» » » Сол бір кезде он жаста едім

Сол бір кезде он жаста едім

1961 жылдың жазы елеулі оқиғаларға толы болды. Сол жылы ақша ауысты. Кеңес үкіметінің ақшасы. Бұрынғы жап-жалпақ үш сомдық, бес сомдықтар көлемі кішірейіп, қолдануға ықшам болып шыға бастады. Қағаз ақшаларының беті мен сырты қаттылау әрі жылтыр болып, сапасы жағынан едәуір жақсарды. Құндылығы да айтарлықтай артып, бұрынғы он сомның орнына бір сом, жүз сомның орнына он сом жүре беретін болды. Балалық сезімталдығымыз ба, әлде шынында да солай ма жаңа ақшаның бір ерекше иісі де болған сияқты.


Бір есімде қалғаны мектептің жоғары сынып оқушылары сол жылдары Қасым Қайсеновтың «Ажал аузында» деген кітабын кеңшардың және мектептің кітапханаларынан жаздырып алып, қолдан-қолға тигізбей оқып, бір-біріне ондағы қызғылықты оқиғаларды айтып жүрген кездері еді. Қызығамыз. Қанша тамсанып оқығымыз келгенмен кітапханаларға екі, үш данамен ғана түскен кітаптар ол кезде біздің қолымызға тие қоймайды.

Бір күні орталықтағы дүкенге осы кітаптың түскенін есітіп, Жанұзақ екеуміз кітап алуға бардық. Іздеген кітабымыз бар екен. Алып көрсем, мұқабаның сыртында: «Бағасы 2 сом 20 тиын» деген жазу тұр. Ол кезде азық-түлікке жұмсамаса өздігімізден көп сауда жасай бермейтін кезіміз. Әсіресе жаңа ақша шыққалы сауданы үлкендер өздері жасайды. Соның өзінде үйренісе алмай, есептен жаңылып, дүкенге қайтадан барып есептесіп келдік дегенді айтып жататындар да бар еді.

Кітапты алып дүкеншіге бір 20 тиындық, бір 2 тиындық ұсындым. Бұл бар болғаны 22 тиын болғанымен бұрынғы 2 сом 20 тиынның орнына жүре беруі тиіс. Кітапты беріп тұрған дүкенші бетіме қара-а-п тұрып, басын шайқады да, бір кезде: «иә, дұрыс» деді. Осы ақшаны кешегі Тәуелсіздік алып өзіміздің төл теңгеміз болғанша қолданып келдік.

Сол жылдың тағы бір үлкен оқиғасы, алғаш рет «Восток» деп аталатын космос кораблімен жер шарын бір айналып шыққан Гагариннің ерлігіне бас айналып, «Космонавт» атануды арман етіп өмір сүрдік. Үлкен балалардың «сен нағыз батырсың, өскенде космонавт болайын деп тұрсың» деп кеу-кеулеп мақтауымен: «шынымен космонавт атанамыз ба?» деп үйге сүйеп қойған сатының жоғарғы баспалдақтарынан секіріп аяғын ауыртып алған балалар да болды арамызда. Бұл енді сабақтан тыс уақыттардағы ісіміздің бір парасы. Ойынның өзгеше үлгісі.
Сағыздай созылған тағы бір оқу жылы аяқталып, 1961 жылғы мамыр айының аяғына таман мектептің алдына жиналып, Жамаладдин деген кісінің жүк көлігіне мініп отырмыз. Қарақұмға көшіп кеткен фермадағы үйімізге бару үшін осы көлікті күткенімізге 4-5 күн болған. Бір кезде бастауыш сыныпта сабақ беретін бір апай келді де, Ерсайын деген балаға:

– Сен, түс. Екі сабақтан күзгі сынға қалғансың. Ертең соның біреуін тапсыратын күнің. Келесі машинаға мінесің, – демесі бар ма?!


– Бұл сынақтарды тапсырмасаң орныңда қалып, үшінші сыныпты қайтадан оқисың деп, – нығарлап та қойды.

Ол кезде оқушылар үшін «орнында қалу» деген – оңған тірлікке жатпайтын лайықсыз нәрселердің бірі. Мұндай жағдай басына түскен бала үй-ішіне де қадірсіз, қатар балаларының арасында да сыйлы бола қоюы да екіталай. Көзге шыққан сүйелдей, келесі жылы өзінен төменгі кластың балалары оқитын сыныптың ең соңғы партасына барып жайғасады. Сабақ кезінде балалардың бәрі есебін тауып, артында отырған бұған кекесінмен қарап, бір-біріне ымдасып алмай партада отыра алмайды. Өзі оңып тұрғандай, жырқылдап күлетіндер де табылып қалады.

Солай болғанмен Ерекең машинадан ырғып түсетін ыңғай таныта қойған жоқ. Малдасын құрып отырған күйі: – Орнымда қалсам да мейлі – деп – дорбасындағы шыныны шығарып, әжесі құйып берген айранды жарыға дейін жұтқыншақтан өткізіп жіберді де, ыдыстың аузын қағаздан жасалған тығынмен мұқият бекітіп болған соң орнына қайта салып қойып, теріс бұрылып отыра берді.

Өйтетін де жөні бар, осы көліктен қалса келесі айдың ортасынан бергі жерде Қарақұмға қарай жолы түспейтінін ол біліп отыр. Апай да ертеңгі күн бұған аулына қайтатын көлік тауып бере алмайтынын ойлады ма, бұдан әрі көп зорлаған жоқ, жүргіншілерге «жол болсын» айтып өз жөніне кетіп қалды.


Аз уақыттан соң «туған үйім, қайдасың» деп, қуанышымыз қойнымызға сыймай машинаның артқы дөңгелектерінен шыққан қою шаңға көміліп Қарақұмға қарай бет түзедік.


Ақжардан түс ауа шықтық. «Газ-51» деп аталатын машинаның қорабына жайғасқан соң көңілденіп, алғашында бар дауысымызбен ересек балаларға еріп өлең айтқан болып едік, ойлы-қырлы жерлерден орғыта жүйткіп келе жатқан машина үстінде шаршай бастадық. Машина қорабының алдыңғы жақтауына сүйеніп түрегеп тұрайын десек, Нағашыбай ағай: - «төмен!» деп зекіп, отырғызып тастайды. Бұл кісі мектеп оқушыларын каникульда фермадағы үйлеріне тарату үшін мектеп директорының арнайы бұйрығымен бөлінген ағайымыз. Бастауыш сыныпта сабақ береді.

Кеш бата, Сырдарияның паромынан өткен соң, бір-бірінен айнымайтын жоталанған сары белдердің бірінен соң бірін артқа тастап жүйткіп келе жатқанда қараңғы түсті. Айналада ештеңе көрінбеген соң машинаның үстінде бір-бірімізге басымызды сүйеп, алдымен қалғыдық. Кейін әрқайсымыз өзімізге ыңғайлы көрінген жерге жамбастай кетіп, жол дорбамызды жастанып ұйықтап қалдық.
Түннің бір уағында:

– Ал, балалар келдік, – деген ағайдың дауысымен тұрсақ, машина гарбель ағаштардан қиюластырып жасаған қой қырқым пунктіне маңдай тіреп тоқтаған екен. Айдың жарығымен көргеніміз, ұзыннан созылған көлді жағалай тігілген үйлер.


Машина тоқтаған соң ағайымыз ферма қызметкерлерінің көмегімен балаларды үйді-үйіне таратып, айнала сыртта қоныстанған шопан балаларын әр үйге бөліп орналастыру қамына кірісіп кетті. Біздің үй пункттен төртінші болып тігілген екен. Әке-шешелеріміз ауылға келген машинаны қоршай, бізді ертеректен күтіп тұрғандарын айтып, қуана даудырласып әр қайсысы өз балаларын, кейбіреулері сырттағы туыстарының балаларын үйлеріне алып кетіп жатты.


Сол жылы Ақжар кеңшарының №1 фермасы мен №3 фермасының ферма қызметкерлері мен жұмысшылары әлгі ағаштан соғылған пункттің екі жағына қанаттастыра үй тіккен.

Ұзынша көл деп отырғаным тәңертең қарағанда көл болмай шықты. «Қызылбастың соры» деп аталатын ферма орталығына кіреберісте машина жолдың сол жақ беті пунктке дейінгі бөлігі сор екен де, аздаған құрғақ жердің арғы жағы бір шақырымға жуық созылған тұз екен. Үйлердің сыртқы беті жағалай төбе, оның шығысқа қарай шағыл топырақ болып, созылып жатқанын байқауға болады. Жалтақа құмдардың екі бүйірі «түзген» деп аталатын бұталы өсімдікпен, айнала етегі түбірлі жусан, раң, сарсаған, ебелек сияқты майда шөптермен көмкерілген. Әрірек барсаңыз тіпті жуа, көсік, кәрәгани сияқты жеуге келетін өсімдіктер мол кездеседі, кейбір табандардан сағыз теруге де болады.

Үйлердің айналасы сорға дейінгі жерлерде қызылтамыр, жержоңышқа деп аталған шөптер қалың өсіп ауылды шаңнан қорғап тұрған сияқты.

Әлгі пункт деп отырған ағаштан жасалған үйдің бір бөлмесіне қаракөл елтірісі сақталған екен де, екінші жағы қой қырқымға бейімделіп жасалған екен. Жабағының уақыты. 12-15 қырқымшы жерден 20 сантиметрдей көтеріп полданған сәкілерге жағалай тұрып, қойды қырқады. Реті келгенде айта кетейін, қырқым жұмысына электр қуаты үлкен дизельді мотормен беріледі екен. Қырқым агрегаттарына орнатылған мотордан 12 қайшыға, пышақ қайрайтын электроқайраққа ток жіберіледі. Жүн престейтін механизмнің жұмысы қолмен атқарылады, шамасы электропрес кейін пайда болды-ау деймін. Моторды айдаушы, яғни моторист – Уәли деген кісі. Қырқым жұмысында сол кезде жүргендерден менің есімде қалғаны – Молыбек, Қайып деген жігіттер.


Үйдің алдындағы сордың арғы бетінде жүз елу қадамдай жерде биік жалдың басына екі ақ боз үй тігіліпті. Айналасы биік-биік бағандар, басында айқыш-ұйқыш тартылған сымдар. Екі цилиндрлі электр бағанасы сол үйде ғана бар. Ол үйлердің біреуі рация арқылы орталықпен байланыс жасайтын Жауынтай деген ағаның үйі, екіншісі әкесі Нұртай деген кісінің үйі екен. Нұртай ақсақал ферманың түйекеші. Бұл үйлердің айналасында тартылған желідегі жағалай жарыса боздаған боталардың дауысының өзі әсіресе рациямен сөйлесетін уақыттарда моторды қосқан кезде тап бір радио тыңдағандай әсер береді.

Жалаң аяқ, жалаң бас асыр салған жаз қызығы басталып кетті. Қаракөл, жүн қабылдайтын Ес деген кісінің балалары – Қажымұқан, Мұрат, дүкенші Құдабайдың балалары Атымтай, Жомарт, пункттің арғы бетінен Рысбек келеді, әйтеуір ермексіз емеспіз. Ойын түрі көп, ауылда асық ойнағаннан басқа құмға шығып, сағыз теру, көсік теру деген сияқты толып жатыр. Қызығына түсіп кетсек, шағыл төбелердің басына шығып, «шегелей шекпек, тоғалай тоқпақ» деп құмда тізерлей отырып із қалдырудан жарыс өткіземіз.

Түсте үйге келгенде әкеміз етігін шешіп жатады. Шай келем дегенше: –«Шүкіржан, Сәбиттен оқы» – дейді. Сәбит деп отырғаны – белгілі жазушы Сәбит Мұқановтың «Менің мектептерім» деген кітабы. Оқи-оқи мұқабасының да, ішіндегі беттерінің де тозығы жеткен кітаптың қалыңдығы осы күнгі екі жарым кітапқа татиды.

Жастықты шынтаққа алып, етпеттей жатып, келген жерден бастап кетесің. Өмірдің өзіндей, әрбір оқиға мен әрбір кісі мінезін дөп басып, кинодағыдай көзіңе көрсететін бұл кітап әкем мен апамның сүйіп тыңдайтын кітабы. Әсіресе «Ақжамбас» деген әңгімесін оқып жатқанда жүйрік атпен жолаушылап келе жатқан кісінің айдалада келелі түйенің ішінен шыға келіп шабынып, жарап тұрған бура қуған кездегі кейпін суреттеген жерінде екеуі бірден демін ішіне алып тына қалады.


Жақындап қалған бураның шуда арасынан шыққан ысылына дейін сезінген кезде ауыл қарасы көрінгенімен «Қора жанынан өте бере өзім қалай секіріп түсем» деп келе жатқан адам өзін ғана емес жан серігі – атын қалай құтқарам деп қоса ойлап келе жатқанда кітаптың осы жердегі екі парағы жыртылып қалыпты. Кейінгі беттерде егесін үлкен тажалдан құтқарған жүйріктің жамбас жүндері ағарып, «Ақжамбас» атанып кеткені айтылады. Шамасы жамбас терісін бура жұлып алып, жазылған кезде жүндері ағарып шыққан болса керек.


Кітап авторы өзінің жетім өскенін, әкесімен немере туыс-ағайынының тәрбиесінде болғанын сол кездегі қоғам шындығымен астастыра суреттеп, шынайы бір толғаныспен оқырманын жылататын да, күлдіретін де тұстары өте көп болған соң, бұл кітап әкем мен шешемнің үйдегі қадірлі дүниесінің біріне айналған. Кітаптың тіл көркемдігі де, әңгімелеу мәнері де ерекше тартымды, сюжеттері де қызғылықты еді.
Сондай күндердің бірінде ауылдан екі машина келіп, пункттегі қаракөлдер мен престелген жабағы жүнді тиеп алып кетті. Олармен бірге мамандары бар, жұмысшылары бар 5-6 адам болып менің әкем де кетті.

Үлкен кісілердің айтуынша каракөлді Шымкент деген қалаға, жүнді Жамбыл деген қалаға апарып, сондағы зауыттарға өткізетін сияқты. Сол жерлерге дейін машинамен бара ма, жоқ Жосалыдан пойызға тией ме, ол арасын дәл қазір мен айта алмаймын, кезінде сұрастырған да емеспін.

Неше күн жүргенін де білмеймін, бір күні тауар өткізушілер ауылға оралды. Әкем «базарлық» деп оншақты күнге киетін көзілдірік әкепті. Әйнектері сары, жасыл, көгі де бар, әйтеуір түрлі-түсті көздің жауын алады. Ішінде біздерге арналған кішкентайлары да бар. Үйге жиналған үлкендер жағы шай мен еттің ортасында қаладан көрген-білгендерін әңгіме қылып іште дуылдасып жатыр, біз болсақ әшкилерімізді бір-бірімізден алып, кезек киіп күнге қарап далада жүрміз.

Осы жаздағы ұмытылмас оқиғалардың бірі «Рүстем-Дастан» кітабының жарық көруі болды. Орталыққа көбірек қатынап, ауылға жаңалықтарды әкелушінің бірі – Жауынтай аға!

Бір күні түсте Айқын апаға тамақ істетіп, Ес ақсақал бар, тағы 6-7 үлкен кісіні үйіне шақырған екен, әкем соған мені ерте кетті. Ауылдағы ерекшелеу көрінетін бұл үйге сырттан көз тастап, биік сырықтардың басына тартылған сымдарға қызыға көз тастағанымыз болмаса, бұл жаққа балалар көп келе бермейді. Оның өзіндік себебі де бар.

Шай ішіліп болған соң Жәкең қолына шүберекке ораған бір кітапты алып, орауын жазып жатты да:


– Мынау не кітап, білесіңдер ме? – деп, шалдарға кезек-кезек қарап алды. Сөйтті де: – Кеше Қармақшыға барғанда әкелгенім, – деп «Рүстем-Дастан» деген көлемділеу көк кітапты шығарып үлкен кісілердің алдына қойды.


– Өй, мынауың кәдімгі «Шаһнама» ғой – деп әкем отырған жерінен ысырылып Жәкеңнің қасына барып қалыпты. Жарықтық Тұрекеңнің еңбегі жанған екен! Ана жылы Мардан Тұрекеңнің кемпіріне жалынып жүріп көмулі жатқан қолжазбаларын алып кетіпті дегенді естіп едім, кітап қылып шығарған екен ғой жарықтықтық, – деп бетінде жолбарысты атпақ болып келе жатқан батырдың тұлпары арындаған калпымен жетіп келіп белінен бір-ақ басқан суреті бар көк кітапты сыйпай бастады.

Бірауық қауқылдасқан кісілердің абыр-сабыры басылған соң Жәкең кітапты баптап ашып, оқуға кірісті. Алғашқы бетінің жоғарғы бұрышындағы:


– Кейінге нені тастап кетемін деп,
Ішкенім «у» сияқты болды-ау кермек.
Қалай да қапы өтіп кетем бе –деп,
Кітабын «Шаһнаманың еттім ермек...
Доғардым тартуым деп партияға,
Аттай-ақ аң құтқармас қойған ерлеп, – деп тоқтағанда тыңдап отырғандар дуылдасып кетті.

– Әп, бәрекелде-е!

– Тұрекең кеткелі осыны жұрт домбыраға салып айтуды да қойып кетіп еді!

– Е, қайтсін! Ер еңбегі зая болды ғой!

– О, дарих десеңші, Мардан бір ерлеген екен! Қайткенмен Келдібай шалдың баласы емес пе?!

Бұл әңгімелердің неге айтылып отырғанын түсініп отырғаным жоқ, алғашқы беттегі «Зал батыр» деген жазуды көзім шалып қалған мен әрі-бері созбақтамай тезірек оқыса екен деп тықырши күтіп отырмын.

Жәкең бастап кетті.

Аңда жүрген Сам батырдың балалы болуы. Сүйінші сұрап далақтап алдынан шыққандарға атқан аңын таратып беруі, үйге келгенде тұла бойын түк басқан жас нәрестенің түрінен түңіліп, жары Мәликенің жылап-талып жатқанына қарамай: «айдалаға апарып көміп кел» деп жаңа туған шақалақты екі нөкеріне беріп жіберуі, олардың баланы өлтіруге қимай орманға тірі тастап кетуі, оны бір жолбарыстың емізіп өсіруі, қатая бастаған кезде самұрық құстың іліп әкетіп ұясында балаларымен бірге асырап адам етуі, көптеген шытырманды оқиғалардан кейін Сам батыр самұрықтың ұясындағы баласын тауып, біраз талас-тартыстардан кейін ерекше қайрат көрсеткен батырдың кім екенін білген соң, құстың баланы қайтаруы сияқты қызғылықты сюжетті көркем тілмен баяндаған дастан біткен кезде тыңдаушылар демін бір-ақ алған.

Тамақтан кейін «Залдың Рудабаға үйленуі» туралы жыр аяқталамын дегенше құмарлана тыңдағандар бесін намазының уақыты өтіп кеткенін білмей де қалған сияқты.

– Бүгін осымен бітті, – деді кітапты жауып жатқан Жәкең. – Қалғанын уақыт тауып осылай тыңдай бересіздер.


Міне, осы оқиғадан кейін ауыл адамдарының әңгімесі ала жаздай Тұрмағамбет пен оның «Шаһнамасы» туралы болып еді. Шығарманың желісі балалардың да ендігі ойынының тақырыбына айналып, сомдайтын ролдері – Рүстем, Суһраб, Жаһангір, Барзу сияқты батырлар болды.


Мына бір қызыққа қараңызшы, Тұран ойпатының тұрғындары екендігімізбен ешкімнің жұмысы жоқ, ешқайсысымыздың Апрасияб, Пәраң, Һуман болғымыз келмейді.


Сөйте тұра: «Фердоуси бұл кітапты отыз жыл бойы жазған екен, біздің Тұрмағамбет атамыз он-ақ айда аударып бітірген» – деп мақтанып қоятынымызды қайтерсің!

Айтпақшы, ұмытып барады екем, осы 1961-дің жазында қазақтың маңдайына біткен біртуар ұлы Мұхтар Әуезов деген кісінің Мәскеу қаласында ауыр науқастан қаза болуы туралы газет бетіндегі қайғылы хабар да сонау Қарақұм төскейіндегі азғантай ауыл адамдарының қабырғасын қайыстырғандай оқиға болып еді. Осы күні еске алам-ау, сол кезде жұрт жаппай кітап оқиды екен ғой! Кітап оқу арқылы, сол кездегі «Жұлдыз», «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері» сияқты журналдарды оқып, жазушының тіл шеберлігін, шығарманың көркемдік бояуын, ондағы оқиғалар желісін өмірдің кесек-кесек бөлшектеріндей сезінбеген адам жазушыны қайдан білсін. Мұхаңды қайдан танысын. Танымаса қазасына дәл солай қайғыра қояр ма еді деп ойлаймын ғой баяғы!

Шегебай ҚҰНДАҚБАЕВ
23 мамыр 2020 ж. 865 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 079

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031