ЕЛ ІШІ – ӨНЕР КЕНІШІ
Жосалы кентінің орталық алаңында аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Ел іші – өнер кеніші» мәдени жобасының кезекті маусымы басталды. Ұлттық өнерді ұлықтап, халық шығармашылығын насихаттауды мақсат еткен мәдени шараға аудан тұрғындары көптеп жиналып, өнер кешінің куәсі болды.
Концерттік бағдарламаның шымылдығын Ақтөбе және Жосалы ауылдық округтерінің өнерпаздары ашты. Олар сахна төрінде әуелете ән шырқап, күмбірлеген күй орындап, ұлттық би мен көркем шығармаларды көрермен назарына ұсынды. Әрбір өнер ұлттық нақышымен ерекшеленіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Өнерпаздардың орындаушылық шеберлігі мен сахна мәдениеті көптің ыстық ықыласына бөленді.
Осындай мәдени кештер аудан тұрғындарының бос уақытын мазмұнды өткізуге мүмкіндік беріп қана қоймай, ұлттық өнерге деген қызығушылықты арттыруға, мәдени мұраны кейінгі ұрпаққа насихаттауға жол ашады. Әсіресе ауыл өнерпаздарының шығармашылығын қолдап, олардың өнерін халыққа танытуда бұл жобаның маңызы зор.
Мәдени жоба қыркүйек айына дейін әр сенбі сайын Жосалы кентінің орталық алаңында жалғасады. Алдағы концерттік бағдарламаларға кент пен ауданға қарасты барлық ауылдық округтің өнерпаздары кезең-кезеңімен қатысып, өздерінің үздік өнерлерін ел назарына ұсынатын болады. Бұл жоба ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, ауданның мәдени өміріне серпін беретін игі бастама ретінде жалғасын таппақ.















