» » » Алғашқы кездесу

Алғашқы кездесу


Аулаға ене бергеніміз сол-ақ екен, алыстан жалыны жалт-жұлт еткен жылқыға көзім түсті. Біраздан бері осы жануарға ауаным ауып жүрген. Бала күнімнен атқа қонбақ түгіл қасына жақындап көрмеппін. Мүмкін қорыққанымнан шығар. Қазір қасына барып бір фотоға түсу үшін таптырмастай мүмкіндік туды. Өзге адамның келгенін байқады ма, біз жаққа қарады да басын изегендей көзін төмен түсірді. Күн жарығы шағылысып, күрең қасқаның ажарын одан әрі кіргізгендей. Балалық шағы, бұзықтығы бойынан ажырамаған аттың жанары жәутеңдеп тұрғандай. Аяғымен тепсініп-тепсініп қояды. Көз алар емеспін. Жануарға ғашық болу деген осы шығар, сірә?! Сұқбат бойы ойымның бәрі әлгі жылқыда еді. Әңгімеден әңгіме шығып, сөздің басын айналдыра қиялымның кейіпкеріне әкелдім.
- Бұзық па? - деді Гүлсия апа.
- Аты сондай ма еді? - деппіз сасқалақтай.
- Иә, туылғанынан бағып келеміз. Өзі ерке, бұзық, - деді ол жадырай. - Жүр, апарайын, - деп жазық даладай, жылқы біткеннің иісі сіңген қораға әкелді.
- Әкемнің иісі бар. Қолыммен тұмсығын сипалай еміренген соң алақанымнан әкемнің иісі шығады. Ол кісі де ат үстінде жүретін адам еді. Сағынғанда мауқымды осылай басамын, - дей беріп еді Бұзықтың да көзін мұң шалғандай кейіпке енді. Әлгіндегі тепсінгенін қойып, тынышталып қалыпты.
- Суретке түс, - деп бұйырған Ерсін ағайдың сөзін ести сала қуана келісе кеттім. Бірақ жануарға жақындаған сайын жүрек шіркін өз орнынан дүрсілдеп шығып кетердей. Ол дүрсілді Бұзық екеумізден басқасы естімеген де шығар. Бір-бірімізден көз алар емеспіз. Жан-жақтан "қорықпа, қорықпа" деген сөз алма-кезек еміс-еміс естіліп жатыр. Іштей "мәә, бір тепсең біттім ғой" деп қоямын. Қорыққанымды білді ме, артқа шегіне басын бұлғаңдатады. Тағы да "қорықпа". Бар күшімді жиып ап бір қадам жасадым да көзіне тіке қарап "теппеші" деймін ауық-ауық. Ұзаққа созылған ішкі жанталастан соң Бұзық та әлденені түсінгендей басын төмен түсірді. Құдды "саған зиян келтірмеймін" деген сыңайлы. Тұмсығынан сипау үшін қолымды әрең созып жақындай түстім. Қозғалар емес. Алақаным тие бергені сол еді, тоқ ұрғандай денем қалшылдай кетті. Осы сәтте ұзақ күткен бір-ақ кадр жырқ етті. Әйтеуір жылқымен алғашқы кездесудің соңы сәтті өтті. Кетіп бара жатқанда қимағандаймын. Жанында аз уақыт болсам да, оның еркелігін, мейірімін өзіммен ала кеттім.
- Қар түскенде қонаққа келіңдер, - деді Гүлсия апа. - Сүйкімді құлындардың түр-түрімен таныстырамын, - деп тағы да жұбатқандай болды. Соңғы рет Бұзыққа көз тастадым. "Сау бол!" дегендей басын изейді. Сол сәтте жүрек түкпірімде орын алған күрең қасқаға деген жылулық өртеніп кетердей еді...
Айнұр ӘЛИ

21 тамыз 2020 ж. 1 011 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 017

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031