ӨНЕГЕЛІ ОТБАСЫ – ЕЛ МЕРЕЙІ
«РУХАНИЯТ» ОРТАЛЫҒЫНДА ОТБАСЫ КҮНІНЕ ОРАЙ АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ДИАС МОЛДАБАЕВТЫҢ ТӨРАҒАЛЫҒЫМЕН МЕРЕКЕЛІК ҚАБЫЛДАУ ӨТТІ. ЖИЫНДА ДИАС АСЫЛБЕКҰЛЫ БАРША ҚАТЫСУШЫЛАРДЫ МЕРЕЙЛІ КҮНМЕН ҚҰТТЫҚТАП, ЖЫЛЫ ЛЕБІЗІН ЖЕТКІЗДІ.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының мемлекет – отбасынан басталатынын және қоғамдағы негiзгi отбасылық құндылықтарды нығайтудың маңыздылығына ерекше назар аударып отырғандығын атап өтуіміз керек. Халқымыз үшін отбасы қашан да қасиетті ұғым. Адам баласына берілетін тәрбиенің бастауы да отбасынан қалыптасады. Биыл ауданымызда 17 ана «Алтын алқа», 47 ана «Күміс алқамен» марапатталып отыр. Сондықтан өнегелі отбасыларды дәріптеу, олардың өмір жолын кейінгі буынға үлгі ету – баршамызға ортақ міндет, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Мерекелік қабылдауда отбасылық құндылықтарды дәріптеп жүрген Арықбаевтар, Қорғанбаевтар, Елеуовтер, Матжановтар, Тоғызбаевтар және Әлиасқаровтар отбасы «Ынтымағы жарасқан отбасы», «Еңбекпен еңселенген отбасы», «Ұрпағымен ұлағатты отбасы», «Қызметі мен отбасы қатар өрлеген отбасы», «Жігерлі отбасы», «Өнер мен білімді ұштастырған отбасы» номинацияларының жеңімпазы атанды.
Іс-шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков кейінгі буынға өнеге боларлық шағын институт жайында ой-пікірін білдірсе, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжауһар Раева мерекелік тілегін арнады. Сондайақ басқосуда концерттік бағдарлама ұсынылып, өнерпаздар әннен шашу шашты.
Бүгінде ауданымызда отбасы құндылықтарын құрметтеу мақсатында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына ерекше мән берілуде. Осы жылы аудандық кезеңнің қорытындысымен Тортаевтар және Қиясовтар отбасы облыстық кезеңге ұсынылып, облыстық байқау нәтижесінде «Бәйтерек отбасы» және «Кемел отбасы» номинацияларымен марапатталған болатын. Сонымен қатар мерекеде Ақтөбе ауылдық округінен Жакеновтер отбасы облыс әкімінің қабылдауында болып, арнайы «Гауһар той» номинациясына ие болды.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
















