ҚҰРБЫЛАР
Майра әлденеге қатты күрсінді. Жанына не жақын екені белгісіз. Беймаза ойлар жанын жегідей жеп, әлдекімді сағынады. Таңды таңға ұрып, кештерді күрсінумен өткізеді. Бұл өмірде ол білмейтін дүниелер әлі жұмбақ тәрізді. Әйтсе де әр жұмбақтың өзіндік шешімі болатыны белгілі емес пе. Ойларын онға бөліп, сан соққаннан не пайда?
Кітапхана толы студент. Кезекке тұрудан жалыққан Майраның құрбысы Назгүл қатты шаршап, үйге тезірек қайтқысы келді. Бірақ, тапсырма күндегіге қарағанда әлдеқайда көбірек берілген...
Бүгін бес құрбы бірігіп, әдеттегіше үй тапсырмасын орындап болған соң үйлеріне қайтып, жолда келе жатыр. Әркім өзінің мұңын шағып, сарғайған сағынышқа толы күз мезгілінде күпті көңілдерін бір сілкіп алды. Кезек Назгүлге келді:
-Менің соңымнан бір жігіт қалмай қойды. Ал, мен болсам оны жақсы көрмеймін. Жүрекке әмір жүрмейді.
Майра: -Жандос жақсы жігіт. Ол сені шын ұнатқандықтан солай қыр соңыңнан қалмай жүр. Ал, сен ше? Барды бағалап, жоқты іздемеген жөн ғой. Саған осы кім ұнайды?
Назгүл: -Маған өзіміздің топтағы Аслан ұнайды.
Майра үнсіз қалды. Бұл сөзді естіп төбесінен жай түскендей, күтпеген жерден басы айналып, қатты қобалжып кетті. Іштегі алай-дүлей арпалысты қалай жеңерін білмей, ешкім білмейтін бір жаққа дәл осы сәт кеткісі келді. Құлағы тас боп бітеліп қалғандай. Аслан...Аслан...Аслан.. деген толғаныстардың толқуында тербеліп тұрғанда иығынан итеріп Назгүлдің: -Саған не болды? деген даусын сонда ғана бірақ аңғарды. Әйтсе де Асланға деген сезім оған бой алдырар емес-тін.
-Жай ештеңе... сенікі де жөн.
Назгүл бұдан әрі үн қатпады. Бұл кезде аспандағы бұлттар да қыздардың көңілдері тәрізді торланып, мұңдана қалыпты. Артынша көңілдердің кірбіңін жоғалтқандай жаңбыр да барынша құйып жауды. Соңынан сіркіреп барып, біртіндеп күн де ашыла бастады.
Қыздар осылай тарасты. Бәрі өз үйлеріне қайтуға айналды.
Қайтар жолда Майраның көңілі әлдекімді іздегенмен бұл жолы тағы да жалғыз. Құрбыларының ішіндегі ең аяулысы, жамандыққа қимайтыны осы Назгүл болатын. Ол ақжарқын, кеңпейіл, достарға деген адалдығы жүзінен көрініп, ісінен білініп тұратын ибалы қыз. Сырын жасырып қалмайтын аңғал бала мінезді.
Енді не істерін білмей дал болды. Неліктен мен оны іштей ұнаттым. Неге ертерек бірінші мен айтпадым. Жоқ бәрібір бұлай болмайды. Мен айтқанмен ол дәл қазір менің күйімді кешері сөзсіз. Мен ондай өзімшілдікке бой бере алмаспын.
Ендігі кезек Асланның кімді қалайтынына тікелей байланысты болмақ. Кенеттен кезіккен Асланды көріп, Майра таңданыс үстінде. Қуанарын не қуанбасын білмей аңтарылып тұрып қалды. Аслан аман-саулықтан соң бірден өзінің келу себебін айтты.
-Майра, мен сені ұнатамын. Айтудың ыңғайын таппай біраз жүріп қалғаным үшін кешірім өтінем.
Майра ойлануға бір күн рұқсат алды да, көз алдында тұрған жасты білдіртпес үшін тезірек қоштасуға ыңғайланды.
Құрбысы Назгүл көз алдынан кетер емес. Білмесем бір жөн, біле тұра құрбымның ұнатқан жігітімен көз алдында бірге жүрсем, көзіне шөп салғандай болмаймын ба? Дос деген атқа кір келтірмеймін. Қашан да мен үшін достық қымбат. Достықты сатқанша Майра деген атым құрысын. Бұл менің жан дегенде жақсы көретін жалғыз құрбым. Әбден басы қатып кеткен Майра енді не істерін білмей дағдарып, тұманды ойлардың ортасында қалды.
Таң атты. Күн көзі тағы да әлемге нұрын шашты. Асланға деген сезімін тежеп, ол іштей ойланып келеді.
Кімді айтсаң сол келеді демекші, алдынан өзінің ұнатқан жігіті Аслан шыға келді.
- Сәлем, Майра.
- Сәлем, Аслан.
-Айып болмаса, мен өз жауабымды білейін деп ем. Сенің де мені ұнататыныңа күмәнім болмаушы еді. Құлағым сенде. Тыңдап тұрмын. Майра, үн қатшы. Неліктен үнсізсің!
-Аслан, менің жауабым үш әріптен тұрады. Оны өзің де жақсы білесің.
-Егер батылың жетсе, неге айтпайсың! Айтсаңшы, мені олай қинамашы, жаным.
-Жоқ... жоқ... жоқ...
-Неге олай дейсің, Майра. Бір себебі бар ма? Осының бәріне Назгүлді себеп қылсаң қателесесің. Мен сені ғана жақсы көремін. Түсінші мені.
-Жоқ. Мен құрбымның алдында ешқашан қарабет болғым келмейді. Мені түсінуге тиістісің. Мен үшін достық ең бірінші орында. Сондықтан сенімен де дос болып қалғаным дұрыс. Бұл өзіңе де, маған да оңай болары сөзсіз. Егер мені шынымен жақсы көрсең достығымды жоғары бағалап, сол тұрғыдан ғана қабылдағайсың.
-Жарайды. Бірақ мен сені қандай жағдай болса да шын жүрегіммен жақсы көретінімді білгейсің.
-Оны өзің білесің. Рұқсат болса, мен кетейін.
Екі оттың ортасында қалған Аслан көз алдынан Майра ұзап кеткенше соңынан қарап тұрып қалды.
Бір қызығы, достықты берік ұстанған Майра өмірде Асланды араға жылдар салып қайта жолықтырды. Бұл жақын құрбысы Назгүлдің де өз орнын тауып, өз сүйгенімен әлдеқашан бас қосқан кезі болатын. Махаббат-достықтан құралуы бек мүмкін. Алайда шынайы достықтың шынайы махаббатқа ұласуы сирек болатын құбылыс. Сондықтан асыл достықты бағалағанға не жетсін, шіркін!
Айжан ТОҚШЫЛЫҚОВА.
Пікір 46