ӨНЕР МЕРЕКЕСІ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
Ауданда «Ел іші – өнер кеніші» өнер фестивалі жыл көлемінде жалғасын тауып, соның аясында халыққа концерттік бағдарламалар ұсынылып келді. Ауылдық елді мекендердегі жас таланттардың дарынын ашу, көпшілікке таныту, шығармашылығын шыңдау сынды мақсатта ұйымдастырылған мәдени іс-шара сейсенбі күні Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде қорытындыланып, ең үздік өнер туындылары көрермен қауыммен қайта қауышты.
Атап өтерлігі, мәдени жоба ауданымызда 2017 жылдан бері дәстүрлі түрде өтеді. Ауыл өнерпаздарының қызықты бағдарламасы жаз айларында тамашаланып, тұрғындарға рухани күш-жігер сыйлауда.
Айтулы кешке аудан әкімі Жандос Еркінбек арнайы қатысып, өнерпаздар мен көрермендерді мәдени шараның мәресіне жетуімен шын жүректен құттықтады.
– Киелі Қармақшы топырағы – ежелден мәдениеті дамыған, өнердің киесі қонған, тарихы терең, рухы биік қасиетті мекен. Сондықтан да дәстүрлі өнер фестивалінің біздің ауданымыздың өнері мен мәдениеті үшін маңызы зор. Жаз бойы орталық алаңда ұйымдастырылған концерттік бағдарламаларда ән мен күй, жыртерме, би өнері кеңінен насихатталып, тұрғындардың қошеметіне бөленді. Киелі мекеннің руханиятын ардақтап жүрген барша өнерпазға шынайы алғысымды білдіремін, – деді аудан басшысы.
Кеште фестиваль барысында өнер көрсеткен бірқатар өнерпаз арнайы номинациялармен марапатталса, сондайақ ақпараттандыру, бағдарламаның сапалы өтуіне белсене атсалысқан азаматтар да аудан әкімінің алғыс хатына ие болды.
Марапат рәсімінен соң қалың көрермен өнерпаздардың мерекелік концертіне қызыға қол соғып, ризашылық білдірді. Өнерпаздар ән, би және аспаптық шығармалар орындап, елдің ықыласына кенелді.
Айта кетейік, маусым айынан басталып қыркүйекке дейін жалғасқан өнер шарасына барлық елді мекен, К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйі мен Т.Салқынбайұлы атындағы өнер мектебінің шығармашылық ұжымдары қатысып, өнерлерін тарту етті.
С.РАЙЫМБАЕВА















