» » Ажырасуға себеп болатын жағдайлар

Ажырасуға себеп болатын жағдайлар

Ажырасуға себеп болатын жағдайлар
Үйленгенге дейін барлығы жақсы, бір шаңырақ астында тұра бастағанда көпшілік жұп бір-бірінің алдында беті ашылып жатады. Осыдан кейін қиындықтармен бірге күресіп, мәселені шешкенге қарағанда, дәм-тұзымыз жараспады деп ажыраса салуды оңай көреді. Сондай ажырасуға шешім қабылдаған жұптың хаттары.
Жігіт: Сенімен жақын сөйлескеннен бастап ақылдылығыңа бас идім. Менің әр сөзімді құптап, «сіздікі дұрыс» деп бас изеумен отырушы едің. Үйленгеннен кейін бар билікті өз қолыңа алдың. Менің айтқанымды тыңдамайтын болдың.
Қыз: Үйленгенге дейін үйде ер азамат басшы деген пікірде болдыңыз. Бірақ үйленген соң ол сөзіңізді іспен дәлелдегеніңізді байқамадым. Не сұрасам да «өзің біл» деген жауап айттыңыз. Сіз бас қатырмайтын шаруаның барлығын өз бетіммен шешуге тура келді.
* * *
Жігіт: Жігіт-қыз боп кездесіп жүрген кезімізде сенен сұлу қыз жоқ деген пікірде едім. Әрдайым алдымнан жаңа ашылған гүлдей құлпырып шығатынсың. Көркіңе көзім тоймай, қарай бергім келетін, әлемде сенен басқа қыз жоқтай көрінуші еді. Ал қазір өзіңе күтім көрсетуді азайттың. Сыртқа шыққанда ғана боянып-сыланатыныңды көріп, бар сұлулығыңды маған емес, өзгелерге арнайтыныңа жаным қынжылды.
Қыз: Қыз кезімде әр кездесуге бірінші рет барардай қобалжып, бет-әлпетімде кемшілік жоқ па деп үйден шыққанша айнаға жүз қараушы едім. Әр жаңа көйлегімді назардан тыс қалдырмай, мақтап отыратынсыз. Ал үйленгеннен кейін мен қандай жаңа киім алсам да, жаңа әтір шашсам да сізге бәрібір болды, еш елемейтінсіз. Сіздің назарыңыз аумаған соң менің де сұлулыққа әуестігім басыла берді.
* * *
Жігіт: Үйленгенге дейін менің еңбекқорлығымды, іскерлігімді айтып мақтайтынсың. Сенің әр сөзіңнен шабыт алып, қызметте бұрынғыдан да көп жетістікке жетір, көтерілген едім. Некелескен соң тек үйге ақша алып келген күні ғана жағымды сөздер айтатын болдың. Сенің бұрынғы махаббатыңа ие болу үшін тек ақша табуым шарт па деген ой туды. «Қолыңнан келмейді», «болмай қалады» деген сөздерің жанымды қатты жаралайтын.
Қыз: Үйленбес бұрын мансабыңыз да жоғарылап, абыройыңыз да артып жүретінсіз. Одан кейін не болғанын білмеймін, тек сәтсіздіктерге ұрына бердіңіз. Ойға алған ісіңіз пайда әкелмейтінін айтсам да, сөзіме құлақ аспай бар ақшаны бір кәсіпке салып жіберіп қарап отыратынсыз. Айттым ғой сізге, одан ештеңе шықпайды.
* * *
Жігіт: Қыз кезіңде паң, тәкаппар болатынсың. Жігіттер тұрмақ, өзге қыздардың да алдында өз бағаңды біліп, кеудеңді биік ұстайтынсың. Маған өзіңнен өзге қыз ұнамайтынына сенімді едің, сол қасиетің ұнайтын. Бірге тұра бастағаннан менің әр қадамымды аңдып, өзімнен жасырып телефонымды тексеріп, айырылып қалардай қорқынышпен күн кештің. Сол шақтағы сенімділігің қайда кетті?
Қыз: Алғаш танысқан кезден бастап басқа қыздарға қасақана қырындап, мені қызғандырғанды жақсы көретінсіз. Иә, бастапқыда мән бермедім. Ойыныңызды көтере білейін деп өзімді тежеп ұстадым. Бірте-бірте бұл қылықты үдете бердіңіз. Соңында шынында да күдігімді ояттыңыз. Телефонға жауап бермей қалсаңыз, жанымнан сәл жырақтасаңыз жаман ойлар азғыра берді. Сеніп тұрсам да, «бірақ» деген ой маза бермеді.
* * *
Жігіт: Үйленбей тұрып-ақ ақшаны жақсы көретініңді сезетінмін. Ананы аламын, мынаны аламын деп мені шығынға батыруды жақсы көретінсің. Мұныңды сүйкімді ерке қылыққа балап, ұнататынмын. Өз ақшаңды мұқият ұстап, үнемдеп жұмсайтыныңа қарап, отбасымыздың берекесін келтіріп отырар деп ойладым. Алайда бәрі басқаша болып шықты. Жалақы алғаннан бар ақшамды сыпырып алып, кейде өз ақшамды өзіме жаратуға бермейтінсің...
Қыз: Некелесерден бұрын мен қалаған нәрселерді ғана сатып алатынсыз. Қазір қай-қайдағы пайдасыз нәрселерге ақшаны көп шашасыз. Өзім ұстап, өзім жұмсамасам, айдың аяғында ақшаның қайда кеткенін білмей қаламыз.
* * *
Жігіт: Бұрын өзіңнің сипаттағаныңа қарап, «анасына қарап қызын ал» деген мақал өте жақсы айтылған, таңдаған қызымның тәрбиесі анасынан, өте ақылды адамға ұқсайды деп ойлаушы едім. Оның «ақылын» асыра пайдаланып, үйдегі әр ұсақ-түйекті сол кісіден сұрап, тірлігіміздің барлығына араластырып отырдың. Менімен ажырасуға сені мәжбүрлеген сол кісі екенін естісем де таң қалмаспын.  Сен мені талай кешіргенмен, ол кісі кешіре алмады. Себебі сенің көңіліңді тапқандай, ол кісінің алдында да кінәмді жуып-шая алмаушы едім ғой...
Қыз: Отау құрғанға дейін мені туғаннан анамнан айналып-толғанып отыратынсыз. Кейін мені ол кісіден тартып алғыңыз келді. Күн сайын телефонмен сөйлескенімді ұнатпадыңыз. Оның бізден басқа сырласар кімі бар еді? Туған анамнан мені неге алшақтатқыңыз келгенін түсінбедім.
Көріп отырғаныңыздай, екі тарап та кінәні бір-бірінен іздейді. Қиын жағдай тууына, мәселе шешілмеуіне қатысты кінә екі жақта да болады. Тек әркім кемшілікті өзінен іздеген кезде ғана барлығы оңай шешіледі. Құлқынның құлы болмай, сезімді бәрінен биік қойған жан сүйгенінінің бойындағы кемшіліктерді де көрмес еді...
16 сәуір 2018 ж. 2 068 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031