» » БІР КӘСІП БАР, ТІГІНШІЛІК ДЕГЕН

БІР КӘСІП БАР, ТІГІНШІЛІК ДЕГЕН

ӨРКЕНИЕТТІ МЕМЛЕКЕТТІҢ ГҮЛДЕНЕ ТҮСУІ ӨСКЕЛЕҢ ҰРПАҚТЫҢ РУХАНИ БАЙЛЫҒЫ МЕН МӘДЕНИЕТТІЛІГІН, КӘСІБИ БІЛІКТІЛІГІ МЕН БІЛІМДІЛІГІН ТАЛАП ЕТЕДІ. ҚАЗІРГІ ТАҢДА ЕЛІМІЗДЕГІ БІЛІМ БЕРУ МЕН ТӘРБИЕЛЕУ САЛАСЫНЫҢ ЖАҢАРУЫ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ДӘСТҮРЛІ ӨНЕР ТҮРЛЕРІН ЗЕРДЕЛЕУДІ, ОНЫҢ АЙНАЛАСЫНДАҒЫ ТӘЛІМ-ТӘРБИЕ, ТӘЖІРИБЕМЕН ЖАС ҰРПАҚ САНАСЫНА СІҢІРУДІ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ. СОНДАЙ ҚАЖЕТТІЛІКТІҢ БІРІ — ХАЛЫҚТЫҢ ҚОЛӨНЕРІ. ОНЫҢ ІШІНДЕ ТІГІС ӨНЕРІНІҢ ТӘРБИЕЛІК МАҢЫЗЫ ЗОР. ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ТІГІС ТІГУ ӘДІСІ ТАРИХҚА БАЙ, МАЗМҰНЫ ТЕРЕҢ. АТА-БАБАМЫЗДЫҢ МӘДЕНИ МҰРАСЫНЫҢ ТАРИХЫН БІЛМЕЙ, ЖАҢА ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ ТУЫНДЫ ЖАСАУ МҮМКIН ЕМЕС. ТУЫНДЫНЫҢ ТАМЫРЫ ЕРТЕ ЗАМАННЫҢ МӘДЕНИ МОЛ МҰРАСЫНАН НӘР АЛЫП, ЖАҢА ӨМIРДIҢ ЖАҢА ТАЛАБЫНА ЛАЙЫҚ БОЛУ КЕРЕК. БҮГІНДЕ ҰЛТТЫҚ ӨНЕРІМІЗГЕ ДЕГЕН ҚОЛДАУ АРТЫП КЕЛЕДІ. ДӘСТҮРІМІЗ ЖАНДАНЫП ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРУДА.
– Тігінші мамандығын 1982 жылы тәмамдадым. Қанша мамандық болса да бұл өнерге деген сүйіспеншілігім ерекше. Сол үшін әлі күнге дейін киім тігіп, құрақ көрпе құраудан бір қадам да алыстамадым. Ертеден бері өзінің өміршеңдігін жоймаған бұл өнерді тұтынушы талғамына жəне заманға сай үлгіде нарыққа ұсынып жүрміз. Қазіргі таңда ұлттық киімдерге сұраныс тек мереке күндері беріледі. Дегенмен, көйлек жеңіне, кеудеше жағасына ұлттық оюымызды бастыратындар да аз емес. Сонымен қатар өңіріміздегі «Әжелер» ансамблінің концерттік көйлектері біздің қолымыздан тігілген ұлттық туынды. Сұраныс берушінің көңілінен шығатындай тауар жасау үшін сүйіспеншілікпен, өнерге деген ыстық ықыласпен жұмыс істеу қажет, – дейді жастайынан құрақ құрап, сырмақ сырып өскен тігінші Асыл Байқожаева.
Қазақтың өрнекті әшекеймен жасалатын қолөнерінің түрі де, атауы да жетерлік. Солардың ішінде халық арасына көбірек тарағаны - ою-өрнек. Ою-өрнек ерте заманнан бастап қолөнердің барлық түріне бірдей ортақ әшекейлеудің негізі болып келеді. Өрнек – әр түрлі ою мен бейненің күйдіріп, бояп, батырып, қалыптап істеген көркем түрі. Ою - өрнек ескі дәуірден бері келе жатқан халықтық өнердің бір түрі. Шебердің іс-үлгілерін зерттеу нәтижесінде анықталған ою-өрнектің 200-ден астам түрі бар екен.
– Ою-өрнекте түзу, қисық, доға сызықтар бар. Бұл топқа жататын оюлар мен өрнектер киім безендіруде молынан кездеседі. Ал ұлттық оюымызды құрметтейтін тұтынушыларымыз да аз емес. Себебі, сұраныстың басым бөлігі ою-өрнекпен безендіруге беріледі. Оған дәлел ретінде өңіріміздегі №105, №26, №30 мектеп оқушыларының мектеп формасын айтуға болады. Оюды бірінің жеңіне салсақ, енді бірінің иығына және беліне басып безендірдік. Жасөспірімнің ұлттық киімімізді дәріптеп жүргеніне қуанамын, мақтан тұтамын, – дейді өз өнерін сүйетін тігінші Оразкүл Базарбаева.
Қазақ қолөнерінің тағы бір ерекше түрі – құрақ құрау. Бұрынғы кезден бастап апа-әжелеріміз тілім-тілім маталарды құрап киім, көрпе, тұрмысқа қажетті түрлі дүниелерді жасайтын болған. Әдемілік үшін ғана емес, сиқырлы күшке сенетін қазақ үшін құрақтан тігілген заттар да оның иесін тіл-көзден сақтап, үйіне бақыт алып келеді дегенге сенген. Ал ең бастысы, құрақ-құрақ бұйымдар отбасының татулығын сақтап, ру мен ру, тайпа мен тайпа арасындағы адамдардың бірлігін нығайтатынына нанған екен. Сонымен қатар құрақ көрпе қыз жасауының басты бөлігі болып табылады және соған орай оюлы, сырылған көрпелерді арнайы тапсырыспен тіккізеді. Қазақ қол шеберлері кез келген құрақ көрпенің ең бірінші қандай мақсатқа арналғанына назар аударады.
– Қыз жасауындағы ою-өрнек оның өскен ортасы, алған тәлім-тәрбиесі мен туған ұясы туралы мәлімет беруі керек. Әрбір ана осы көрпедегі ою-өрнек арқылы сүйікті қызына жүрегінің бір бөлшегін бөліп бергендей еңбектенеді. Сонымен қатар, қолдың көрпесі дүкен көрпесіне қарағанда жылы. Әрі ішіне салған салмасы жылжымай қапсырылып тігіледі. Киім тігуден бөлек қоржын, құрақ көрпелер, ою көрпе, жамылғы көрпе, махаббат көрпесі, төсек жапқыш, жастық, бұның барлығы өнерге икемі бар кез келген тігіншінің қолынан келеді деп ойлаймын, – дейді он саусағынан өнер тамған тігінші Айнаш Смадинова.
«Шебердің қолы алтын», – дейді атам қазақ. Сөзге шебер, іске де ұста халқымыздың мәдениетін паш ететін құндылықтарының бірі – оның қолөнері. Асыл тастан сән бұйымын жасаған, жүннен көздің жауын алатын бұйым жасап, сүйек пен мүйізді қиыстырған халық шеберлерінің ісі – мақтауға тұрарлық өнер туындысы. Қазақ қашаннан он саусағынан өнер тамған ісмер жандарға кенде емес. Тігін дегеніміз – тұнып тұрған математика. Себебі, дәлдік, есеп, тендік керек. Тігіншілік өнер бойға шабыт беріп, көңілге шаттық ұялатады. Адамды іскерлікке, икемділікке, дәлдікке баулиды. Зеректік пен ептілікке тәрбиелейді.
Айнұр ӘЛИ.
19 ақпан 2018 ж. 9 321 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 042

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031