Қорғансыздың мұңы (Қаз-қалпында)
2015 жыл еді. Маусым айы жауынмен басталды. Алай-дүлей соққан желге қарсы вокзалға жөнелдім. Қолымда қалтама орап салған билетім. Жүрек шіркін алып-ұшып тұр. Демалыс күндерін қалада қызықты өткізейін деген ой ғой біздікі. Ақтөбе-Алматы бағытындағы жүргек пойыз да келді. Топырлаған адам арасынан ебіл-себілім шығып, әрең дегенде орныма жайғастым. Бағанадан бері бір сөмкені жоғарыға қоя алмай жатқан мені бір жас жігіт түртіп қалды.
– Не болды? – дедім еш қымсынбастан.
– Әкеліңіз, қойып берейін, – деген ол ұзын қолымен әлгі затты оп-оңай орналастыра салды. Ол ә деместен артқа бұрылды да орнына жайғасты. Екі көзі терезеде. Алысқа көз тастап, кең далаға тамсанғанымен, көңілінде қаяу бар секілді. Жанары мұңға толы.
Аңтарыла аппақ жүзіне қараумен отқан күйімді жолсерік бөліп жіберді.
– Билетіңізді көрсетіңіз, – деді ол қатқыл дауыспен.
– Мінеки, алыңыз...
...Ұзақ үнсіздіктен соң оның ұялы телефонына қоңырау түсті. «Бауырым» деп қояды. Жүдә, жолдас баласы болса керек. Тың тыңдамайын десем де оның қоңыр дауысы жаныма жағып барады.
– Иә, бауырым, ертең кешке жетемін. Әскери формамен дейсің бе? Жарайды, – деді ол байыпты үнмен.
«Формамен дейді ме, әскери? Мүмкін әскерден қайтып келе жатқан шығар» деген сауал санамда сайрап тұр. Іштей «Әскерден қайттыңыз ба?» деген ем, дауыстап айтып қойыппан. Үнсіз маған қарап телмірген оны көріп, біраз ұялып қалдым. Бірер минуттан соң:
– Иә, – деді ол. Сол баяғы сабырлы дауыс, салмақты түр.
– Онда неге көңілсізсіз? Қайта отбасыңызға, бауырларыңызға бара жатырсыз ғой, – дедім өкпелей. Айтарымды айтқан соң тағы тартқыншақтап қалдым. Оның сұсты бейнесі жанарымды жаншып барады.
– Білгіңіз келе ме? – деген ол сол жақ қасын жоғарыға бір көтерді.
– И-ә-ә... Кекештену деген осы шығар.
– Жайғасып отырыңыз. Болса да жол алыс. Ал менің сырласар адамым да жоқ. Сіз енді мүлдем танымайтын адамсыз ғой, – деді ол мейірлене.
Әлгінде әңгімеге өзім тартқаным есіме түсіп, біраз қысылғаным бар. Сөйлеген сайын ыстық тер ытқып-ытқып қояды.
– Ата-анам бар. Бауырларым да бар. Бірақ 1 жыл тез өтті. Ал менің үйге оралғым келмейді. Бәрі бір онда мені күтіп отырған біреуі жоқ, – деді жігіт.
Не айтарымды білмей ыңғайсыз күйге ендім.
– Иә, білемін. Әлі де түсіне алмай отырған боларсыз. Әрбір адам өз өмірінің режиссері дейді ғой. Оны құрастыратын да, қайта бұзатын да өзіміз. Бірақ менің өмірімді тағдыр құрастырған.
Тағы да жұмбақтады. Білгім келгені соншалық, орнымнан тыпырши бастадым.
– Неге олай дейсіз? – деген сұрағыма мән бермеді. Көзін терезеден алысқа тастады да әңгімесін одан әрі жалғады.
– Есімім Самат. Атым қазақ болғанымен затым түрік.
– Сонда метиссіз бе? – деген маған суық көзімен бір қарады. Сұрағаныма өкініп, енді мүлде сөйлемеймін, өзі айтсын деп бұртидым іштей. Оны елеп жатқан ешкім жоқ.
– Қазақ отбасы асырап алған. Оны мен әскерге кетерде естідім. Анам айтты. Сенбедім. Өзім де ойлаушы едім. Әкем, бауырларым маған басқаша қарайды. Бөлек екенімді сездіртеді. Расымен, бөтеннің аты бөтен екен, – деген Самат жанарын төмен тастап, ауыр күрсінді. Бұлдыр-былдыр әңгіме одан әрі жалғаса берді...
...1995 жылдар. Сауда-саттықпен айналысатын түрік отбасы Қызылордадан Өзбекстанға зат тасиды. Шеттей баланы солай асыраған олар да тоқырауға ұшырап, ақшадан қысылады. Ал осы отбасыдан тауар алып жүрген Айғанымның 5 баласы бар еді. Кіл қыздардан соң дүниеге келген жалғыз ұлы «маған бірге ойнайтын іні қажет» деп қиқу салса керек. Әлгі отбасының ақшадан тарыққанын көрген бұлар алдына барып ең кіші ұлын сұрайды. Бір рет барады, болмайды. Екінші рет барады, болмайды. Тек үшінші дегенде екі жақ келісіп, 8 айлық сәби 150 келілік бидайға айырбасталады. Солай бүлдіршіннің тағдыры басқа арнаға тоғысады.
Алғаш әкеден таяқ жегенде ол небәрі 5 жаста еді. Жылауға батылы да жетпейтін. Ешкім еркелетпейді де, жағдайын сұрамайды да. Сырттан көргені «кіші бала ерке болушы еді» деп күңкілін айтқанымен отбасындағы сырды әке-шешеден басқа ешкім білмейтін. Жалғыздықпен арпалысқан күндер де зырғып, Самат ер жетеді. 9 сынып оқитын шағы. Ағасы да, әкесі де көрінген жерде төмпештей беретінді шығарған. Жасқаншақ өскен баланы ақыры ауыр жұмысқа жегеді. Түске дейін сабаққа барса, түстен кейін арбамен зат тасуға кетеді. Бірақ тапқан табысы қалтасына түспейтін-ді. Қаншама жыл қыңқ етпеген жігіттің бір күні бостандыққа самғауына үлкен мүмкіндік туады. Мектеп бітірген соң оны әскер қатарына шақырып, бұл да қуана келіседі.
2014 жылдың маусым айы. Пойыз күтіп тұр. Жан-жақтан баласының маңдайын құшырлана иіскеген аналар. Демеу берген әкелер. Еркелей құшағына енген қарындастар. Ал Саматты шығарып салар ешкім жоқ еді. Өзгеге қызыға да қызғана қараған оның ойын біреудің сілкіп жібергені бұзып жіберді. Сөйтсе ол анасы екен. Баяғыша, қабағы қатулы.
– Жүр, пойыз жүремін дегенше айтар әңгімем бар. Мұны білуің керек. Өзгеден емес, өзімнен есті, – деген анасының бұл сөзі тым түсініксіз еді.
– Сені асырап алғанбы-ы...
Әрі қарай екі құлақ шыңылдап барады. Түк естілер емес.
– Не дейсіз? – деп қайта-қайта сұрағанымен «не естісең, сол» деген қу күңкіл бұған тіпті ауыр тиді.
– Мініңдер, мініңдер пойызға...
Ұзақ жол. Ішкі жан дүниемен арпалысқан сезім. Бұлқынған көңіл. Дүрсіл қаққан жүрек. Жазылмас жарамен жылды өткізген Самат осылайша қайта үйіне оралуда...
– Менде балалық шақ болмады. Балаға ұқсап ойнап та көрмеппін. Ойыншығым да болған емес. Жәутеңдеген болмысымды әскер қатайтты. Ендігі қадамым нық болмақ, – деген ол ұзақ әңгімеден кейін алғаш рет күлімдеді.
Ақтарылған сырдан соң уақыттың қалай өтіп кеткенін аңғармаппыз. Таң да атып келеді. Сәл ұйықтап алайық, жетіп қалдық қой деп екеуміз де екі жаққа қарап көзімізді ілдік.
– Қарындас, қарында-ас?
– Ау, ау?
– Тұрсаңшы енді, жақындап қалдық. Әні алыстан ғимараттар көрініп жатыр, – деді ол күлімдей. Бұл жолы ажары одан әрі нұрлана түскен. Үстіндегі әскери формасы өзіне құйып қойғандай.
– Есіміңді сұрамаппын ғой?
– Айнұр, Айнұр...
– Қуаныштымын. Мынау менің нөмірім. Хабарлас, көмек қажет болса айт, – деп қолыма артына нөмірі жазылған билетін ұстатып кетті. Қимастық сезім кеудемді өртеп барады. Жолымыз екіге бөлінді. Бір күліп, бір жылаумен өткен пойыздағы сол күн жүректе сырлы естелік болып қана қала берді. Ол ұстатқан қағазды қолыма қысқан күйі мен де затымды алып, пойыздан түстім. Сабылысқан адам арасынан әлгі қағаздан айырылып қалмайын деп жол сөмкемнің ең артқы жағындағы қалтасына сала салдым.
Берілген аз ғана демалыс күндері тәмам. Көңілді сәттерден соң ауылымды сағына үйге қайттым. Одан соң оқу басталды. Оқудан соң жұмыс. Әйтеуір бітпейтін тіршілік.
2020 жыл. Ауылда анам үйге шақырып, үйді бұзатынын жеткізді. Сарайда сақталған ескі киім-кешек пен заттарды сыртқа таситын адам жоқ екен. Бір күннен соң көмекке бардым. Осындайда ескі-құсқыны қимай, бір ностальгия алатынымыз бар ғой. Солай көне анкета, суреттерді қарап отырып шкафқа көзім түсті. Ескі жол сөмкем көлденең жатыр екен. Ішінде не бар деп қызықтай кеттім. Шаң-шаң күйі жерге түсіріп, ақтара бастадым. Сол сәтте төбемнен жай түскендей болды. Сөмкенің артқы қалтасында Самат берген қағаз тұр. Сарғайып кеткен. Алабұртқан сезімге толы мендік жүрек әлденені сезетіндей. «Хабарлас» деп бұйрық беретіндей. Батылдықты жинап, нөмірін тере бастадым. Апыр-ау, барып тұр. 5 жыл болса да нөмір ауыстырмапты. Бірақ көтермеді. Мен де қоя салдым.
Кеш бата қалтафоныма ватсаптан хабарлама түсті.
– Үлкен қыз болыпсың ғой, – делінген әлгі жазбада. Шамасы аватарымда тұрған суретімді көрсе керек.
– Барсың ба өзі? Неге хабарласпадың, мен сені іздейді деп нөмірімді де ауыстырмадым, – деген жазбалар бірінен соң бірі келіп жатты.
Оқиғаның жай-жапсарын айтып, 5 жыл бұрын екі арнаға ойысқан тағдыр қайта айналып тоғысқанын әңгіме еттік...
...Әскерден келген Саматты жалғыз досы Серік қана күтіп алады. Екеуі асханаға отырып ас ішіп, бірер уақыттан соң үйіне оралады. Бірақ оны өзі ойлағандай құшақ жайып қарсы алмайды ешкім. Сағынышы су сепкендей басылған ол келісім-шартпен қайта Ақтөбеге оралып, сонда қызметке орналасады. Ол қазір аға сержант. Жақсы табыс табады. Көлік мінген. Үйлі болған. Солай 5 жыл да көз алдынан сырғып өтіп, аяққа тұрады. Бірақ осы аралықта иә ата-анасы, иә бауырлары іздеп, бір рет болсын хабарласпайды. Бұл да сол уақыт ішінде үйіне қайта оралмаған...
...Толассыз хабарламадан соң қалтафоныма қоңырау түсті.
– Алло?
– Алло, қарындас? Менде бәрі жақсы. Бұрынғыдай мұңаймаймын. Өткенімді ойламаймын. Есіңде болсын, қашанда қолдау білдіруге дайынмын, – деді ол жадыраңқы көңілмен.
Осы сәтте көңілдегі кірбің сәл де болса сейілгендей болды. Бірақ әр күн сайын алыстағы сол жанның амандығын тілеймін. Қорғансыздың мұңы маған талай нәрсені үйретті. Оның ішінде ең бастысы – қазіргі болмысыңа, тағдыр жазған жайлы өміріңе шүкіршілік ету еді.
Айнұр ӘЛИ