Пойыздағы махаббат
Кезекті демалыстан соң батыстан Сыр еліне жолға шықтым. Жолға шығарда ерте дайындалып, уақытынан бұрын шығатын әдетім бар. Себебі кешігіп қалудан белгісіз себеппен қатты қорқамын. Сөмкелерімді арқалап, вокзалға да келіп жеттім. Пойыздың келгенін күтіп тұрмыз...
Әкем мен анам екі жақтан ақылын айтып, құлағыма құйып жатыр. Қанша дұрыс дүние айтылғаны нақты есімде жоқ, себебі іштей қимастық сезім өртеп барады. Аз уақыттың ішінде ауылды да сағынып қалыппын, тезірек жеткім- ақ келіп тұр. Вокзал қызметкерінің дауысынан кейін дүрс-дүрс етіп пойыз да келіп жетті. Үйдегілермен қоштасып, жол жүру құжатымды көрсетіп вагоныма кіре сала өз орнымды іздедім. Астыңғы жақта орналасқан 29-орын. Заттарымды жайғастырып, пойыздың заңдылығымен терезеден ата-анама қол бұлғап тұрмын. Пойыз тұратын 20 минут зырғып өтіп, жөнеліп кетті.
Төсек-жабдығымды реттеп болған соң орныма жайғастым. Анамның көзіндегі қимастық жас есіме түскен сайын іштей өзімді ауыр сезінемін. Ойымды бөлу үшін сүйікті авторыма айналған Гийом Мюссоның кітабын жастанып, оқуға кірістім. Шағын стансаларға пойыздың тоқтағанын сезсем де кітаптан көзімді алар емеспін. Автордың шеберлігінің арқасында оның ойлап тапқан әлеміне еніп, өзімді басты кейіпкер ретінде сезініп жаттым. Бір кезде «Кітап не туралы?» деген сыңғырлаған дауыс ойымды сап бөлді.
Қасы-көзі қиылған, қалың қою қара шашты қазақтың қарапайым қызы екен. Көршімнің қай стансадан мініп, жайғасқан кезін шыны керек аңғармадым. «Өмір туралы. Кітап – өмір туралы» деп жауап қаттым. Жауабымды түсінгендей кейіп танытса да, түсінбегенін іштей сездім. «Қатігез махаббат. Шын сүйгендердің қосылмауы» деп жауап бердім. Ол сәл жымиып, әңгімені одан әрі жалғады.
– Өмірде шын ғашықтар қосылмайды дегенді кім шығарды?
–Төлеген мен Жібек, Ләйлі мен Мәжнүн, Ромео мен Джульетта ше?
– Егер олар қосылса біздің кезге дейін жыр-дастан болып қалмас еді. Бір-екі мысалмен көпке топырақ шашуға болмайды, – деді жолаушы қыз. Қалың ойға шомып кеттім. Басында әзіл ретінде жауап берсем де, өз ойымды ақтап алудың амалын іздедім. Еш дәлел таппаған соң «Сонда да» деп қысқа жауап қайыра салдым.
Әрі қарай кезекті стансаға келіп, оның ұялы телефонына қоңырау түсті. 1-2 минут күткен соң әңгіменің ұзаққа жалғасатынын сезіп, кітап әлеміне сүңгіп кеттім. «Шай ішесіз ба?» деген сөзге қалай «Иә, жақсы болар еді» деп жауап бергенімді де түсінбей қалдым. Шай ішпесе басы ауыратын адамдай. Сыпайылық үшін "жоқ" деп те жауап бермегеніме өкініп тұрмын. Бірақартқа шегінерге жол жоқ, ыдысымды алып жолсерік жаққа кетіп қалған. Ол да, мен де бір күндік жолға 3-4 күнге жететін тамақ, тәттілерімізді шығарып шай ішіп отырмыз. Қарсы бетте тамақ ішіп отырған аға мен апа күлімсіреп, таңдана қарап отыр.
– Куда путь держите? – деп, өзімше орысшалап әңгімемді бастадым.
– Арман қала Алматыға, оқуға тапсыруға бара жатырмын, – деп сыпайы жауап берді.
– Қазір ХХІ ғасыр, техника дамыған уақыт. Оқуға онлайн тапсыруға болатынын білемісің? – деп өзімше әзілдескендей болдым. Ол сәл жымиып күлді де, мағынасыз әңгіменің шоғын сөндірмес үшін жалғастырды:
– Білемін, әрине. Бірақ биылғы оқу жылы онлайн режиммен басталады екен. Ал мен 11 жыл бойы Алматыны көру үшін тынбай, күндіз-түні білім алдым. Енді 4 жылдық өмірімді арман қаламен астастырғым келеді.
– Әдетте адам деген армандаған мамандығының иесі болу үшін білім алушы еді. Сенің арманың тіптен бөлек екен.
– Ал мен әдеттегідей адам емеспін, – деген жауабымен ыңғайсыз жағдайға қалдырды. Белгісіз арумен іштей тілдесе бергім келген соң сұрақтарымды жаудырып, өзімше зерттей бастадым. Тағы да келіп түскен қоңырау. Басында қызғаныш болып, кейін анасы екенін білгенімде басыла қалдым. Кітаптың ішіндегі қос ғашыққа соңында не боларын да білгім-ақ келіп тұр. Сол үшін сүйікті ісіме қайта кірісіп, әр бетін асыға парақтай бастадым. Неге екені белгісіз, бұл автордың кітаптарының соңы жақсы аяқталмайтын. Соның әсерінен ұзақ уақыт мұңға батып, өзге әлемнен шыға алмай жүремін. Бұл жолы да солай болды. Көңілге қаяу түсіп, ойлап табылған оқиға үшін жаным ашып отырды. Менің мұңлы жүзімді байқаған көршім ойымды бөлгісі келді ме, әйтеуір «Соңында не болды?» деп сұрады. Бастапқы жауабымдағыдай өмірде болатын жауапсыз махаббат дедім. Сәл жымиды да менен кітапты сұрады.
– Мен ертең кешке түсіп қаламын, ал сен оған дейін оқып бітіре алмайсың. Сосын кітаптың соңында не болары сені сөзсіз қызықтырады. Ал интрига адамның жүйкесін жегідей жейтін жаман қасиет. Бірақ мен кітапқа келгенде қатты қызғаншақпын, ешкімге қиып бере алмаймын. Оның үстіне сендей қызға көңілсіз жүрген жараспайды, – дедім.
– Қазір техника дамыған. Үлгермесем интернеттен жүктеп алармын. Онсыз да телефонмен уақытымызды құр өткіземіз, одан да кітап оқиын, – деген жауабымен енді маған әзілдей бастады. Қанша бергім келмесе де кітапты қолына ұстаттым. Алайда бұл жолы кітапты емес, оны қызғандым. Иә, қызды кітаптан қызғандым. Себебі ол кітап оқуға кірісіп кетсе, оның ойын қайта-қайта бөле алмаймын. Бірақ маған онымен әңгіме дүкен құрған ұнап қалды.
Сұлу қыз кітаптан көзін алар емес. Мен болсам оның сұлулығына тамсанып қарап отырмын. Расымен оның келбеті, мөлдіреген жанары мен тастай өрілген қос бұрымы өзіне сондай жарасып тұр. Менің қарап отырғанымды байқап, маған көз қиығымен қараған кез тіптен елітіп әкететін. Бұрын өзгенің аузынан ғашық болудың қалай болатынын естігенде асыра сілтеу деп ойлайтынмын. Енді дәл сол сезімді өзім сезінгендеймін. Бір қызығы бұрыннан таныс жан емес, өмірде бірінші рет көрген, мен үшін мүлде бейтаныс ару. Оның өзін аз-маз таныстырғанын таныс деуге мүлде келмейді. Мен оның есімін, қай ауылдан және қайда бара жатқанын ғана білуші едім. Дәл сол уақытта мен сұлу сылқымнан көзімді алмай ұзақ уақыт қарап отырдым. Оның әсем жүзіне тамсанып отырғаным соншалық маған қойған сұрақтарын да естіген жоқпын. Бүгін оның кітаптан айырылатын ойы жоқ секілді, енді ертеңгі күнге дайындалу керек. Арман, шіркін, тегін болған соң өз ойымда оған қалай сыр ақтаратынымды ойланып жатып қалың ұйқыға кетіп қалғам...
Шақырайған күн сәулесі көзіме түскенде терезеге көз салып, Сыр өңірінің аумағында келе жатқанымызды білдім. Қалың ойдың құрсауында жатып шешуге ұмытып кеткен қол сағатымнан уақыттың таңғы 5.42 екенін білдім. Ұзақ кезекте немесе кезекті стансаға келіп қалатындай асығып, жуынып келдім. Ауылда жүргенде әбден үйреніп қалғам, еш ойланбастан өзіме шай демдеп алдым. Ал сұлу қыз әлі оянбаған. Ертегі кітаптың ішіндегі суреттердегі ұйқыда жатқан аруды білесіз ба? Жолаушы қыз ертегідегі арудан әлде қайда әдемі еді. Айтпақшы, менің кітабым оны да қызықтырған секілді. Түнімен оқыса керек, қолына ұстап ұйықтап қалған.
Сымтетікте байланыс жүйесі пайда болған сәтте әлеуметтік жүйені ақтарып отырғанда ұйқыдағы ару да оянды. Ерте тұрғаныма таң қалған оған «Ауылдың баласымын ғой» деп күле жауап бердім. Серік болайын деп сұлу қызбен шай іштім. Уақыт өткізу үшін кітап туралы сөз қозғадық. Түні бойы кітап оқып шыққан ол соңына да жетіп қалыпты. Енді сол кітапты аяқтау үшін қайта жастанды. Мен болсам оның сұлулығына тояр емеспін, қарап отырудан шаршайтын да түрім жоқ.
– Негізінде мен өмірде сендей сұлу қызды көрмегем. Ақылына көркі сай деген жанның сендей боларын енді түсінгендеймін. Бұрын ғашық болу үшін алдымен адамды танып-білу қажет деп ойлаушы едім. Дегенмен осы кезге дейінгі ойым көкке ұшты. Қысқасы, мен саған ғашықпын, – деп ішкі сырымды жайып салдым. Бірақ қазақтың қарапайым қара баласында осынша сенімділік қайдан болсын... Бұл сөздердің бәрі менің көзқарасыммен ішкі ойда айтылған сөз еді. Ал жолаушы қыздың оның түсінгені не түсінбегені мені алаңдатпады. Бастысы бар сырым іштей болса да айтылды. Енді өзімді сәл жеңілірек сезіне бастадым. Бір ауыр жүктен құтылғандай кейіпке ендім. Осылайша шағын вагонда уақыт зырғып өтіп кетті.
Жолсеріктің «Жосалыдан түсетіндер, дайындаламыз» деген дауысы естілді. Асықпай заттарымды жинап, түсуге дайындала бастадым. Сұлу қызды қимағаным соншалық вагоннан түскім келмеді. Ішкі сырымды ақтармағаныма, ғашықтық сезімімді жеткізбегеніме қатты өкіндім. Бірақ бәрі кеш...
Сөмкелерімді арқалап сезімге толы вагонның соңына қарай аяңдап барамын. Аз уақытты оның қасында өткізу үшін ең соңғы болып түсуді жөн көрдім. Жүрдек пойыз тоқтауға жақын, түспеске амал жоқ. Вагонның ішінде енді мен болмасам да, белгісіз аруға деген ғашықтық сезімім қалды. Ол сезімді арудың сезінеріне күмән көп. Осылайша өкініш пен қимастық атты қиын сезімді кешіп, вагоннан түсіп жатқанымда сұлудың «тоқтаңыз» деген дауысы естілді. Мүмкін елестеген шығар деген оймен кете бардым. Бірақ әлгі дауыс тағы сыңғырлай түсті. Иә, расымен мен ғашық болған сұлудың дауысы. Бойжеткен қолына кітапты ұстап келе жатыр екен. Маған ұсынып «Шын өмірде шын ғашықтар қосылады» деді. «Жоқ, өмірде махаббат жоқ» деп кете бардым. Расымен, енді мен үшін ғашықтық сезімі бар шығар, бірақ махаббат жоқ болып көрінді. Себебі өмірде сіз сүйген адам сізді сүймейді...
Міне, бұл оқиғадан осындай ой түйдім. Бірақ ғашықтық оты өшпеді, әлгі сұлу күндіз-түні ойымнан кетпеді. Онымен жүздесу, жүздесу түгілі кездесу мүмкін емес екенін түсіндім. Енді ұмыту керек. Қанша тырыссам да ол қолымнан келмегендей. Ұмыта алар емеспін, тіпті оның бейнесі де көз алдымда бұлғаңдайды. "Уақыт – емші" деген оймен бір күні ұмытатыныма сенімді болдым. Ал ол кез келгенше сұлу туралы ойлап жүре беруді жөн көрдім.
Уақыт өте келе оны ойлауды ұмытып бара жатқанымды түсіндім. Бірақ оны естен шығарғым келмейтін. Менде оны еске салатын бір ғана зат бар. Ол – кітап. Әлгі кітаптың желісін толықтай жаттап алсам да қайта оқуға кірістім. Бос уақытымды тек сол кітапқа ғана арнадым. Оның әр парағы белгісіз аруды еске салатын.
Таңертең жұмысқа ертерек келдім. Уақыт өткізу үшін сөмкемнен әлгі кітапты алып, соңғы беттерін парақтай бастадым. Көңілім алабұртып, біреу суық суды үстіме құйып жібергендей күй кештім. Қалай? Неге байқамағам? Қара қаламмен анық жазылған жазба көзіме оттай басылды: «Көңіліңізді түсірмеңіз. Өмірде шын ғашықтар қосылады. 8-747-239-94-**...»
Аслан ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ