» » Банкоматтағы өшіріт (қаз-қалпында)

Банкоматтағы өшіріт (қаз-қалпында)

Шырт ұйқыдан таңмен ілесе ояндық. Ұйқы дейтіндей ұйқы жоқ баяғыдай. Өйткені карантинге жабылғалы бірнеше күн болды. Әлгінде ғаламтордан тараған тойымсыз бейнежазбалар әжемнің де құлағына жетіпті. Бір жылдық болмаса да бір айлық азық әкел деп бірнеше көше әріректе орналасқан дүкенге жіберді.
– Шырағым, ерте бар. Ол жақта адам көп. Кезекпен кіргізеді, – деп уақытты көрсетті. Сағат әлі 8.00 болмаған.
Ағылған жұрт арасынан 1 сағат дегенде діттеген дүкенге әрең кірдім. Алған азық та аз емес. Төлемекке кассаға келсем... Кешбэк дегенді түсінбесек те қалалықтардай дүкен ақысын кәртішкімен зып еткізіп төлегіміз келеді (өзімізше). Бірақ біздің кәртішкі ондайға жарамайды екен. Жайсыз жағдайға тап болғанымды байқаған кезектегі төрт апа сұстанып қарап тұр.
– Ойбуй, енді не істеймін? – дедім сасқалақтап.
– Ана бұрышта тұрған банкоматқа барып шешіп әкеліңіз, – деді реңді, бойша келген кассир қыз.
Алды-артыма қарамастан сыртқа шықтым. Банкомат алдында ұзын-сонар кезек. Жерге ақ бояумен төртбұрыштар сызып қойыпты. Арақашықтығы 1 метрдей. Әр қоршауда бір адамнан. Содан 8-ші қоршауға жайғасып алдым. Қатарға қосылғанымды көрген біреуі:
– Ә, 42 500-ба? – деді мұрнын шүйіре.
– Ой, жоға. Маған бермейді ғой.
– Кімге беріп жатыр дейсің, – деп дүрсе қоя берді әлгі кісі.
Ойпырмай-оу, кімнің не ақша шешіп алатынында несі бар екен. Үндемегенім дұрыс болар (ішкі ой).
Ойымды дырылдаған ескі мәшиненің даусы бөліп жіберді. Ішінен орташа бойлы, мұртты кісі шығып көзіндегі «матрица» әшкиін шешті де:
– Соңы кім? – деді.
– Мен, аға, – дей бергенім сол еді, – Қандай ақша алуға келдің, – деп мұрнын ішіне ұзақ тартты да түкірігін жерге былш еткізді.
– Әй, барболғыр! Ана қолыңдағы маскаңды ки. Жұқтырарсың, – деген кіттәй кемпірге бұл қылық жақпай қалды. Осы сәттен бастап нағыз көшедегі дебаттың көкесі басталды.
– Мына шырағым таң атқаннан ақшасын әлі шешіп жатыр. Айналайын, болсаңшы, – деп сөзін жалғаған кезектегі апа банкоматта бірінші тұрған баланы меңзеді. Расымен алып жатыр, салып жатыр. Кәртішкісін бірінен соң бірін тықпаштап кірмей қала ма деп қорқып жатыр.
– Жұмыстағылар беріп жіберіп еді ғой, апа. Қазір он шақты кәртішкі қалды. Болдым сосын, – деп жауап берді әлгі жігіт.
Босқа тұрмай әңгіме айтқысы келді ме, алдыңғы шепте тұрған апалардың бірі ә дей бастады.
– Ақыры жапты. Ақша жоқ, азық жоқ. Отырмыз аштан өлейін деп.
– Сол өтірік қой. Саясат бәрі, – деп екіншісі жалғады.
Темекісін соңына дейін тартып үлгермеген мұртты кісі әрі қарай әңгімені жалғағысы келді. Аузындағысы будақтап күл боп барады. Айтпаса сөздің атасы өледі. Содан не керек, түбінде қалған тұқылын ұртының бір қуысына қыстыра салды да:
– Кеше 42 500 теңгеге өтініш жібердік, үй болып. Бәрімізге берді, – деп ыржалақтай күлді.
– Әні осындайлар оп-оңай алады. Біз жұмыссыз қалсақ та ала алмадық, – деп жауап қатты біреуі.
– Оны қоя беріңдерші, дүкендер ерте жабылып қалады. Дәріханада кезек көп. Маска жоқ. Балалар да емін-еркін көшеде жүре алмай қалды. Бұл жайдан-жай емес қой. Әлем күресіп жатыр, біз жүрміз сенбей, той тойлап, – деген 3-ші қоршауда тұрған арық келіншекке көбі сұстана қарады.
– Ә-ә, үкіметтенсің бе?
– Қой, қайдағы. Жалғызбасты анамын. Сәтін салып төтенше жағдай режиміндегі жәрдем ақшамды алуға келдім, – деді ол төмен қарап.
– Соған сенбеймін мен. Ақшамды тез-тез алып ауылға қайтуым керек, тездетіңдер, – деп тағы қыстырылды соңғы кезекте тұрған мұртты аға.
– Болдым, ала беріңіздер, – деген жас жігіт мәз боп банкоматты меңзеді. Келесісі кәртішкесін сұғып жатты.
– Уф, мына маскадан тұншығатын болдық қой. Қашанға шыдауға болады?
– Кеше ғана емес пе киіп бастағаның? – деп жекіген ірі денелі, қараторы апа, – Әй, балам бері келші. Мен ала алмаймын. Ақшамды шешіп берші, – деп арадағы ең жасы мені шақырды .
– Мәңіз апа!
– Бақытты бол қалқам!
– Тоқта, тоқта! Маған да алып бер.
Солай кезекте тұрғандарға тегін гиф қызмет көрсетуді бастап кеттім. Жо-жоқ, мұнымен оқиға бітпеді. Өшіріт азаймай, әңгіме де таусыла қоймас.
– Кеше түнде тікұшақты көрдіңдер ме?
– Ойбай, онысы несі?
– Иә, иә. Дезинфцекциялап жүр дейді. Сол баяғы қызыл өтірік, у шашып жүр олар, у. Өзім көрдім көзіммен, – деді манадан бері енді ғана тіл қатқан бидай өңді, орташа бойлы келіншек.
– Өлә-ә, шыбынша қырыл дей ме? – деді қасындағы әйел қолындағы беторамалмен маңдайдағы ащы терін сүртіп тұрып.
– Осындайды қайдан шығарасыздар? Сенбеңіздер, ресми сайттар тұр ғой, соларды оқыңыздар, – дей бергенім сол еді соңғы кезекте тұрған мұртты кісі:
– Сен қайтесің оны біліп, оданда ақшаларды тез-тез шешіп берсейші. Асығыспын. Клиенттерім күтіп отыр мәшинеде, – деді шыдамсыздана.
Мұндайда сабыр сақтамасаң үйде отырып мезі болған жұрт аш қарынға жеп қоюға даяр тұр.
Бол да болмен алдыңғы кезектегілердің ақшасын шешіп боп өзімдікін алдым. Енді дүкенге барып азық-түлігімнің ақысын төлейін десем менен кейінгі кезектегі мұртты кісі «айналайын, қырқы кетіп, қырық бірі қалды. Маған да әпере ғой» демесі бар ма.
– Жарайды аға, әкеліңіз, – деп кәртішкесін банкоматқа сұға бергенім сол еді, сөйлейтін құрылғыдан орыс қыз «не достаточно средство» деді. Артқа бұрылып «аға, банкоматта ақша таусылып қалыпты» демейінше әлгі кісі қораптағы соңғы темекісін шегіп боп:
– Өй, әкеңнің, – деді де қолын бір сілтеді.
...Күн өтті, күн артынан ай өтті. Ел карантинге қайта жабылды. Ал алдағы күндері банкоматта сиреген кезек тағы адамға лық толмақ. Себебі таяқ жерге тасталды, 42 500 теңгеге өтініш беру басталды...
Айнұр ӘЛИ
21 шілде 2020 ж. 804 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 022

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031