» » Әр түнде сіңлімнің рухы қасыма келеді

Әр түнде сіңлімнің рухы қасыма келеді

Мен де өз басымнан өткен оқиғаны оқырмандармен бөлісуді жөн көрдім. Жақсы адамдардың кеңесі бойымды жеңілдетер деген үмітім бар. Бұл оқиға мектепте оқып жүрген кездері басталған еді.

Үйде біз екі бала едік. Мен және екінші сынып оқитын сіңлім. Ол кезде мен тоғызынша сыныпта оқимын. Үй алты бөлмелі болса да, біз сіңлім екеуміз бір бөлмеде жататынбыз. Кейде әке-шешеміз көрші ауылға қыдырып кетсе немес қонақтан кеш қайтса, бойымды қандай да бір қорқыныш билейтін. Ондай кездерде үнемі үйде біреу жүрген сияқты болатын. Менің қорыққанымды сезе ме әлде ол да қорқа ма сіңлім менің бауырыма тығылып алатын. Сондықтан сіңлім ұйықтағанша шамды жағып қоятынмын. Шам жанып тұрса, өзім де сонша қорқа қоймаймын. Солай жатып, кейде шамды сөндірмей ұйықтап қалатынмын.
Жаз мезгілі болатын. Әкем мен анам көрші ауылдағы туысқанымыздың үйіне тойға кетті. Әке-шешеміз тапсырып кеткендей, кеш болған соң сырт қораның есігін жауып, итті босатып жіберіп, үйдің есігін іштен іліп алдық. Біраз теледидар қараған соң сіңлім ұйқым келді деді. Орныңа барып жата бер десем қорқамын деп бармай қойды. Еріксіз сіңліммен бірге барып ұйықтауға тура келді. Күндізгі ойыннан шаршаған ба, сіңілім төсекке жата салысымен ұйықтап кетті. Маған белгісіз бір дауыстар естіліп, бойымды қорқыныш билеп ұйықтай алмай көп жаттым. Солай жатып, әйтеуір бір кезде көзім ілініп кетіпті.
Шошып ояндым. Көзімді ашсам, сіңлім үстіме төніп, бетіме үңіліп қарап тұр. Ұйқылы-ояу не болғанын ұқпай қалдым. Тез есімді жиып, сіңіліме «не болды, орныңа барып жат» дедім. Сіңілім үнсіз төсегіне қарай кетті. Сәлден соң қайта ұйықтап кетіппін. Төсегімнің аяқ жағына біреудің келіп отырғанын сезіп, ояндым. Көзімді ашсам, сіңілім аяқ жағымда отыр. Үстінде түнде ұйықтағанда киіп жататын жұқа ақ көйлек. Алғашында шошығанмен, сіңілім екенін көрген соң көңілім орнына түсті. «Бірдеңеден қорықтың ба? Қасыма келіп жат» десем үндемейді. «Онда орныңа барып жат» десем орнынан тапжылмайды. Бірдеңеден қорыққан болар деп орнымнан тұрып, қолынан жетектеп төсегіне алып бардым. Төсекке жеткенде төбемнен жай түскендей шошыдым. Сіңілім орнында жатыр. Жалма-жан бұрылып қарасам, жаңа ғана жетегімде келе жатқан сіңілім жоқ. Қорыққаннан айғайлап жібердім. Менің дауысыма сіңілім оянды. Маржан деп құшақтай алдым. Ол не болғанын түсінбей отыр. Сол кезде таң да атқан екен. Есік алдына көлік келіп тоқтады. Ол тойдан қайтқан әкем мен шешем еді.
Ертеңінде түскі ас ішіп отырғанда болған жайды айттым. Әкем менің айтқаныма аса мән бермеді. «Қорыққан соң көзіңе әрнәрсе көрінген ғой» деді де қойды. Тамақ үстінде ештеңе демегенмен, әкем тынығуға жатқан соң, анам болған жайды қайта сұрады. Мен бірін де қалдырмай айтып бердім. Содан кейін анам мені ауылдағы апаға апарып ұшықтатты. Апа үш күн ұшықтады. Сол бір оқиғадан кейін әкем мен анам түнде кеш қайтатын болса, біздің қасымызға ауылда тұратын туысымыздың үлкен жастағы қызын қойып кететін болды. Содан кейін ондай жағдай қайталанбады.
10 сыныпты бітірген жыл. Жаз. Ол мезгілде ауылда той көп болады. Тіпті, кейде бір күнде екі той қатар келетін кездер де болып жатады. Мені есейіп қалды деп ойлады ма жоқ әлде туысымыздың қызы бос болмады ма, сол жолы үйде сіңіліміз екеуміз қалдық. Теледидардан кино көріп, кеш жаттық. Әдеттегіше сіңілім тез ұйықтап қалды. Ұйқым келмей қойған соң мен кітап оқыдым. Кітап оқып жатып ұйықтап қалыппын. Бір мезетте біреу бетімнен басып тұншықтыра бастады. Дем жетпей барады. Өлдім-ау деген сәтте барып ояндым. Сөйтсем, бетімді кітап тұмшалап жатқан екен. Бетімнен кітапты алғанда қорқыныштан жүрегім жарылып кете жаздады. Дәл менің төсегімнің үстінде сіңілім аяғы төбеде, басы төмен салбырап тұр. Бір сәтке қорқынышты ұмытып, сіңілімді құшақтап көтеріп алдым. Ол екі көзі жұмулы, ұйықтап жатыр. Маржан, Маржан деп жұлқыладым. Оянар түрі жоқ. Аяғын жерге басқызып, тік қойдым. Сол кезде барып Маржан көзін ашты. Сіңілімді құшағыма қысып біраз жыладым. Өз-өзіме келген соң орнына жатқызбақ болып Маржанды қолынан жетектеп төсегіне апардым. Қорыққаннан шыңғырып жібердім. О, тоба, Маржан тағы да төсегінде ұйықтап жатыр. Жаңа ғана өзім қолынан жетектеп барған сіңілім ғайып болған. Менің шыңғырған даусымнан оянған Маржан ештеңені түсінбей отыр. Оған не деп айтарға білмей мен далмын. Тек сіңілімді құшақтап жылауға ғана шамам жетті.
Сол кезде әкем мен анам да тойдан келді. Біздің бөлмемізге кіргенде сіңілімді құшақтап жылап отырған мені көріп, ата-анам шошып кетті. Шамды жағып әкем мені, анам сіңлімді құшағына алып, қайта-қайта «не болды?» деп сұрап жатты. Мен жауап беруге шамам келмей, әкемді құшақтап жылай бердім. Бір кезде есімді жиып, болған жайды айтып бердім.
Ертеңінде ата-анамыз бар жұмысын шетке ысырып қойып, бізді қаладағы бір мықты дәрігерге алып барды. Дәрігер әкемнің досының танысы екен. Ол кісі тағы үш-төрт дәрігерді шақырып бізді тексертті. Дәрігерлер мені ешқандай науқасы жоқ депті. Ал сіңіліме «лунатик» деп диагноз қойып емделу керек екен айтыпты. Сол жазда сіңілім қалада екі ай емделді. Содан кейін екі-үш жыл тексеріліп тұрды. Одан кейін сіңілімде ондай күй болған емес еді.
Бірақ сол бір дерт арадан бірнеше жыл өткенде қайта басталыпты. Біз оны білмей де қалдық. Ол кезде мен басқа ауылға тұрмысқа шыққам. Ал сіңілім мектеп бітіріп, жоғарғы оқу орнында оқып жүрген. Университеттің жатақханасында тұрды. Бір күні сіңілімнің қайтыс болғаны жайлы хабар келді. Кейін білдік, түнде ұйықтап жатқан күйде бөлмеден шығып, балконнан құлап кетіпті. Өзіне-өзі қол жұмсады ма немесе біреу балконнан итеріп жіберді ме деген күдік те болған. Алайда дәрігерлер бұл жағдайға сол бір дерттің себеп болғанын айтты.
Содан бері жыл өтті. Қазір сіңілім күнде түсіме кіреді. Үнемі төсегімнің аяқ жағында отырады. «Егер ұмыт қалдырмай, жыл сайын дәрігерге тексертіп тұрғанымызда ол бүгінде қасымызда жүрер ме еді?!» деген өкініш көңілімнен еш кетпейді. Бәлкім мен оны қимағандықтан болар, Маржан үнемі түсіме енеді. Жақын таныстарым «қидым» деп айтып, оны жібер дейді. Ал мен оның түсімде болса да қасымда болғанын қалаймын.

Автор: Тоғжан, Қарқаралы ауданы


03 маусым 2019 ж. 2 790 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 023

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031