» » » Шеберлер шаңырағы

Шеберлер шаңырағы

Бұл кісінің есімін сырттай естігеніміз болмаса, жүзбе-жүз алғаш көруім. Елдің айтуынша, өте ісмер. Қолынан келмейтіні жоқ. Ұстап тұрған құрақ көрпешенің тысына қарап, «неткен еңбек, қандай керемет дүние» деген ой санамда жылт етті. Ол да мені жақын танымаса да бұрыннан білетін адамша жылышырайда қарсы алып, ескі достардай сөзін сабақтады. Бұл – Жосалы кентінің тұрғыны, тігін шебері Күлпаршын Әлікеева болатын.
Ісмердің сөзіне қарағанда тігіншілікке жастайынан көзі қарық болып өскен. Әжесінің қасынан айналшықтап шықпайтын себебі де осы болыпты. Саусағынан өнері тамған әжесінің ертелі-кеш басқұр, құр, ши тоқудан қолы тимесе керек-ті. Жалпы өнер адамның қанында болады дейді ғой, не нәрсені де алыстан болжайтын қазақ атамыз. Сол айтқанымыздай Күлпаршынға да тігін өнері өз қанынан, яки ата-әжелерінен берілген үлкен өнер демеске лажың жоқ.
Бір қызығы, қаншама уақыт сауда саласында еңбек етіп, халыққа қызмет көрсеткен оның ешқашан да қолынан ине мен жібі түскен емес. Базардың бірсарын жұмысынан шаршап-шалдығып келгенде, демалатын жері – тігін машинасы. Ескі машинаның құлағын бұрағаннан-ақ бойы жеңілденіп, бағанағы зілбатпан ауыртпалығы сол мезеттен ұмыт болады. Сөйтіп жүріп біраз жылды да артқа салыпты.
Алып-сатарлық сауда алғашында жақсы пайда әкелгенімен соңғы жылдары берекесі қаша бастаған. Қарызға кеткен заттардың қаржысы тұтынушыдан келіскен мезетінен қайтуы қиын. Осылайша біртіндеп саудадан алыстап, тігін машинасына біржолата ден қояды. Оған алдымен ой салған да отбасы мүшелері болды. Неге кәсіп ашып, халыққа қызмет етпеске. "Тәуекел түбі – жел қайық" демекші, неге бақ сынап көрмеске? Оның үстіне мемлекет кәсіп етемін дегенге қай кезде де мүмкіндік беріп келеді. Тек оңтайлы жоспар құрып, ашқан кәсіп түрін әрі қарата дамыта білсең еш кедергісі жоқ. Он ойланып, бір пішетін өнер иесіне мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қаржылай қолдаудың сәті енді келгендей. Зор мүмкіндікті құр жібермеуге бел буған Күлпаршын Әлікеева былтыр аудандық кәсіпкерлік палатасының ұйымдастыруымен оқытылған "Бастау Бизнес" оқу курсынын өтіп, сертификатқа ие болады. Ал ол жақында мемлекет тарапынан берілетін 555 мың 600 теңге грант иегері атанды.
– 2008 жылдан бастап құрақ құрауға қызығушылығым арта түсті. Осы жылы "Әмбебап" сауда орталығынан бір дүңгіршекті жалдап, саудамен айналысуды бастадым. Сатып отырған мақта, мата, сәндік әшекейлермен қоса, солардың қасына өзімнің тіккен өнімдерімді де қойып жүрдім. Әуелгіде бағасы арзандау ирандық масатыдан бастағаныммен, бірақ кейін келе сапасы жоғары әдемі маталарға көштім. Осындай тігіншілік өнеріне келгенім – әжемнің арқасы. Кішкентайымнан көріп өстім ғой. Одан соңғы ұстазым – өзімнің анам. Ол кісі аудандық тұтынушылар комбинатында 36 жыл тігінші болған. Жұмыста да, үйде де тыным таппайтын. Әсіресе үйдегі 4 қыздың 2-еуі сол кісінің тіккенінен қалған құранды қалдықтарынан құрақ құрайтынбыз. Мектеп бітірген соң тұрмыс құрдым. Жанұяда екінші анам – енем де тігін тігетін. Бұл кісі де мені шеберлікке баулыды десем артық емес, – дейді кейіпкеріміз.
Жүзіктің көзінен өткендей кімді болмасын таң-тамаша ететін қыз жасауының әрбір деталі әпкеміздің қолында «менмұндалайды». Дүние шіркінге қаншалықты қызықпаймын десең де мынадай ғажайыптар көзіңді де, көңіліңді де арбап тастайды екен. Сән әлемінде жүрген аты әйгілі небір ығай мен сығайдың қолтаңбасынан асып кетпесе, кем түспейтін ұлттық нақыштағы көрпе, жастық, көрпеше, тағысын тағылар шебердің шынайы бейнесін аша түскендей. Жарнамасы жетіспейді демесеңіз, қызылды-жасылды қазақтың ою-өрнектері сапалы матада салтанат құрып, халқымыздың ежелден келе жатқан құндылығын алдыңызға тосып тұр. Қалай десек те қайсыбір заты болсын сапасы қызықпасыңа қоймайды. Қызығу былай тұрсын, тапсырыс бергеніңізді байқамай қаласыз. Мұның бәрі К.Әлікееваның жас кезінен бастап тігінші болуды армандаған шексіз қиялынан туған сұлулық әлемі.
– Тігін тігудің сан саласы бар. Соның ішінде құрақ құрауға қатты қызықтым. Қызылорда, Түркістан қалаларына затқа барғанымда оюларды қарап жүретінмін. Көзіммен санап, суреттеп үйге келгесін дәптерге түсіріп, сол өрнекті шығаратынмын. Алдымен параққа есептеп шығарамын, содан барып матаға қиып тігетінмін. Әртүрлі қып тігу – мен үшін бір шабыт, рақат сезімін сыйлайды. Ақша таба қояйын деген сондай бір мақсатым болған емес. Осыдан байып кете қояйын деген де дым ой болған жоқ. Бірақ шыңдала келе ақша да өзі келеді екен. Қызыққан сайын шабыттанып, неше түрлі дүниелер өзінен-өзі шыға береді. Қазіргі тігін орны үйдің бір бөлмесінде орналасқан. Қасымда шәкіртім-қызым – Ақмарал бар көмектесетін. Негізі алыпсатарлықтың ғұмыры қысқа. Одан түсетін шамалы нәпақа салығың, ішіп-жеміңнен ауыспайды. 2004-2017 жылдары кәсіппен шұғылдандым. Әйтсе де, кәсіпкерлікті тоқтатқаныммен отбасында тапсырыс қабылдап, тігінімді жалғастыра бердім. Бүгінде қыз жасауына, жекелей тұрғындардан құрақтарға тапсырыс аламын. Заттың бағасы – оның күрделілігіне қарай белгіленеді, – дейді шебер.
Оның айтуынша, бір қыз жасауын толықтай тігіп бітіруге 1 ай уақыт кетеді. Майда ши құрақ уақытты көп алатын көрінеді. "Бір көрпешеге шамамен 350-500 ши құрақ кетеді. Жаңа ою-өрнекті шығару үшін жан-тәнімді саламын. Басты мақсатым – бұл өнер балаларыма мұра болып қалуы керек" дейді ол.
Бір ескерерлігі, Күлпаршынның ісмер қолынан шыққан қай туында да тұтынушысын риза етпей қоймайды.
– Жұмыссыз бос отырған қыз-келіншектерге айтарым – жақсы көретін ісін алға қарай жетілдіруге талпынса, ол іс ешқашан тоқтап қалмайды. Пайдаға да жақсы кенеледі. Адам өзінің ісін сүйе, ұната білуі қажет. "Мынау менің жасаған ісім" дегендей көкірегінде мақтаныш сезімі тұрса, жұмыссызбын деген сөз айтылмайды.
Жосалылықтар Әлікеевтер отбасын бекерге шеберлер шаңырағы деп атамайды. Ол себепсіз де емес. Мәселен отағасы Гажденбек Әлікеевтің ұсталық өнері болса, жанұяның үлкен қызы Ақеркенің заңгер мамандығы болғанымен заман ағымына сай сән салонында жұмыс істейді. Ақмарал анасының жәрдемшісі. Ал ер перзенттері Бағылан мен Бағдат та әкелері секілді ұсталықтан алысқа кетпеген. Құрылыс жұмыстарын біркісідей атқара біледі.
Күнделікті тіршілікте "заманауи" дегенді желеу өткенімізбен ұлттық болмысымыз бен құндылығымыздың өміршең екені айтпаса да түсінікті. Оны ғұмырлы да нұрлы ететін осындай ұлттық өнердің насихатшысы болып жүрген Әлікеевтер секілді отбасылар аман болсын!
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА

28 шілде 2020 ж. 1 176 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 079

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031