» » » ЖОЛБАРЫСТЫҢ ҚАЙРАТЫ

ЖОЛБАРЫСТЫҢ ҚАЙРАТЫ

-Қасқырда бір адамның күші бар, қырық адамның жүрегі бар, жолбарыста қырық адамның күші бар, бір адамның жүрегі бар,- деді бірде түскі малды суат жағасына тастап, сары самаурынның сақырлай қайнаған шәйін бірсыпыра еңсерген әкем шынтағындағы жастықты желкесіне қойып, рахаттана жайғасқаннан кейін.
Мал соңында жүріп, жер жағдайы мен дала аң-құсының сырларына жетік  шаруа баласының қасқыр туралы білетіндері көп-ақ шығар. Ертеңгі малды алдынан торып, кешкі малдың артынан еріп, ауыл төңірегіне жақындатып тастайтын ит-құс жайын жауырынымен сезіп отырмаған малшының несібесі кеміс болатыны балаға да белгілі. Бірақ жолбарыс туралы  бірдеңені меңзегенде не айтпақ болды екен?- деп, бір сәт аңтарылыпқалған біз:- Әке, бұл маңайда жолбарыс мекендейтін жердің ыңғайы жоқ. Оны қайдан көріп жүрсіз?-деп, әңгімені өзі бастаған әкемізді сұрақтың астына алдық.
-Жолбарыс біздің жерде болған. Мен көргенім жоқ, бірақ арғы әкелеріміз көріпті,- деп бір әңгімені бастайтын ыңғай танытқан соң «Әкелерің демалсын, малдан шаршап келді» деген анамыздың сөзіне қарамай біәз әкімізді айнала отырып әңгіме тыңдауға кірісіп кеттік.
 -Естен шығып бара жатқан ескі заманда Сырдарияның жоғарырақтағы бір бұрмасынан Жаңадария, одан сәл беріректен Қуаңдария арналары бөлініп, Қызыл мен Сырдың аралығындағы ойпаңдарды суға толтыра берген ғой. Онымен қоймай Мауреннеқырдың маң даласына ирелеңдеген із тастай отырып, осынау биік төбелер мен қыраттардың етегін тегіс адақтап Арал теңізіне барып құйған. Өзектердегі  қыстың сақырлаған сары аязында сіресіп қалған мұздың қалың қабаттары көктемнің алғашқы күндерінде жіби қоймай жоғарыдан келген топан су арнасына сыймай бұл маңдағы ойпаңды жерлерді түгелге жуық жауып жататын кездері аз болмаған,-деп алып, «Айтқан сөздеріме осылар нанбай отыр ма?» дегендей  әкем бетімізге қарап алады да: -Тайша қыстауының батысында Қарашұқырға қарай қатар созылып жатқан анау екі құмның түрткен басындағы екі биік төбенің бірі Ақарал, екіншісі Тікарал атануы мен олардың арғы, бергі етегіндегі кең алқапты алып жатқан қалың шұбардағы көлбақаның қабыршақтары да бұл даланың бір кездері су астында болғанын көрсетіп тұрған жоқ па?-деп  әкем арасында сөзін   айғақты деректермен тұздықтап отыруды да ұмытпайды. -Сонымен, су жарықтықтың жүрген жері-қалың ну. Жаздың шілде, тамыз айларына дейін тартылмайтын қопалы көлдер, бір-бірімен жылғалар, өзектер кейде үлкен арналар арқылы жалғасып жатқан терең шүңгілдер тайдай тулаған ақ балықтары мен сазанын айтпағанда, аққу, қаз бен үйрек, қасқалдақтарға да жайлы қоныс болған. Жиегіндегі тұмсық батпас нар қамыс ішінде қабандар күркіреп, жолбарыс ыңыранып жортып жүретін бір кездер еді ол.
Жаз ортасы болса керек, бір жылдары Қарақұмға көшпей, Майлыөзек алқабының Қараққа қараған биік құмдарының іргелігіндегі көлдің суалмасына бидай, тарысын егіп, жайсын жатқан ауылдың бірінде ай төбеден ауа бере «Малға қасқыр шапты» деген айқай шығып, жұрт азан-қазан болады да қалады. Қыратта құлындар кісінеп, айғырлар азынап, үйірлі мал шұрқырай дүрліккенде үй іргесіндегі уақ малдар топалаң тигендей, бірін бірі таптай топырлап, біреуді біреу білмей, ауыл үсті ала шаңға көміліп дым көрсетпей тастайды.  Келесі бір сәтте келеден бөліне қашып, қалың шаңның арасынан шығып ауылды айнала шапқан, өзге түйелер қабырғалығынан ғана келетін «Қосалбайдың қара қоспағын» байқап қалғандар: «Ойбай, қасқыр емес, жолбарыс шауыпты» десіп, бірі үй белдеуіндегі сойылына жүгірсе, екіншілері қолдарына түскен бақан, балтасын алып, абыр-сабыры шығып жатады.  Алдыңғы екі аяғының тырнақтары жалдана біткен жалғыз өркештің қалың майына айқаса сіңіп, артқы аяқтары жерге жетпей тізелік тұсында салбырап тек құйрығымен жер сабалап бара жатқан аң айқаса қаршылдаған азуларымен ауаны қармап, өзін сүйреген жануардың денесіне  өткір тістерін дарырыта алар емес. Бұл аяғына ілігер тұлдыр табылмай ызадан жарылардай ырылдап келе жатқан жойқын күш иесінің жемтіктерінің ішінде өзіне мұнша қарсылық көрсете алатындары да бар екенін алғаш түйсінуі болар, сірә!
Не болып жатқанын біреу түсініп, біреу түсінбеген осынау қарбалас шақта адамнан араша сұрағандай болған есіл жануар боздай бақыра жүріп, ауылды екі айналып шығады. Ал, мақтауы келісіп, шал-шауқандардың ауызында жүрген ауылдағы небір марғасқа иттердің құйрығын артқы екі аяғының арасына қыстырып алып, басын қайда тығарын білмей, иесіне қарап қыңсылауға ғана шамасы келіп жүргенін байқағандар «Байтал түгіл бас қайғы» дегендей еш қайрат қыла алмай сілейіп-сілейіп тұрып  қалады.
Арқасына жабысқан бәленің оңайлықпен айрылмайтынын түсінген қара қоспақ «Сасқан үйректің» кебін кигендей, ауыл іргесіндегі арық ішімен қашпақ болып жиектегі жарды іргелей бергені сол еді, онысы қателік болған екен. Екі артқы аяғы арық жиегіндегі жарға толық тіреуге келіп, серпе қимылдауға мүмкіндік алған жолбарыс көз ілеспес жылдамдықпен лақтырып жібергенде жерден желпіген туырлықтай көтерілген жардай атан серең етіп, есік пен төрдей   жерге өз салмағымен күйретіліп түседі.
Тәңірі бүгінгі  несібесін келелі түйенің кемеңгерінен берген аң шерісі буы бұрқыраған жұмсақ ет пен жылы қанға біраз мелдектеген соң асықпай ауызын жалап-жалап алады да, ауыл жаққа қарай бір-екі рет маңғаз көз тастап, қалың қамысты   бетке алады.
Күні бүгінге дейін бұл оқиғаны еске алғандар «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» деген осыдан қалған сөз екен-ау деп жағасын ұстайды,- дей келе әңгімесін доғарғанда үрпиіп отырған біз бір сәт үнімізді шығармай әкеміздің аузына қарап қалыппыз.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЕВ,
ардагер журналист.
29 желтоқсан 2017 ж. 3 460 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 126

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 136

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 281

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930