап – асыл қазына. Ал, кітапхана – ғасырлар бойы келе жатқан шырағы биік парасат пен білімнің киелі шаңырағы. Бізде де руханият ордасы – аудандық балалар кітапханасы бар. Міне, сол кітапхананың дамуы, өсіп-өркендеу тарихы сонау 1947 жылдардан бастау алған екен.

Әңгімені тарқатпаққа балалар кітапханасына жол тарттық. Жол-жөнекей терең ойға батып келемін. Қайта келмес балалық шақ десеңізші?! Таң атпастан жүгіріп кітапханаға барып, одан кеш батқанда шығамыз. Түрлі-түсті кітаптар, ертегілер, мақал-мәтелдер алыстан менмұндалап тұратын-ды. Осы сәтте бір қызық оқиға есіме түсті. Арасында өзімнен-өзім күліп қоямын. Сіз кітап ұрлап көрдіңіз бе? Қысқасы, бір кітап қатты ұнады. Қалың, бір күнде тауысып бітпейсің. Ал, кітапханашы әжей оны үйге алуға бермейді. Не болса да осы кітапты аламын деп өзіме серт бердім. Алдым да. Қалай дейсіз ғой? Кітапханашыға басқа кітап тауып беруін өтіндім. Әрірек кеткенде кітапты алып тұра қаштым. Үйге жүгіріп келем, жүгіріп келем. Алды-артыма қарар емеспін. Бала көңіл қатты қуанып, кітапты ашып қарасам басқа кітап. Қап-ай, енді не істеймін? Кері қайтайын десем, санамды ұят оты өртеп тұр. «Неге алдым, неге?» деп жолда жылап келемін. Салбыраған басымды тік көтере алмай кітапханаға кірдім. Кітапханашыға барып барлығын айтып бердім. Ол жәй ғана күлімдеп, қолыма әлгіндегі кітапты ұстатты. Содан енді қайталамауға уәде беріп, үйге қайтқаным бар. Кенет, біз келе жатқан көлік тарс етті. Солай тәтті естелігімді фототілші Қазбек ағайдың көлігі бұзып жіберді. Өкпелеп қоямын. «Қызым-ау, кітіпханаға келдік» деп жымиды. Иә, балалық шақтың мекені болған балалар кітапханасына да келіппіз.

Ұядай шаңырақ. Кіреберісте бірінен бірі өткен кітаптар қаз-қатар тізіліп тұр. Алдымыздан шыққан Айнұр Әзілханқызы бізді жылы шыраймен қарсы алды. Кітапханаға толықтай саяхат жасадық. Жалпы, кітап қоры 37 807, оның ішінде қазақ тіліндегісі 15 427 екен.

– Кітапханада 2842 оқырманымыз бар. Оның 2690-ны балалар. Мұнда түрлі іс-шаралар, акция-жарнама ұйымдастырылып тұрады. Әрбір ата-ана өз балаларының жақсы оқуын, білімді болғанын қалайды. Кітап оқуға деген құмарлығын арттырып, мәдениетті болып өсуіне тәрбие береді, жалпы рухани дүниесін байытуға атсалысады. Балалардың рухани байлығын арттырудың сан түрлі жолы бар. Сол жолдың бірі – шығармашылық тәрбие. Қазіргі ата-ана жұмысбасты, ал балалар телефонға телмірген деп жатады ғой. Негізі бұл пікірмен келіспеймін. Себебі, көптеген ата-ана бізге баласын жетектеп әкеледі. Әкелері келіп үйіне кітап алады, отбасымен бірге оқиды. Жалпы қазіргі буынның, әсіресе балалардың кітапқа деген қызығушылығы жоғары. Сондай-ақ, жаздыгүні тынығу лагеріне кітаптар апарамыз, олар бізге саяхаттауға келеді. Әсіресе, №105 мектептің ұстаздары шәкірттерді ертіп әкеліп, оқулықтармен таныстырып тұрады, – дейді Айнұр Аманова.

Кітапханада өткізілетін іс-шаралардың тәр­биелік тұрғыдан орын алатыны белгілі. Кітапхана табалдырығын аттаған әрбір оқыр­манмен кітапханашы арасындағы тіл табысу, түсінушілік әңгімелері, олардың ықыласпен күтіп алып, көмек көрсетуге әзірлігін білдіру – кітапхананың басты ұранына айналғандай.

Балалар кітапханасынан шыға берісте кітап қоймасына көзіміз түсті. Мұндағы кітап санына шектеу жоқ. Бір бөлмеден екінші бөлмеге, одан үшінші бөлмеге өттік. Тізілген құнды дүниелер. Бір қуантарлығы – сол жылдардағы орыс тілді кітаптың орнын қазақ тілді кітап басып, қойманың бүтін бөлігін алып тұр екен.
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
05 желтоқсан 2018 ж. 5 401 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 024

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031