Бұзық

Маңдайдағы ақ белгісі көзіне түскен кекілден көрінбейді. Жел ессе әрлі-берлі желбірейді. Қою қара жалын басымен артқа бір қайырды да қоңыр үнімен кісінеді. Көз жанарымен иілген кірпігін қағып қояды. Сұлу. Бұл бейне жылқы біткенге тән құбылыс. Бойшаңдығы, тік ұстаған сұлбасы, табиғаттан берілген әсем түсі, бәрі-бәрі жарасып-ақ тұр. Мұндай кереметке куә еткен ауыл жайсаңдары еді. Көзі қарақты оқырманға төрт түлігін сайлаған, қонақ күтіп жайлаған ІІІ Интернационал ауылындағы ерекше естелікті баяндамақпыз.
Аулаға ене бергеніміз сол-ақ екен, алыстан жалы жалт-жұлт еткен жылқыға көзім түсті. Біраздан бері осы жануарға ауаным ауып жүрген. Атқа қонып, ерттегендерді көргенде қызықпай қоймайтынмын. Бала күнімнен атқа қонбақ түгіл қасына да жақындап көрмеппін. Мүмкін қорыққанымнан шығар. Қазір оның қасына барып бір суретке түсу үшін таптырмастай мүмкіндік туды. Өзге адамның келгенін байқады ма, біз жаққа қарады да басын изегендей көзін төмен түсірді. Күн жарығы шағылысып, күрең қасқаның ажарын одан әрі кіргізгендей. Балалық шағы, бұзықтығы бойынан ажырамаған аттың жанары жәутеңдеп тұрғандай. Аяғымен тепсініп-тепсініп қояды. Көз алар емеспін. Жануарға ғашық болу деген осы шығар, сірә?! Сұқбат бойы ойымның бәрі әлгі жылқыда еді. Әңгімеден әңгіме шығып, сөздің басын айналдыра қиялымның кейіпкеріне әкелдім.
– Бұзық па? – деді Гүлсия апа.
– Аты сондай ма еді? – деппіз сасқалақтай.
– Иә, құлынынан бағып келеміз, – деді ол жадырай.
– Бұзық деген аты да қызық екен. Ол оның мінезіне сай қойылған ба? – дедік жанжақтан жамырай. Өткенге көз жүгірткен апа ұзақ үнсіздіктен соң тіл қатты. Сол сәтте орны толмас естеліктер көз алдымыздан құдды кадрдай зырғыған еді.
Құлын шағынан мейірімге тоя өскен жылқының бойында ерекше мінез бар. Артық қимылдан үркеді, қатты сөзге ренжиді. Тіпті иесін көрсе аяғымен тепсініп, еркелей кетеді. Ал адам мұңын шақса, оның жан дүниесіне үңіле біледі. Бірде жанары жасқа толса, енді бірде балаша аунап ойнайды. Оның осындай эмоциясынан басынан талай қызық оқиға өткен.
Бірде алғаш рет Бұзықты үйірге қоспақ болады. Апарып қосады да. Қайда жүрсе ойында еркесі тұрған жылқы иесі Ерлан Тұрабаев жағдайын білмекке артынан келеді. Алыстан-ақ көзге оттай басылатын күреңнің қарасы да жоқ. Әрі іздеп, бері іздеп сабылған ол тағы да алысқа көз тастайды. Көрінбейді. Мотоциклын гүрілдетіп, шаң шығара алдыға беттейді. Көрінбейді. Сәлден соң анадай жерден жалғыз жүрген жылқыны көреді. Басын салбыратып, әлденеге өкпелегендей мұңайып тұрған Бұзық екен. Бір нәрсеге алаңдаулы. Бәлки, жалғыздықты сезінеді.
Жануарының дін аман екеніне көзін жеткізген иесі:
– Бұзық! Бұзық! Мында кел, – дейді алыстан қол бұлғай.
Екі құлағы елең еткен күрең иесі жаққа бір қарайды да аяғымен тепсініп, жақындай түседі. Бұл аралықта ерке жылқы секіре бұлғаңдай қуанған көңілімен алабыртып жеткен еді. Бірақ жанары мұңға толы. Ішкі ойымен шағымын айтып жатқандай. Солай алғашқы күнінен үйірге қосыла алмаған күрең содан бері аулада тұр. Кең қораның шаңын қағып, әрі-бері ойнап қояды.
Оқиға кейіпкері болмасақ та жазық далада, жылқы біткеннің ортасында жүргендей күй кештік. Осы аралықта ойымызды қасымызда отырған Гүлсия апа:
– Жүріңдер, апарайын, – деген үнмен бөліп жіберді.
Жылқы біткеннің иісі сіңген қораға келдік.
– Әкемнің иісі бар. Қолыммен тұмсығын сипалай еміренген соң алақанымнан әкемнің иісі шығады. Ол кісі де ат үстінде жүретін адам еді. Сағынғанда мауқымды осылай басамын, – дей беріп еді Бұзықтың да көзін мұң шалғандай кейіпке енді. Әлгіндегі тепсінгенін қойып, тынышталып қалыпты.
– Суретке түссеңші, – деген таспалаушының сөзін ести сала қуана келісе кеттім. Бірақ жануарға жақындаған сайын жүрек шіркін өз орнынан дүрсілдеп шығып кетердей. Ол дүрсілді Бұзық екеумізден басқасы естімеген де шығар. Бір-бірімізден көз алар емеспіз. Жан-жақтан "қорықпа, қорықпа" деген сөз алма-кезек еміс-еміс естіліп жатыр. Іштей "мә-ә, бір тепсең біттім ғой" деп қоямын. Қорыққанымды білді ме, артқа шегіне басын бұлғаңдатады. Тағы да "қорықпа". Бар күшімді жиып ап бір қадам жасадым да көзіне тіке қарап "теппеші" деймін ауықауық. Ұзаққа созылған ішкі жанталастан соң Бұзық та әлденені түсінгендей басын төмен түсірді. Құдды "саған зиян келтірмеймін" деген сыңайлы. Тұмсығынан сипау үшін қолымды әрең созып жақындай түстім. Қозғалар емес. Алақаным тие бергені сол еді, тоқ ұрғандай денем қалшылдай кетті. Осы сәтте ұзақ күткен бір-ақ кадр жырқ етті. Әйтеуір жылқымен алғашқы кездесудің соңы сәтті өтті. Кетіп бара жатқанда қимағандаймын. Жанында аз уақыт болсам да, оның еркелігін, мейірімін өзіммен ала кеттім.
– Қар түскенде қонаққа келіңдер, – деді Гүлсия апа.
– Сүйкімді құлындардың түр-түрімен таныстырамын, – деп тағы да жұбатқандай болды. Соңғы рет Бұзыққа көз тастадым. "Сау бол!" дегендей басын изейді. Сол сәтте жүрек түкпірімде орын алған күрең қасқаға деген жылулық өртеніп кетердей еді...
Айнұр ӘЛИ
02 қыркүйек 2020 ж. 866 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 094

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031