«ЕЛ ІШІ - ӨНЕР КЕНІШІ»: ӨНЕР МЕРЕКЕСІ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
Ел ішіндегі таланттарды қолдап, олардың шығармашылығын таныту – мәдениетті дамытудағы маңызды бағыт. Осы ретте жыл сайын ұйымдастырылатын «Ел іші – өнер кеніші» фестивалі Қармақшының өнерлі өрендерін бір сахнаға тоғыстырып, аудан тұрғындарына рухани мереке сыйлап келеді.
Бүгін Шәмшат Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде «Ел іші – өнер кеніші» атты аудандық өнер фестивалінің қорытынды кеші өтті.
Мәдени жоба 2017 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып, жыл сайын жаз айларында аудан тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй мен рухани серпіліс сыйлауда.
Қорытынды кешке аудан әкімі Жандос Еркінбек арнайы қатысып, өнерпаздар мен көрермендерді айтулы мәдени шараның мәресіне жетуімен құттықтады.
«Киелі Қармақшы топырағы - ежелден мәдениеті дамыған, өнердің киесі қонған, тарихы терең, рухы биік қасиетті мекен. Сондықтан дәстүрлі өнер фестивалі біздің ауданымыздың мәдениеті үшін маңызы зор. Жаз бойы орталық алаңда ұйымдастырылған концерттік бағдарламаларда ән мен күй, жыр-терме, би өнері кеңінен насихатталды. Киелі мекеннің руханиятын ардақтап жүрген барша өнерпаздарға шынайы алғысымды білдіремін!», – деді аудан басшысы.
Қорытынды кеште фестиваль аясында өнер көрсеткен бірқатар өнерпаздар арнайы номинациялармен марапатталып, сондай-ақ ақпараттандыру жұмысымен қатар, бағдарламаның сапалы өтуіне белсене атсалысқан азаматтар аудан әкімінің «Алғыс хатына» ие болды.
Марапаттау рәсімінен кейін көрермен назарына аудан өнерпаздарының қатысуымен мерекелік концерт ұсынылды. Бағдарламада ән, би және аспаптық шығармалар орындалып, көтеріңкі көңіл-күй сыйланды.
Биылғы фестивальдің ерекшелігі – өнер мерекесінің ауқымы кеңейтіліп, аудан орталығымен қатар елді мекендердегі өнерпаздардың шығармашылығы да дәріптелді. Маусым айынан қыркүйек айына дейін жалғасқан мәдени шаралар барысында ауданның 14 елді мекенінен, сондай-ақ аудан орталығындағы Көшеней Рүстембеков атындағы жыраулар үйі мен Тұрымбет Салқынбайұлы атындағы өнер мектебінің өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салды. Аудан басшысы ауданның рухани-мәдени өмірін байыту бағытындағы жұмыстардың жүйелі жалғасатынын жеткізді.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
















