Құның қанша?

Құның қанша?
Бір күні бір жас жігіт данышпан ақсақалға келіп:
– Мен өмірден шаршадым. Айналамдағы кісілердің бәрі кемсітіп, өмірде жолым болмайтынын, ешкімге керегім жоқ екенін айтып бетіме басады. Қайда барсам да ешкімге керегім жоқ бір бейшара халге түстім, өмірден шаршадым, маған ақылыңызды айтып, көмегіңізді беріңіз, – депті.
Сонда әлгі данышпан:
– Менің қазір уақытым жоқ еді, бір тығыз шаруаларым бар, – деп біраз ойланып тұрып: – бірақ бір жұмысыма көмектессең, мен де саған бір көмегімді берейін, – депті.
– Әрине, көмектесемін, – деп жігіт келісіпті, өзін тағы да кемсітіп жатқандай сезініп.
– Жарайды, – деп данышпан өзінің сол қолындағы саусағының бірінен әдемі тасы бар жүзігін шешіп алып:
– Қазір атқа қонып, тезірек базарға барып, мына жүзікті сатып, ақшасын алып келші, тезірек бір қарызымды өтеуім керек. Қымбат ақыға сат, бірақ бір алтыннан кем ақыға келіспе. Тезірек барып кел, – депті.
Жас жігіт жүзікті алып, атқа мініп, базарға қарай асығыс жөнелді. Жеткеннен соң, бірден жүзікті саудагерлерге ұсына бастады. Алғашында саудагерлер қызығып, қарай бергені сол еді, бірақ жігіттің бағасын естіп, жүзікке деген қызығушылықтары сөнгендей болды. Кейберуі артқа айналып кетсе, кейбіреулері түкке тұрмайтын жүзікке алтын сұрағанына мазақтап күле бастады. Араларында бір қарт кісі келіп, бұл жүзіктің құны бір мыс екенін, әрі кетсе бір күміске ғана сатуға болатынын түсіндірді.
Жігіттің көңілі әбден түсті, өйткені данышпан кісі оған бір алтыннан кем ақыға сатпа деген еді. Базарды қанша араласа да, жүзікті ойдағыдай ақыға сата алмай, аттың басын бұрып, көңілі қатты түскен күйде, данышпанға оралыпты.
– Тақсыр, мен бұл жүзікті өзіңіз айтқан алтынға сата алмадым, бірнеше күміске сататын едім, бірақ сіз алтынға сат дедіңіз ғой. Бұл жүзіктің шынайы құны қанша еді?
– Сен дәл қазір өте маңызды сөздерді айттың, – деді данышпан сөзін ары қарай жалғастырып: – Бұл жүзікті сатпас бұрын, шынайы құнын білген артық болмас еді, бірақ шынайы бағасын зергерден басқа кім біледі? Қазір дереу зергерге барып, жүзіктің құнын біліп кел. Есіңе сақта зергер қандай ақы ұсынса да, жүзікті сатпа.
Жігіт зергерге барып жүзікті ұсынып құнын сұрайды. Зергер құрылғысын алып, жүзікті ұзақ бақылап болған соң:
– Ақсақалға жеткіз, мен бұл жүзікке дәл қазір тек елу алтын ғана бере алам, егер сәл уақыт берсе жетпіс алтынға алар едім, егер, әрине уақыт берсе.
– Жетпіс алтын?! – деп, жігіт қатты таңғалып, қуанған күйде, кері қарай асығыпты.
– Тыңда, балам, – депті, жігіттің қуанышқа толы әңгімесін тыңдаған, данышпан: – Бұл жүзік мына тура сенсің, қымбат та қайталанбас! Сенің шынайы құныңды тек асылдар ғана анықтай алады. Сол себепті неліктен базарға барып, қайдағы адамдардан құныңды іздейсің?
18 сәуір 2018 ж. 1 901 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (10353)

05 қараша 2024 ж.

№87 (10352)

02 қараша 2024 ж.

№86 (10351)

29 қазан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 954

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930