» » Құмдыбелдегі тылсым құбылыс

Құмдыбелдегі тылсым құбылыс

Көзге қараңғылық үйірілген шақ. Досым тракторын тоқтата сап алқын-жұлқын қасымызға келді. Өңі құп-қу. Біз бастапқыда аңтарылып қалдық. «Не болды?» — дедік ентелей. «Сендерге өтірік, маған шын, Құмдыбелде шайтан бар екен»,- деді самайынан аққан терін сүртіп. «Е, аю қуған екен десек»,- деп оның сөзін қылжаққа айналдыра бастады қасымдағы жігіт. Мен де екіұдай боп тұрмын. Күлейін десем, досымның бұрын-соңды бірдеңеден секем алғанын естіген емеспін. «Қалай болды?» — дедік біз де үрейленіп.

«Қалаға азық-түлік алғалы барғанмын. Жұмыстарымды бітіріп, бесін ауа жолға шығып едім, дәл Құмдыбелге келгенде астымдағы «тырқылдағым» аяқ астынан балшыққа батқандай тұрып қалды. Газды қаншалық бассам да тек қара түтін будақтап, орнынан бір адым да қозғай алмадым. Құмға дөңгелегі кіріп кетті ме десем, олай емес. Тракторды артқа қарай елу қадамдай шегіндіріп барып, қайта алға жүйткіттім. Дәл сол жерге келгенде тағы да жүрмей қалды. Жерге түсіп қарадым. Кедергі болып тұрған ештеңені байқай алмадым. Сусылдап сырғыған құм боран болатынын сездіріп тұр. Күн кешкіріп барады. Осы кезде көзіме өзеннің арғы бетінде тігулі тұрған бір киіз үй шалынды. Бір ғажабы, ол біресе көрінеді де, біресе көзден ғайып болады. Мен бұдан бұрын мұншалық секем алып көрген емеспін. Соқыр тұман болмаса түртіп алсаң көрінбейтін қараңғыда да жүре беретін едім. Мынадай жағдайда қарап тұрудың қажеті қанша? Жаңағы әрекетімнен түк шықпағаннан кейін артқа қайтуға тура келді. Төмен жақтағы Тастыадырдан айналып өттім»,- дейді ентігін әзер басқан досым. Оның өн-бойын үрей билегенін біз де сездік. Саусақтары дір-дір етеді. Мұндай жағдайда оны мазақ етудің өзі дұрыс емес қой. Мен жұбату сөз айтып, оның қорқынышын сейілтуге тырыстым. Бірақ қасымдағы жігіт мүлде сенбеді. «Ол жерден арлы-берлі мен де өтемін. Ондай құбыжық көрмедім»,-деп даурықты жолдас жігіт. Оның бұл қылығына ыза болған досым: «Сенбесең барып көрсетейін, жүр!» — деді батылдана. «Барсақ барайық»- деді ол да. Сонымен мен трактордың қасында қалдым да, ол екеуі мотоциклге мінгесіп Құмдыбелге кетті. Арада бір сағаттай уақыт өтсе де, қаралары көрінер емес. Келмейді-ау деген оймен тракторды үйге әкеп қаңтардым. Азанда трактордың иесі ғана келді. «Анау бір қорқақтың өзі екен!» -деп бастады сөзін досым. «Айтқан сөзге сенбейсіңдер?»,-деп маған аздап ренішін білдірді. Мен істің жайын білмекке асықтым. Оқиға былай болған екен. Құмдыбелдегі жаңағы трактор «батқан» жерге барғанда мотоцикл жүрмей қалыпты. Қараса дөңгелегінің желі шығып кеткен. «Енді қайттік?» -деп дағдарып тұрғанда өзеннің арғы жағынан бір киіз үйдің жанып жатқаны көзге шалыныпты. Аспан жап-жарық. «Мәссаған! Кімнің үйі екен?» деп таңғалып тұрғанда, дәл сол үйдің үстінде талтайып тұрған алып адамның бейнесі көрініпті. Мықтысынып барған жолдас жігіт мына алып құбыжықты көргенде астындағы мотоциклін тастап, алды-артына қарамай зытыпты. Досым ішінен «биссмилласын» айтып мотоциклді күшпен сүйрелеп біраз жерге апарғанда дөңгелегінде жел пайда болыпты. Алып адам да көрінбепті. Сонымен Тастыадырдан айналып өтіп үйіне әрең келген екен.
Үлкендердің сөзіне қарағанда дәл сол жерде бұрын қабірстан болған көрінеді. Кейін бірте-бірте құм сырғып басып тастаған. Сол жердегі тұрғылықты адамдар құмды тоқтатуға әрекет етіп көрген екен, бәрібір мінезді құм көне қоймапты. Киіз үй көрініп, есіктің жабығынан бір сұлу бойжеткен қарайды екен. Бұрын осында бір үйлі жан киіз үймен бірге өртеніп кеткен екен дейді біреулер. Содан бері ол жер Құмдыбел атаныпты. Әр жылы көктемде құмның астынан әруақ жаңғырадымыс. Мейлі, қандай жағдай болса да бір тылсым күштің болғаны шындық. Осыдан кейін біз ол жермен өтпей, Тастыадырдан айналып жүретін болдық. Әлгі қорыққан жігітіміз көп ұзамай ауылдан көшіп кетті. Не Құмдыбелден әрі-бері өтуден қорықты. Не өз қылығы үшін бізден ұялды. Екеуі де мүмкін.


Бектұрған ЛАҚАДЫЛ

otarka.kz 

18 маусым 2019 ж. 2 130 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930