» » КІТАП ҚҰНЫН КІМ БІЛЕДІ?

КІТАП ҚҰНЫН КІМ БІЛЕДІ?


Кітап – бүкіл адамзат баласына жарық нұр сыйлаған қуатты құрал. Білім де, ілім де сол кітаптың қатпарында. Ықылым заманда да кітап жоғары бағаланды. Талай шапқыншылықта жаулап алған ел жеңілген халықтың кітапханасын жоюға, сондай-ақ шежіресін құртуға мүдделі болған. Себеп, кітапқа жазылған тарих – ұрпаққа мәңгілік мұра болып қалады. Әлбетте, кітапқа ешкім тіл тигізе алмас. Десек те, бүгінде рухани байлығымыздың қадірі қашқандай?
Кітапты ертеректе классикалық, детективалық, әдеби деп бөліп қарасақ, қорқыныштысы сол қазіргі кезде оның орнына оқылатын кітап, оқылмайтын кітап деп қарайтын болдық. Оқырманды оқылатын кітаптан гөрі, оқылмайтын кітап көбірек алаңдатса керек-ті. Оқылатын кітап – түсінікті. Әдеби шығармалар. Ал, оқылмайтын кітап – ол қандай кітап?
– Кітап – рухани жаңғырудың құралы. Адам бойындағы рухани байлықтың қайнар көзі. Кітапхана мен оқырманның арасындағы алтын көпір. Кітапхана – рухани мекен. Өткен ғасырда жастар кітапты қолдан-қолға тигізбей оқыса, ХХІ ғасыр жастарының классик жазушылардың кітабынынан тәрбиелік, рухани байлықты алу жағы жеткіліксіз. Кітап жазу, оны оқырманға жеткізу – кешенді мәселе. Қазір кез келген ақшасы бар адам өзінің өмірбаянын кітап қылып шығаруда. Мейлі, шығара берсін. Бірақ жеке үй кітапханасы үшін шығарсын. Ол кітапты көпшілікке таратудың керегі жоқ. Арзанқол шығарманы кітап етіп басуға тосқауыл қойылса. Кітап шығаруда үкімет тарапынан нормативтік талаптар қойылып, сараптамаға салынса. Оқырманның жас ерекшелігіне қарай талдау­дан өтсе, – дегенді айтады мәдениет саласының үздігі Бибігүлсін Төлегенқызы.
Енді түсінген боларсыз. Расында да кітап шығарушы көп. Бірақ соны оқушы бар ма?
– Бала жастан кітап оқимын. Кезінде ауданда санаулы кітапхана болды. Әйткенмен, сол саусақпен санарлық кітапхананың кітабын тауысып оқып шықтым десем өтірік болмас. Орыс мектебінде оқыған соң негізінен орыс тіліндегі кітаптарға таңдау түсті. Кітап – адамның ойлау қабілетін арттырады. Біздің жас кезімізде теледидар болмады. Қазір оқырманның кітап оқуға деген ынтасының төмендігі – заманауи үрдіске байланысты болар. Өйткені, ақпарат көп бүгінде. Кітап оқудың құдіретін кітап оқыған адам ғана біледі. 350-беттік кітаптағы оқиғаны, кейіпкердің атын, оқиғаның желісін жадыңда сақтап тұруың керек. Сөз – ойдың сәулесі. Ойды қалыптастыратын – кітап. Сол үшін де жастарға кітап оқыңдар дегенді айтқым келеді. Жуырда қолыма бір кітап тиді. Бетін парақтап қарасам, кітап емес, құдды бір отбасылық альбом. Аты кітап болғанымен, заты кітап дегенге келмейді. Оның жартысы жанұялық суреттермен толған. Қалған беті естеліктер мен жеке адамдарға арнау өлеңдер. Мұны кітап деп қалай айтамыз. Әлде, кітап пен альбомды ажырата алмайтын деңгейге жеттік пе? – дейді кент тұрғыны Қонысбек Тұрғанов.

КІТАП ОҚУДАҒЫ ОЗЫҚ ТӘЖІРИБЕ
Интернеттің қолжетімділігі, технологияның дамуы, электронды мүмкіндік – бүгінде кітап оқуға кедергі келтіріп жүргені жасырын емес. Жастар кітап оқымайды деген де сын жиі айтылады. Алайда, бұл пікірмен келіспейтіндер де бар болып шықты арамызда. Баланы кітап оқуға баулып, санасына білім сәулесін сіңіріп жүрген ұстаздың бірі – Гүлнұр Нұрханова. Ол №185 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиет пәнінен сабақ береді. Интернетті қанша мақтағанмен, оқушының кітап оқымай ой-санасының өспейтінін жетік білетін білікті маман үстіміздегі оқу жылынан бастап өзінің озық тәжірибесін енгізді. Ұстаз мектеп кітапханашысы Ғайни Балшынова, сондай-ақ ауыл кітапханашысы Гүлнар Қыпшақбаевамен бірлесе отырып, республикалық «100 кітап» акциясы аясында өзі сабақ беретін 6-9 сынып оқушыларын жыл көлемінде 100 кітап оқуға ықпал етуде.
– 100 кітап оқуды қолға алғалы бері балалардың кітапқа деген көзқарасы түбегейлі өзгерді. Қалтафонды тастап, бірыңғай кітап оқуға ынтасы артты. Қазір 9-сынып оқушылары «Абай жолының» 2-томын оқуда. Алғашында мұқабасы жұқалау кітап оқудан бастадық. Тапсырманы оқушының шамасына, қабілетіне қарай бердім. 8-сынып – Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясын» толық оқып бітсе, 7-сынып – Қасым Қайсеновтің «Жау тылындағы бала» шығармасын аяқтады, – дейді ұстаз.
Бір айтарлығы – мұғалімнің тапсырмасын оқушы да мұнтаздай орындауда. Мысалы, қыркүйектен бас­тап 9-сынып оқушысы Бибізакия Шамшат 27 кітап оқыса, Нұрасыл Күзембаев 24 әдеби шығарманы тауысқан. 7-сынып оқушысы Айтқали Отарбаев 17, Аружан Әбдіқапбарова 19 кітапты оқып бітірген. 27 кітап оқығанның қатарында Айжұлдыз Жылқыбаева да бар. Ол жуырда аудандық «Абай оқулары» байқауының бас жүлдесін иеленіп, облысқа жолдама ұтқан. Талантты шәкірт Һакім Абайдың 110 өлеңі мен 2 поэмасын, 5 қарасөзін, сонымен қатар, Шәкәрімнің 1 поэмасын жаттап алған.
– Жаттаудың жадыға пайдасы көп. Сөйлеу, сөз саптау қабілетіне де әсері мықты. Шәкірттерім дебат, түрлі білім деңгейін саралайтын сайыстарға қатысуда белсенді. Эссе жазуда қиналмайды. Оқушыларым облыстық, республикалық, халықаралық білім жарыстарында топ жарып жүр. Осының бәрі – кітап оқығанның арқасы екенін өздері жақсы біледі, – дегенді айтады Г.Көшекқызы.
Ұстаз сынып оқушыларына дәптер арнатқан. Сол бойынша аракідік қай оқушының қандай шығарма оқып жүргенін қадағалап отырады. Екі айдан соң мектеп оқушыларының жазғы демалысы басталмақ. Соған дейін 50 кітап оқу жоспарда. Содан соң 3 ай демалыста оқушылар қалған 50-ін аяқтауы керек. Жаңа оқу жылында айтулы үрдіс қайтадан қайталанбақ.
Кітап оқуда кішкентай Дамир де аға-әпкелерінен қалыспайды. Жосалы кенті орталығындағы №183 орта мектептің 5-сыныбында білім алатын Дамир Шағалаев үздік оқушы. Ол 6 жасынан бастап халық ертегілері мен балалар әдебиетін үзбей оқиды. Озат оқушының кітапқұмарлығына ұстаздары да ризалықпен қарайды. Дамир – мектептегі «Ақжелкен» үйірмесінің белсендісі. Халық жазушысы Әбділдә Тәжібаевтың 110 жылдығына байланысты өткен сурет көрмесі, басқа да білім бәйгесінде оза шауып жүр. Жас шәкірт өз ойын жақсы жеткізе алады, сөздік қоры мол. Сурет салуда да қатарының алды, – дейді ұстаздары Дамирді мақтай сөйлеп.

ӘУЛЕТІМЕН КІТАПҚҰМАР
Кітап оқу – сүйікті іс. Әрбір де кітаптың қызығына кіріп, таңның қалай атқанын білмей қалатын кітапқұмарлар да бар. Болғанда да жеке адам емес, әулетімен. Сондай әулеттің бірі – Абдуллаевтар әулеті.
– Әпкем Арзанкүл Абдуллаева – саналы ғұмырын білім саласына арнады. Бүгінде ардагер-ұстаз. Ағам Жұмабек – мал дәрігерлік мекемесіне басшылық етіп, зейнетке шықты. Өзім – аграрлы-техникалық колледжде өндірістік оқу шеберімін. Жалпы кітап оқу – әулетіміз үшін қалыпты жағдай. Кітап десе, ішкен асымызды жерге қоямыз десек, артық болмас. Қарындасым Айжан Абдуллаева 3 жоғары оқу орнын бітірген. «Ақмешіт жастары» газетінің бас редакторы. Айнұр қарындасым – «Болашақ» университетінде магистр-оқытушы. Қызым Гүлбану – қаладағы №254 орта мектептің химия пәні мұғалімі. Кітап оқуда балам Асхат та ешкімге есе жібермейді. Кезінде мектепте оқығанда, кейін де кітапты жастана жатып оқығанбыз. Әсіресе, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ә.Нұрпейісов, Ә.Тәжібаев, М.Мақатаев, Б.Бұлқышов, Б.Момышұлының шығармасын бірнеше мәрте қолға алғанбыз. Кітап жинау – сүйікті ісім. Үй кітапханасында 200-ден аса кітап қоры бар. Мерзімді баспасөзді де көзден таса етпейміз. «Егемен Қазақстаннан» бастап, «Айқын», «Сыр бойы», «Қармақшы таңы» газеті мен өзге де журналдардың жаңалығымен күнделікті танысып отырамыз. Кітапханадан да кітап алдыртамыз, – дейді Батырбек Абдуллаев.
Кейіпкеріміздің пікірінше, отбасылық альбом тектес кітаптарда бір әулеттің, бір рудың тарихы ғана жазылады. Нақтысын айтқанда, сол әулеттің ұрпағы, бала-шағасы үшін. Ал, қазір баспа жүзін жарық көріп жүрген кітаптар тартымсыз. Ол шығармалар қанша айтқанмен, ескі тарихи, әдеби кітаптарға жетпейді.
– Осы кезде І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын қайта оқудамын. Әр оқыған сайын әртүрлі әсер береді. Қайталап оқудың да есте сақтау қабілетіне көмегі көп, – дейді ағамыз.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
«Қармақшы таңы».
03 сәуір 2019 ж. 2 171 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 092

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031