» » » ӨРКЕНІ ӨСКЕН ОТБАСЫ

ӨРКЕНІ ӨСКЕН ОТБАСЫ

Қайсыбір жылы қазақ­стандық басылымнан ағыл­­шын патшайы­мы­ның отыз жыл сандық түбінде жатқан сарша көйлегін шығарып, үс­тіне қайта кигенін оқығаным бар еді. Ата-баба­сынан бері басқа патша тәжін киіп, жүз­деген жылдар мемлекет бас­­қарып, тұ­қым-тұяғымен тақта отырып келе жат­қан патшайымның шындығында да осыдан бас­қа киерге киі­мі бол­мағаны ма дегенге ешкім де сене қоймасы анық. Бұл ескі көй­легін үс­тіне қайта ілген Елизаве­та патшайымның әлем­ді шар­пыған дағ­дарыс сы­нынан сүрінбей өту үшін үнем­­шілдіктің үлгісін көр­сетіп, барша халқына жа­саған шарасы болатын. “Өзгеге ақыл айтамын де­сең, өзіңнен баста” деген қағиданы ұс­танған ағыл­шын бас ханымының мұн­дай әре­ке­тін көре­генділікке бала­ғаннан бас­қа без­беніміз жоқ.
Енді ағылшындарды қоя тұрып, өзімізге оралайық. Жосалы кентінің тұрғыны, денсаулық саласының ар­да­гері Любовь Ивановна үнем­шіл­дікті үйінен бастаған жан. Алпыс­тың үшеуіне аяқ басқан көп балалы ана үлкен шаңырақтың ұйтқы, берекесі. Жұбайы Мұхатай Махановпен 47 жыл тату-тәтті бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп келе жатқан баянды бақыт иелері отбасында 1 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсіріпті. Екі ұлттың махаббатынан дүниеге келген балалар өмірден өз орындарын тапқан, үйлі-баранды. Жарқынай мен Светлана Жаңажол ауылының келіндері. Жар­қынай 90-жылдары Көкшетау қа­­ла­сынан құрылыс саласының ин­же­нері мамандығын қызыл дип­ломға бітірген. Есепші, көпір кра­ны жүргізушісі мамандықтарын қоса меңгерген. Бүгінде Жаңажол ауылында кіші мейірбике болып еңбек етеді. Үш баланың анасы. Ата-ана өнегесін көріп өскен оның жанұясында да береке ұйып, құт қонған. Өсіп-өнген шаңырақтан ұшқан қыз баланың отбасында сы­пайылық пен әдептілік қанат жайған. Еңбекті өміріне қазық еткен жан күніне 10 сиырға дейін сауып, жанның да, малдың да жағдайын жасап жүрген жайы бар. Светлана бір бөпесімен үй шаруасында. Альбина жеке кә­сіп­кер. Өз алдына дүкен ашқан. Марина болса әлеуметтік қызметкер. Екеуі де Жосалы кентінде тұрады. Альбинаның үш, Маринаның төрт перзенті бар. Қара шаңырақтың иесі Жайшылық аудандық обаға қарсы күрес мекемесінде дизенфекционист болып жұмыс атқарса, келіншегі Жұл­дызай Жосалы кенті ардагерлер кеңесінде қызмет етеді. Ата-анаға тәтті немерелер сыйлаған ұл-қыздар өздерінің тәлімді тәрбиелерімен ерекшеленеді.
Люба апамыз орыс ұлтының өкілі болғанымен қазақшаға судай. Орта мектепті қазақ тілінде оқыған. Өзі Ресей Федерациясының Иркутск об­лысының тумасы. Қазақстанға тағдыр жазуымен екі жарым жасында келген. Люба апамыз нағыз еңбек адамы. Оның санасында бір істі қолға алса, ертеңге қалдыру деген болмайды. 2005 жылы зейнетке шыққан апамыздың қимылы өте ширақ. Не нәрсе жасаса да тындырымды. Оның еңбекпен өрілген өмір жолы кімге де болса үлгі.
-Аудандық ауруханада кіші мейірбике болып 40 жыл еңбек еттім. Оның 10 жылында мәйітханада жұмыс істедім. Ағаң екеуміздің жас айырмамыз 20 жыл. Ұлтымыз да бөлек. Бірақ бұл біздің татулығымызға, бірлігімізге шекара бола алған жоқ. 47 жыл қол ұстасып бірге келеміз. Осы жылдарда бір-бірімізбен ешқашан ұрсысып, дауыс көтеріп көрмеппіз. Оған уақыт та болған емес. Ертеректе күнделікті жұмыстан келгеннен соң үй тіршілігімен әрқайсысымыз айналысып кетеміз. Кейінге қалдыру дегенді білмейміз. Біріміз бақшамен, біріміз малмен, енді біріміз кір жуу деген сияқты жұмыстарға кірісеміз. Тек дастархан басында барлығымыз жиналып, балалармен шүйіркелесіп ас-суымызды ішеміз. Біраз тірліктің басын шалғаннан соң ертеңгі күнге тағы жоспар құрамыз. Сөйтіп, міне, алға басып келеміз. Ағаң ұзақ жылдар “Қазселхозтехника” мекемесінде ме­­­ха­низатор болып еңбек еткен. Шал­ғай жатқан елді мекендердің бір­қатарының бұлақтарын, канал­дарын қазған. Бауырларым Ресейде тұрады. Ағам және інім бар онда. Жиі-жиі хабар алысамыз. Отбасының шегесі әйел болғандықтан, әйелге артылар жүк көп. Соның бірі әрі бастысы отбасындағы үнем­шілдік. Қазақ халқында: “Тарта жесең тай қалар, қоя жесең қой қалар, қоймай жесең нең қалар” деп айтпайды емес пе?! Даналықпен ай­тылған осы бір сөздің ұлағаты тереңде. Үнемдеудің арқасында 90-жылдардың қиындығынан қинал­май өттік. Ол кездерде айлық, зей­нетақы уақытында берілмегенін ел-жұрт жақсы біледі. Үйде мен жүн иірсем, қыздарым тоқыма тоқыды. Бөкебай мен береткадан басқасының бәрін тоқи беремін. Тоқығандада жарысып тоқимыз. Өнімдерімізді сатып, азық-түлік алып, күн көрдік. Қалдық дегенді тастамаймыз. Шүбе­рек­тің қиындысы, ескі киімдер бола ма, әйтеуір солардың бәрін іске жара­тамыз. Жастық қап тігіп, алаша, аяқтың астына тастайтын кілемшелер тоқып, сатуға шығардық. Есіктің алдындағы бақшалық жерге әртүрлі көкөністер, бақша дақылдары, жеміс-жидектер егіп, одан алған өнімдерден салат, тосап, дәмдеуіштер бастық. Бала-шағамыз еркін жейді, артық қалғанын дүкенге апарып қоямыз. Отбасымызға келген қонақтарға сый­лаймыз. Қорада бапталып, бап­пен басылған өнімнің дәрумені сөзсіз мол болады. Бақшаға міндетті түр­де гүлдер отырғызамыз. Астра, хри­зантема, георгина, каллы, роза, сентя­брина, тағы басқа да көптеген  гүлдер бақшамызда жайқалып өседі. Құрма, зарем секілді бөлме гүлдері де бар. Кезінде жұмыс істеп жүргенімде аудандық ауруханаға бөлме гүлдерін көптеп өсіріп бергенмін. Олар әлі күнге дейін кеңсеге көрік беріп тұр,-дейді апамыз емен-жарқын.
Еңбек десе елдің алдына шығып кететін Махановтар отбасын көр­шілері де өнеге тұтады. Әсіресе, Люба апаға деген құрмет ерекше. –Бұл кісіге бала кезімізден қызығамыз. Жаңадан үй салып жатты. Кешке аға, апа, балалары жұмыстан келеді. Қайсысы болсын жұмыстан шаршап келдік деп жантая, жата кетпейді. Түннің бір уағына дейін жаңа құрылыс жұмыстарына белсене араласып кете­ді. Көмекке күйеубалалары да келіп жатады. Сондай ұйымшыл, ауыз­бірлікті отбасы. Тіл көзден сақтасын. Еңбекқорлығына тәнтіміз. Осы үйді салғанда арасында немерелері де жүрді. Бір күні апай қолында бір пакет  балмұздағы бар көшеде келеді екен. Бұның бәрін несіне алған деп ойлап тұрмыз. Алдынан немерелері жүгіріп шығып еді, “кім бүгін жақсы жұмыс істеді?” деп кішкентайларға тарата бастады. Бұның өзі бір жағынан тәрбие болса, бір жағынан баланыжастайынан еңбекке баулуда мәні үлкен. Апай ұсақ малдарын кезекке қосады. Бірде кезектен ешкі-қойларын күтіп алып келеді екен. Қолында ұршығы бар, иіріп келе жатқан жібінің ұзындығы сондай үзі­ліп кететіндей. Анадай жерден қарап тұрған мен: “жібі не болар екен” деп қыпылықтаймын. Сонда ұршықты тез толтыру үшін жібін құлаштап созып, иіретін. Ол кісі де бос уақыт болмайды,-дейді көршісі Тамара Төле­генова.
Люба апаның дастарханы қашан да мол. Келіні мен өз қолынан шыққан дәмді тағамдар мен салат-тосаптар дастархан сәні. –Жастарға еңбектену керек. Істеймін деген адамға жұмыс көп. Отбасымызда ұрыс-жанжал ­дегенді білгеніміз жоқ. Жанұядағы келең­сіздіктер жетіспеушілік пен жоқ-жұқа­лықтан болып жатады. Біздер еңбек­қорлықтың, үнемшілдіктің ар­қа­сында ешнәрседен тарыққан емес­піз,-дейдіқазақ ұлтының келіні Люд­мила апамыз.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ.
 
04 қаңтар 2018 ж. 1 379 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 228

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 333

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930