» » » ҚҰРЫШТАН ҚҰЙЫЛҒАН АЗАМАТ

ҚҰРЫШТАН ҚҰЙЫЛҒАН АЗАМАТ

Төрт дүркін облыстық маслихаттың депутаты болған Нұрмұрат Ерманов жайында сыр
 2017 жылдың соңғы аптасы еді. Облыс әкімі қабылдауына шақырды. Қуаныштан көзім тартып, жүрегім жаңа бір сезімге бөленгендей тәріздімін. Сөйтсем, облыстың «Құрметті азаматын» атағын беруге ұйғарым жасағанын қуантуға шақырған екен. Еңбегімді бағаланғанына риза болдым. Ағайын-туған, дос-жарандар құттықтауға келді, тілек қардай жауды.
Нұрмұрат Ермановтың әңгімесінен
 
Бала Нұрмұрат білімге, оқуға жастайынан құштар болды. Үлкендердің әңгімесіне құлағы түрік, зейіні зерек еді. Бесінші сыныпта оқып жүріп-ақ ауыл кітапханасын шемішкедей шаққан. Сүлейлердің ұзынсонар өсиеттері мен батырлар жырын жаттап айтқанда ауыл- аймақ құмарлана зейін қоятыны есінде. Әкесі Наят ұлының инженер болуын ұнатты.
Сонымен  1972 жылы  ол Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтына инженер-механик мамандығы бойынша оқуға түсті. Бітірген бойда  өз мамандығымен ауылда еңбек жолын бастады. Көк тракторды айдамаса да, көк егістің ортасында жүріп, әке арманын орындады. Ә дегеннен жұмысқа ықыласты, көп мүддесіне ыждаһатты қалпымен танылып, кеңшардың бас инженері қызметіне жоғарылады.
Тағдыр қиындыққа душар етті. Орда бұзар отыздағы Нұрмұрат оқыс оқиғаға тап болды. Қызылордадан ауылға жолға шыққан. Кенет машина аударылып, қасындағы қарындасы Зина көз жұмды. Ал, өзі көлік астында жаншылып, сегіз сағат жатты. Мылжаланған оң қолын суырып алуға дәрмені болмай жаны жарқ ұрды.Таң атқанша үлкен жол бойынан бір адам өтпеді. Бір сәт жолаушылап келе жатқан үш орыс жігіті шырқыраған дауысқа кілт бұрылды. Иманжүзді адамдар екен. Олар Нұрмұратты көлік астынан суырып алып, дереу Жалағаштағы ауруханаға жеткізді. Хирургтер облыстағы дәрігерлерден кеңес сұрап, оң қолды иықтан кесуге ұйғарды. Жігіт домаланып қалды. Үш күн дегенде көзін ашты. Сүйікті жары Қалимаш көз жасын төгіп қасында отырды. Отбасына оралды. Арыстай азаматтың халін білуге келген ағайын-туыс мүсіркей қарады. Дәрігерлер оған ұзақ емделуге кеңес берді.
Бәрі есінде. Кейіннен ол Украинаның Орзел қаласындағы демалыс орнына жолдама алды. Бұл өзі Отан соғысы мүгедектеріне арналған орын болып шықты. Үш жүз адамдық санаторийде жатқандардың жартысы мүгедек. Бір қолынан айырылған ештеңе емес, екі аяғы, екі қолы жоқтар да жүр. Сонда Иван деген бір кісімен қатар жатты. Жасы елу тоғызда, Чернеев деген қалада он мың  адам жұмыс істейтін автокомбинатты басқарады екен. Он жеті жасында мүгедек болыпты. Осынау орыс азаматымен кездесуі Нұрмұратты жігерлендіріп жіберді. Бой тіктеп, Қызылордаға келді.
Бұрынғы өзі жұмыс істеген треске қарасты құрылыс материалдары мен конструкциялары комбинатының ағаш өңдеу зауытына келді. Зауыт директоры Сәпен Аңсатов болатын. - Мен жұмыс істей аламын, маған жұмыс беріңіз! – деді Нұрмұрат. Адамның жан иірімін сезгіш Сәкең сұрақ та қойған жоқ. Зауыттың кәсіподақ комитетіне қызметке алды. Өзіне жүктелген жұмысты селкеусіз орындап, сенімнен шыққан Нұрмұрат бірер жыл өткесін зауыттың бастауыш партия ұйымына хатшы болды. Ауыр демеді, көп демеді, жұмысқа алаңсыз жегілді, бүкіл бітім тұрпатын еңбекке арнады. Соның нәтижесі болар, директор Сәпен Аңсатов басқа қызметке ауысқан тұста  ол зауыт ұжымының ұйғарымымен директордың орнына отырды.
Нұрекең осы қызметті он жыл атқарып, абыройлы, құрметті атаққа ие болды. Зауыт өз жоспарын орындауда әріптестері арасындағы алдыңғы қатарда тұрды. 1991 жылы қалалық кеңестің депутаты болып сайланды. Нұрмұрат Наятұлы онан кейінгі жылдары қатарынан төрт рет облыстық мәслихатдепутаттығына сайланды.
Дәуірді алмастырған жылдар келіп жетті. Қоғамдағы бетбұрыс Кеңестер одағын ыдыратып, одақтас елдер егемендіктің есігін ашты. Қазақстан да өз дербестігін жариялады. Бұрын бір орталыққа байланған экономиканың жібі тарқатылып, барлық салада уақытша қиындықтар белең алды. Шаруашылықтар есептік жүйеге көшіп, мекемелер тарай бастады. Солардың бірі болып, ағаш өңдеу зауыты да жұмысын тоқтатты. Не істеу керек?
Еңбекті ғана  мұрат тұтқан  Нұрмұрат тыным таппады.  Көктемде қауын-қарбыз егіп, күзде базарға шықты. Кейде сатып боламын дегенше бірнеше тонна қауыны суыққа ұрынып, алажаздайғы бейнеті босқа кеткені бар. Сөйтіп өлмешімен тапқан ақшасын кәдеге жаратып, ағаш өңдейтін құрылғылар сатып алды. Өйткені бұл жұмыстың қыр-сырын жақсы білуші еді.  Әкесі ағаштан түйін түйген шебер болатын. Бұл кәсіпке Нұрмұраттың бейімі бар еді.
Сөйтіп, еліміз жаңа экономикалық саясатты игере бастағанда жеке кәсіпке бет бұрды. Ағаш өңдеу цехын ашып, оған «Бабас» деп төртінші атасының атын қойды. Жарықтық аруақты шалдың шапағаты тиді. Станоктағы өңдеу құрылғыларының үні еңбек ырғағын алып келді. Кәсібі дөңгеленіп жүре берді. Сол кезде мектепке керек парталар, мекеме жиһаздары осы ағаш өңдеу цехынан жер-жерге жөнелтіліп жатты, тапсырыс көбейді, қаржы жиналды.   
Көп ұзамай «Қармақшыагропромтехника», «Жылыжай» серіктестіктерін құрды. Нұрекең табысты кәсіпкер атанды, бірақ заңгер болсам деген арманын естен шығарған жоқ. Алматы академиялық құқықтық университетін сырттай бітіріп алды. 1999 жылы адвокаттық, нотариалдық және сот істерімен айналысатын лицензия иеленді. Қызылорда облысы бойынша адвокаттар алқасының мүшесі, адвокат болды. 2001 жылы «Хақ-Нұр» адвокаттық кеңсесін ашты. Осылайша жаңылғанға жол көрсетем, жабыққанға қол созам деген арманына жетті. Білікті заңгерге келушілер легі басталды.
Алғаш рет облыстық мәслихатқа депутат болып сайланғанда қырық тоғыз жаста екен. Қиын кезеңге кезікті. Айлық пен зейнетақы айқайласаң берілмейді, көшеде жүргіншіден сүргінші көп. Су жоқ, отын жоқ. Электр жарығы шектеулі, пұл көзден ұшты, азық-түлік айырбасқа жүре бастады. Қолға түсер ақша ұмыт болды. Депутат Ерманов осы мәселелердің бәрін әкімдікке  әркез жеткізіп отыратын және оның шешу жолдарын да дөп көрсетіп ақылманға айналды. Тура айтқан кісі туысқанына жаға ма, мәслихаттың келесі шақырылымында әкімдік тарапы Ермановтың кандидатурасына қарсылық танытты. Бірақ, 2003 жыл ол Мұратбаев сайлау округінен екінші мәрте облыстық мәслихатқа депутат болды. Халық өз жанашырына тағы да таңдау жасады.
Бұл күндері Қызылордадағы «Арай» шағын ауданының көшелері асфальтталған, жарықтандырылған, қоғамдық көліктер тынымсыз қатынайтын, көпқабатты үйлер сап түзеген әдемі орталыққа айналды. Бірақ, бұл аудан сол кезде саяжай орны болатын. Көше де, су да, жарық та, газ да жоқ еді. Тұрғындар тұрып жатқан үйлерінің құжаттарын заңдастыруға келгенде де қиындық көрді. Депутаттың ең бірінші жұмысы осы ауданның инфрақұрылымдық мәселелерін іске асыру, жеке азаматтардың өтініш-тілегін орындау болды. Тіпті бірде сайлаушылармен кездесіп: «Әлі-ақ сіздер тұрған бұл аудан қаладағы көрікті ауданның бірі болады, дария бойымен даңғыраған жол түседі» – дегенде жұрт сенбестік танытқаны бар. Осы күнгі жаңа әкімдіктен ескі базарға дейін дария бойлап баратын даңғылдың салыну керек екенін, оның көлік қозғалысын оңайлатып, оған қоса жағалаудың көркін ашатын құрылыс болатынын ең алғаш айтқан да депутат Ерманов еді. Айтқаны келді, дарияның арғы бетінен екінші Қызылорда бой көтерді.
Нұрекең азамат ретінде айтқан сөзімен берген уәдесіне берік. Осы қасиетіне көз жеткізген қала тұрғындары оның 2007 жылы үшінші рет облыстық мәслихат депутаттығына сайлануына дауыс берді.
Қоғамдық жұмыспен қатар кәсібін де алға жылжытты. Қармақшы ауданының «Иіркөл» шаруа­шылығынан жер алып, 500 гектар күріш екті. Инвестор есебінде ауылға 200 орындық клуб үйін салып берді. Айлық берешегінің есебінен шаруашылықтың жеке кісілерге сатып жіберген ғимаратын қайта сатып алып, 60 орындық балабақшаның есігін ашты.
Азамат-депутат, кәсіпкер Елбасының «Қиын кезеңде табыстарыңды халықпен бөлісіңдер» деген кәсіпкерлерге арнаған шақыруын естен шығарған емес. Бір кездерде кеңсесіне зейнетақыдан зейнетақыға зорға жетіп отырған қарт кісілер көптеп келетін. Олардың ешқайсысын да алдынан құрқол шығарған жоқ. Бір күні жұмыс бөлмесіне сөйлей алмайтын бір кісі келді. Не айтатынын түсіндіре алмады, көп нәрсені тарам-тарам көзжасы ғана ұқтырғандай. Сөйтсе, етік тігіп күнін көріп отырған дүңгершігін егесі алып қойыпты. Осындай дүңгершік Нұрекеңнің өзінде де бар еді. Әлгі кісіге сонысын басымен бере салды. Қазір көп жыл болды, сол кісі сол дүңгершікті шеберханаға айналдырып отыр. Үйдің кезегінде тұрып, пәтер алудан күдері үзілген бір кісінің оқиғасы өз алдына бір әңгіме. Нұрекең сол адамның ісімен облыстық прокуратураға дейін барды. Ол кісіні танымайтын. Мұң-мұқтажымен келген адамды тану-танымау бірінші мәселе емес, бірінші мәселе – оның жұмысына қолұшын беріп, көмектесу дейді кәсіпкер. Сол адам ақыры арманына жетті.
Тағы бір оқиға. Жақында екі көзі көрмейтін зағип қыздың он екі мүшесі түгел жігітке тұрмысқа шыққанына куә болды. Бұлар да бейтаныс жандар болатын. Нұрекең махаббаттың құдіретіне тағы бір таңғалды, қуанды. Олардың тойына тосыннан барып, 500 мың теңге сыйлық берді. Жұрт қол соқты. Қос жұбайлардың қуаныштан көздерінен жас тамшылады.
Мұндай оқиғалар көп, негізі кәсіпкер Ерманов өз табысынан 88 миллион теңге демеушілікке жұмсаса, 1,5 миллион теңгені алдына келген адамдарға қолма қол беріпті. Қызылордалық  меценант Ерманов атанды. 
Нұрекең қай кезде де мүгедектердің мәселесін бірінші орынға қойып келді. Қоғамда кембағал адамдарды тыңдау, оларға жан жылуын беру жағынан алдына жан салмайды. Облыс бюджеті 1999 жылы 6 млрд теңге еді, ол жылдан жылға еселенді, қазір 175 миллиардқа жетті. «Қара қазан қайнаса, баршаға бірдей» деген, осындай жақсы жағдайда мүгедектер өздерін қоғамның толыққанды мүшесі сезінуі тиіс.
Облыс басшылығына Қырымбек Көшербаев келген тұста Нұрмұрат Ерманов осы мәселені тағы бір көтерді. Әкім мүгедектер мәселесіне бей-жай қарай алмайтынын бірден байқатты.
Сонымен бірге облыс әкімі өз жанынан әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесші деген қызмет белгілеп, оған Нұрмұрат Ермановты ұсынды. Бұл қызмет тікелей мүгедектердің мәселелерін шешуге бағытталған. Қазіргі кезде, облыс басшылығы республикада бірінші болып мүгедектерді оңалту мәселелері жөніндегі бағдарлама қабылдады. Өткен жылы ғана 341 мүгедек жан жұмысқа орналастырылды. Мүмкіндігі шектеулі 9 адамның «Водаканал» мекемесіне жұмысқа тұруын облыс әкімі өзі жеке қадағалады.
Бұл бастамалар Нұрекеңді қуантты. Иығынан жүгі түскендей жеңілдеді. Мүгедектер мәселесі оның өмірлік кредосы, көксеуі еді.
Төрт рет қатарынан халық қалаулысы атанған Нұрмұрат сайлаушылар аманатына қай кезде де адалдық танытумен келеді. Нұрмұрат жекешелендіру кезінде Қызылорда қаласындағы Ғ.Мұратбаев көшесінің бойына орналасқан бұрынғы институт жатақханасын сатып алған еді. Кезінде коммуналдық төлемдері бас ауруға айналған бесқабатты ғимарат бүгінде бүтінделген, жөнделген, боялған қалыпқа көшіп, көше бойына көрік беріп тұр. Қазір үйге бірнеше мекеме орналасқан. Олардың жеті-сегізі үкіметтік емес ұйымдар. Бұлардың ешқайсысы да жалға ақша төлемейді. Ғимарат иесі оны қажет деп санаған жоқ. Себебі, олар да қарттардың, батыр аналардың, мүгедектердің мәселелерін шешумен айналысады.
Азаматтың алдына келетін адам сиремейді. Өйткені, онда қабылдауға арнайы белгіленген күн жоқ. Біреу соттасады, біреу дауласады, біреудің ақысы банкке, біреудің ақысы салыққа кеткен, біреу үйден айырылған, біреу күйден айырылған. Заңгер есебінде оларға ақысыз кеңес береді. Нұрекең әйтеуір біреудің қажетіне жарамай өткен бір күні болса, оны мәнсіз күнім деп есептейді.
***
 
Иә,Нұрмұрат жетпіске жол тартты. Омырауында «Құрмет», «Парасат», ордені жарқырайды. Су жаңа шетелдік көлікті жүйткітеді. Мын шеті Алматы, Шымкент, Жамбыл, Ақтаудан оралады. Құда-жекжаттың ортасында болып, әңгімені төгілтіп, бір жасап қайтады.  Сол қолмен жазуға машықтанған. Рульде отырғанда көлік ақауын дауысынан ажырататын бесаспап білгір. Ұл-қыз ер жеткен немере, шөбере көбейген, қасында айдай сұлу сүйікті жары Қалимаш бар қамқорлығын төгіп тұр. Ұлы Алмас судья, Қайыржаны дипломат, Торғын, Гүлжанаттар бір-бір шаңырақты маздатып отыр. Жары Қалимашта еңбектен қол үзген емес. Қаланың қақ ортасында ұлттық киімдер тігетін «Торғын» атты тігін шеберханасының білдей директоры.
***
Менің қарсы алдымда Нұрмұрат Ерманов отыр. Жыраулардың мекені болған Қармақшының тумаасы болғандықтан болар, Сыр сүлейлерінің ән-жырын төгілте тамылжытады. Баяғының батырларына ұқсас, алпамсадай азамат мені таңырқатады. Бейне-бір құйып қойған құрыш секілді. Екінің бірі - Құрш қазақ Ерманов дейді. Біз бұған қоса құрыштан құйылған азамат деген сөзді қосар едік.
– Нұреке сізге осыншама күш-қуат, жігер қалай пайда болды.
– Ой, мені қуаттандырған, демеген, қиын сәтте ақылшы болған сүйіті жарым Қалимаш қой. Ұл-қызым, немерем сонан соң жаныма азтық болған кітап. Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» романын жата жастанып оқығаны бар. Ғажап Корчагин бейнесі, қос балдақпен трактор руліне отырған Сыр елінің батыр механизаторы, Социалистік еңбек Ері Қасымтай Ізтілеуов, қайсар қыз Жадыра Тасмамбетова, жазушы Немат Келімбетовтердің ерлігі, тағдырды жеңуі жанымжы сергітті, көкке самғатты. Айтыскер ақын Қатимолда Бердіғалиев теле экраннан көрген сайын қияға қанат қаққан  сұңқарға ұқсаймын. Осы азаматтар маған үлкен демеу болды. Сонан соң мемлекет және қоғам қайраткері, сөз бұлағының зергері Сейілбек Шаухаманов, үлкен жүректі ғалым Баберген Досмамбетов, кәсіпкер Самұрат Имандосов, ақын Шаһизада Әбдікәрімовтермен әр кездескен сайын, тау басына шыққандай серпіліп қаламын. Бұлар отырған жерде тау биіктеп, кең дала одан әрі кеңейгендей болады.
Нұрмұрат тағы да өткенге ой жіберді, толғанды. Сәлден соң:
– Асылы, адам тағдырға мойымау керек. Жеңу керек, талпыну керек!
– Расында да солай Нұреке!
 
Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ.
Қызылорда
 
29 желтоқсан 2017 ж. 2 066 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 020

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031