» » » Қарияның даналығы

Қарияның даналығы

Ұзақ жолдан келе жатқан жолаушы ауылына жетуге күндік жер қалғанда алдынан қарсы кездескен өзіндей бір кісіге жолығып, бір төбенің басында аз-кем ат шалдырып, тынығып алмақ болыпты. Әңгімеден әңгіме туып, әлгі кісінің құмалақ ашатын балгерлігі бар екенін білген ол өзіне құмалақ ашып, болашағын болжап беруді өтінсе керек.
Алдына жайылған орамалға қырық бір құмалақты шашып жіберіп, құмалақ көрсеткен болжамдарды оқыған құ­ма­лақшы:
-Ұзақ жолды еңсеріп, ел шетіне жа­қындап қалыпсың. Амандық болса ауы­лыңа жетуге аз қалған екен. Жүріңкіреп отырып, бүгін кешке үй­іңе жетіп қонсаң үйдегі әйелің өледі, ал ас­ықпай жүріп, жолға қонсаң өзің өлесің-деген екен.
Мына әңгімеден кейін бойын бір ызғар қарып өткендей болған жолаушы көпке дейін өзіне-өзі келе алмапты. Екеуі екі жаққа аттанып кеткеннен кейін үйге кешке дейін жетіп алуы керек пе, әлде жолға түнегені дұрыс па, соны шеше алмай ойы онға, санасы сан-саққа жүгірген ол не де болса... - деп, атын шаужайлап жолға сала бергенде:
-Не істеп келесің сен? Осы уақытқа дейін ишщаласып көрмеген, құдай қосқан қосағың, сені қашан келеді деп жолыңа сарсыла қарап отырған адал жарың, балаларыңның анасы емес пе ол?! Осы қылығыңмен немерелеріңді емірене сүйіп, сенің алыс жолдан алып келгеніңді оларға мейірлене таратып отырған кезінде кең дүниесін тарылтып, бір сәтте о дүниеге аттандыра салмақ болып келе жатқаныңды сезесің бе өзің? – деп жүрегінің терең түкпірінен атой берген бір дауыс атының басын тартуға мәжүбір етті.
-Қой, не де болса өзім көрейін, ауылға жақындап бір төбенің басына кідірсем, не өзім сияқты жолаушы, не мал қараған бі­реулер денемді тауып, елге жеткізер. Еркек тоқты-құрмалдық, от басымның ұйытқысы болып отырған кемпірім аман болсын-деп, тағдырға мойын сұна берген кезде алла- та-ал­ланың аманат еткен жаны өзінің тәтті екенін байқатқандай жүрегін жұлқи лүпілдеткенде егесі тарапынан қы­сым азайған соң өз еркімен, екі жақтың жусаны мен ебелегін кезек шалып, жайбарақат келе жатқан атының қос бүйіріне екі етігінің өкшесі қал-ла-ай қадалғанын білмей қалды. Егесінің кысыңқырап қалған тақымы мен тебінгінің сыртынан қатты батқан қос өкшенің тегеурініне шыдамай ытқырына жөнелген атынан түсіп қала жаздап, зорға тіктелген ол сәлден кейін жаяу бүлкілге салып жолға түсті.
Аз жүрді ме, көп жүрді ме, аңғара алмай, қай тұсқа келгенін де, қай бағытпен келе жатқанын байқауға мұршасы келмей, беталды мәңгіріп біршама жерді артқа тастаған оның алдынан бір қария кездесіп, жағдай сұрасады. Ұнжырғасы түсіп, түрі келмей құр сүлдері келе жатқан оны алдында кездескен бір биік төбенің басына кідіртіп аттан түсіреді.
- Е-е, солай де, балам. Үйге барсам әйеліме, жолға түнесем өзіме қауіп дедің бе? Өте қиын жағдай екен. Десе де ойланайық, қандай тығырық болса да бір шығар жері болушы еді, бәрі алланың қолында ғой, қарағым – деген ол жолаушының мінген атын, үстіндегі киімін, қолындағы қамшысын асықпай сыдырта бір қарап өтеді. Артық-ауыс ештеме байқалмаған соң қария ер басындағы дорбаны алып, аса сақтықпен ішіндегі буыншақ-түйіншектерді шығара бастайды. Кенет жолға деп алып шыққан азық арасындағы нан ораған түйіншектің ішінен бір қара­құрт шыға салып, жолаушыға қарай тұра жүгіреді. Қапелімде не істерін білмей сасып қалып, апыр-топыры шыққан екеуі әупірімдеп жүріп әлгі жәндікті аяғымен таптап зорға өл­тіреді.
Мән-жайға қаныққан қария біраз демін басқан соң:
-Балам, қауіп-қатер сейілді білем. Бүгін түн үйіңе жетсең сенің дорбадағы заттарыңды реттеп жүрген келінді мына қарақұрт шағып алып өміріне қауіп төндірер еді. Ал, жолға түнесең тамақтанғалы жатқаныңда бұл қауіпке өзің ұрынар ең. Әлгі құмалақшының құмалағына түсіп отырған осы жайлар шығар. Әттеген-ай, қауіп-қатерді сезгенімен оның қайдан келетінін тап басып айта алмаған екен! – депті.
Өмірден көрген-түйгені мол, көзі ашық, көкірегі ояу, қарияларым, мерекелеріңіз құтты болсын. Сіздер аман болсаңыздар дүние түгел, көңіл орнында.
Шегебай Құндақбаев,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
10 қаңтар 2018 ж. 3 024 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 006

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031